Енді алаяқтардың құрбаны болған азаматтар өз атына рәсімделген несиелерді жоя алады
Фото: pixabay.com
Қазақстандықтар, алаяқтардың құрбаны болған жағдайда, өз атына заңсыз рәсімделген несиелерді жоюға мүмкіндік алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Банктер және банк қызметі туралы заңға енгізілетін алдағы өзгерістер туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді. Оның айтуынша, несиені жоюға негіз болатын жағдайлар тізімі кеңейтілген. Енді егер ақпараттық қауіпсіздік пен алаяқтыққа қарсы жүйелердің ережелері бұзылса немесе биометриялық тексеріс тіркелмесе, мұндай несиелер сот тәртібімен немесе әкімшілік жолмен жойылуға тиіс.
"Сотқа жүгінбей-ақ, несоттық тәртіпте де жоюға болады. Егер биометрия дұрыс жүргізілмесе немесе мүлде өткізілмесе, несие алудан өз еркімен бас тарту жағдайы болса, 24 сағаттық “ойлану кезеңі” сақталмаса, не болмаса жұбайының келісімі алынбаса, мұндай абсолютті негіздер болған жағдайда несие сотсыз-ақ жойылады", – деді Мадина Әбілқасымова.
Жаңа ережелер байланыс саласына да қатысты болмақ. Себебі көптеген алаяқтар қоңырау шалу немесе мессенджерлер арқылы әрекет етеді. Ұлттық банк жанынан бірыңғай антифрод орталық құрылып жатыр. Ол барлық күмәнді қоңыраулар туралы мәліметтерді жинайды. Байланыс операторлары бұл ақпаратты бөлісіп, алаяқтардың қоңырауларын бұғаттайды.
Сондай-ақ бұған дейін алынған несиелерді реттеу мәселесі де маңызды болып қала бермек.
"Банк тек өзінің қалтасын ойлайды. Мен сондай жүйе құру туралы түзету енгіздім, ол жерде банк емес, жасанды интеллект түсіністік танытып, шынымен бұл қарыз алушыға жеңілдік керек екенін айтып, сіздің несиеңізді еш қиындықсыз төлеуге мүмкіндік беретін жаңа төлем кестесін ұсынады", – деді депутат Анас Баққожаев.
Мемлекет басшысы өз жолдауында бұл заңды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырған еді.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
