Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дұрыс бөлшектемей, шикі күйінде жеу өте қауіпті": Ақбөкен етін тұтыну қаншалықты қауіпсіз

Киік еті

Фото: Рexels.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда ақбөкен етінің келісі 1600 теңгеден сатылады деп бекітті. Алайда жабайы жануардың қай жерде қоректеніп, қандай ауруы барын білмейтін халық үшін ақбөкен етін тұтыну қаншалықты қауіпсіз? Медицина ғылымдарының докторы, Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Ақкүміс Берікқызы киік етінің қандай жағдайда қауіпті екенін және ауру жұқтырмас үшін киік етін қалай таңдау керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақкүміс Берікқызының айтуыша, жабайы табиғаттағы жануарлар паразиттер мен қауіпті микроағзалардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Егер ет ветеринарлық-санитарлық бақылаудан өтпесе, адам денсаулығына қауіп төндіреді.

“Алайда Қазақ тағамтану академиясының зертханалық сараптамалары көрсеткендей, барлық санитарлық талаптар орындалған жағдайда сайғақ еті адамға қауіпсіз болуы мүмкін. Ең маңыздысы – етті дайындау барысындағы бақылау мен зертханалық тексерістің болуы. Киік етін жеуге тек ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткен соң ғана рұқсат етіледі. Қазақ тағамтану академиясының аккредиттелген зертханасында тексерілген киік еті Еуразиялық экономикалық одақтың Техникалық регламенттері ТР ТС 021/2011 және ТР ТС 034/2013 талаптарына сай деп танылды. Яғни, мұндай ет ресми түрде тексеріліп, құжатталған жағдайда тұтынуға болады”, – дейді медицина ғылымдарының докторы.

Ет қауіпсіз екенін тексеру үшін мынадай зерттеулер жүргізіледі:

  1. Органолептикалық бағалау (иіс, түс, құрылымы);

  2. Микробиологиялық тексеру: патогенді және шартты-патогенді микроағзалар (сальмонелла, листерия, ішек таяқшасы, басқа бактериялар);

  3. Антибиотик қалдықтарын анықтау;

  4. Ауыр металдар (қорғасын, кадмий, сынап, мышьяк), пестицидтер және токсиндерге сараптама;

  5. Паразитологиялық зерттеулер (гельминттер мен қарапайымдыларға тексеру).

Барлық көрсеткіштер бойынша теріс нәтиже болған жағдайда ғана ет қауіпсіз деп танылады.

“Паразитологиялық зерттеулер ақбөкендерде анықталған паразиттік құрттардың адамға жұғу қаупі жоқ екенін көрсетті. Көп жағдайда олар ішекте кездесетін және адамға берілмейтін паразиттер. Атап айтқанда, Eimeria тектес кокцидиялар. Бруцеллез жұқтыру қаупі де өте төмен – ет арқылы жұғу жағдайлары тіркелмеген. Ең үлкен қауіп – етті дұрыс бөлшектемеу немесе шикі күйінде тұтыну кезінде туындайды”, – дейді Ақкүміс Берікқызы.

Тұтынушы қауіпсіз етті қалай ажырата алады немесе қауіпсіз еттің белгілері:

  1. Ветеринарлық мөрі немесе ресми құжаты (ветеринарлық анықтама немесе зертханалық талдау нәтижесі) болуы керек;

  2. Табиғи, бұзылмаған иісі болуы тиіс (қышқыл не шірік иісі болмауы қажет);

  3. Құрылымы тығыз әрі серпімді, түсі біркелкі (сайғақ етінің түсі – қоюлау, өзіндік реңкімен);

  4. Суықта сақталуы керек (тоңазытқышта +4 °C-тан жоғары емес температурада).

Құжатсыз, әсіресе жазда “қолдан” сатып алынған ет адамның денсаулығына үлкен зиян келтіруі ықтимал. Сатушы ветеринарлық куәлік не зертханалық талдау құжатын көрсетуі тиіс.

Ақкүміс Берікқызының айтуынша, қайнату, бұқтыру, автоклавтау сияқты термиялық өңдеу әдістері етті зарарсыздандырады. 

“Қайнатар болсаңыз, етті 100 °C температурада кемінде 90 минут ұстау керек. Қуырсаңыз, еттің ішінде қызыл шырыны қалмауы керек. Осылайша, етті толық қуырасыз. Пісіргенде кемінде 1,5 сағат, 180 °C жоғары температурада ұстайсыз, бұқтырсаңыз жабық ыдыста кемінде 1,5 сағат пісіресіз. Автоклавтау — консервілеу кезінде тиісті қысым мен температураны сақтау. Етті микротолқынды пеш, кептіру, қақтау, тұздау – етті толық зарарсыздандыра алмайды”, – деп ескертті Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті.

Еске салайық, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөкендерден адамға немесе басқа малдарға жұғуы мүмкін өте қауіпті аурулардың (мысалы: күйіс қайыратын оба, аусыл, бруцеллёз, пастереллёз, сібір жарасы және т.б.) таралуының алдын алу үшін, Ұлттық ветеринария орталығы ақбөкендерді үнемі тексеріп отыратынын мәлімдеген еді. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 31 Шілде, 2025 16:06
Талқылау
`