Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар "Қайрат – Реал" билеттері Ticketon сайтынан бұрын басқа шараның сілтемесінде сатылды деп күдіктенді

Фото: defensacentral.com

Күні кеше "Қайрат – Реал" матчының билеттерін сатып алғысы келген жанкүйерлер Ticketon платформасында күтпеген жағдайға тап болды. Кейбір қолданушылар сілтемеге өткенде алдымен "Фестиваль красок" шарасы көрсетіліп, кейін автоматты түрде матчқа билет алу кезегіне жіберілетінін айтады. Осы мәселе футболсүйер қауым арасында билеттердің ресми сатылымына күмән тудырып, делдалдар арқылы өтіп жатқан жоқ па деген сұрақ қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желіде baktygalyiev атты аккаунттан @ticketonkz сайтында "Фестиваль красок" шарасының билеттеріне қатысты сұрақ туындағанын айтты.

"Мен де кіріп көрдім, шамасы бұл расымен "Қайрат – Реал" матчының билеттері сияқты ғой? Сырт көзге қарағанда, билеттерді алдын ала "өз адамдарына" сатып жатқандай әсер қалдырады", – деп жазды оқырман.

23 қыркүйекте жай ғана Тicketon сайтына тіркелуге кіріп қалдым. Кездейсоқ афишасын көрдім. Әдейі жасырып қойған. Бірақ бағалары сол. Қайрат мәлімдегендей, шеткі 75 000, шығыс 150 000. Мынау тірлік болмайды.

Видеодан кадрдан ер адам осы сайтқа кіріп, билет сатып алу барысында бастапқыда билет саны көп болғанын айтады. Сайтқа қайта кіргенде билеттердің айтарлықтай азайғанын көрсетеді. Мысалы, ол өзі 18-сектордан алғысы келгенін, бірақ қайта кіргенде орын саны азайғанын атап өтті.

Фото: baktygalyiev

Тағы бір пайдаланушы aleksa_shin Safari арқылы "фестиваль красок Алматы" деп іздегенде, матч билеттерін сатып алу кезегіне өтетінін айтты. Ол мұны Тicketon постындағы жабылған пікірлерден кейін тексеріп көргенін жазды.

Бұдан бөлек оқырман zhanaievaa да "Қайрат – Реал" матчының билеттері туралы шағым жазды. Ол 17:00-де қосымшаға кіріп, 18:10-да екі билет сатып алғанын, төлем өткенін және SMS келгенін айтты. Бірақ билеттер қолына тимеген.

“Тicketon сайтына хабарластым. Оператор қыз аты-жөнімді дұрыс оқи алмайды, сұрақтарыма мардымды жауап бермеді. Ештене жасай алмаймын деп күттіріп қойды. Біраздан кейін менің рұқсатымсыз билетті кері қайтарады. Операторлар сатып алған билеттерге кері қайтарым жасап, өздері сатып отыр ма? Ешқандай жауап жоқ”, – деп шүйлікті оқырман.

Фото: zhana1ievaa-ның парақшасынан

Осы мәселеге қатысты Freedom Ticketon коммуникациялар директоры Азамат Атагелді жауап беріп, жағдайды түсіндіріп берді. Ресми өкілі "Қайраттың" Чемпиондар лигасына қатысуы – тарихи оқиға екенін және оның "Реалмен" кездесу өткізуі жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырғанын атап өтті.

Freedom Ticketon өкілінің айтуынша, компанияның басты мақсаты – билеттерді әділ әрі қолжетімді етіп ұсыну.

"Ең қызған сәтте біздің платформада бір мезетте 1 миллионнан астам қолданушы болды. Ал стадионның сыйымдылығы небәрі 20 мыңнан сәл асады. Барлық сұранысты қанағаттандыру физикалық тұрғыда мүмкін емес. Біз процестің әділдігіне басымдық бердік. "Бір ЖСН – бір билет" шектеуі және бір қолға екі билеттің артық берілмеуі – нағыз жанкүйерлерді қорғау әрі алыпсатарларға қарсы шара. Мақсатымыз – билеттерді шынайы фанаттардың қолына жеткізу", – деп жауап берді Freedom Ticketon коммуникациялар директоры.

Пайдаланушылардың "қатқан" немесе "қайта жаңарған" кезек туралы сұрақтарын түсінеміз дейді Ticketon өкілі.

"Түсіндіріп өтейін. Сатылым дәл 17:00-де басталды, жүйе штаттық режимде жұмыс істеді. Бұрын кіргендер сессияның автоматты жаңаруына тап болды. Бұл алыпсатарлардың манипуляция жасауына жол бермейтін және дүрбелеңді болдырмайтын техникалық шара еді. Сатылымның басталуы туралы ақпарат алдын ала біздің және "Қайрат" ФК-ның ресми ресурстарында жарияланды. Бүгін барлық билет сатылып кетті. Жанкүйерлерді мұқият болуға шақырамыз. Жалған сайттарға және "қолдан-қолға" ұсынылған билеттерге сенбеңіздер. Бұл – қаражаттан айырылу және стадионға кіре алмау қаупі. Freedom Ticketon – "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчының ресми билет сату платформасы", – деді Азамат Атагелді.

Сонымен қатар ол "Фестивал красок" сайтындағы мәселеге де жауап берді.

"ЖСН-дер және басқа да техникалық сәттер дұрыс жұмыс істеуі үшін тексеріс жасадық. Бұл тек техникалық сәттерді сынақтан өткізу үшін қажет болды. Дәл осы кезде, жүйемізді тестілеу барысында бірнеше адам, мүмкін бір ғана адам, кездейсоқ осы бетке кіріп, транзакция жасаған. Бірақ біз техникалық қадамдардың толық тізбегін тексеріп жатқандықтан, төлем расталды. Сөйтіп ол адам өтіп кетті, алайда ақша қайтадан сол адамдарға қайтарылды. Қазір жұрт арасында "Тикетон билеттерді өзі сатып алады екен" деген әңгіме тарап жүр. Бұл мүлде бос сөз, арандатушылық. Мұндай арандатулар бізге ақпараттық қысым жасау үшін қолданылады", – деп нақтылады Freedom Ticketon коммуникациялар директоры.

Freedom Ticketon коммуникациялар директоры мұны билеттерді қайта сатумен айналысатын делдалдар таратуы мүмкін екенін және олармен белсенді күресіп жатқанын жеткізді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 24 Қыркүйек, 2025 15:34
Талқылау