"Бірге көтеріліп алған соң, мүлік пен кәсіптерін жақындарының атына жаздырған": Jet powerbank басшысы экс-әйелі мен баласын ештеңесіз қалдырды деп айыпталды
Фото: Айгерім Оташованың жеке парақшасы/ JET компаниясының баспасөз қызметі
Қазақстандық әйел ерекше қажеттілігі бар баламен дымсыз қалғанын айтады. Айтуынша, ол жұбайымен бірге кәсіп ашып, ерлі-зайыпты бірге көтерілген. Алайда бірнеше жылдан кейін ер адам басқа адаммен көңіл жарастырып, кәсіптері мен мүлкін әйелінен тартып алған көрінеді. Енді Айгерім Оташова әділдік орнап, ұлы мен өзіне тиесілі нәрселер берілгенін қалайды. Ол тілшімізге жағдайды баяндап берді.
Айгерім Оташова экс-күйеуі Олжас Оташовпен 2016 жылы отау құрған. Үйленген кезде екеуі де қарапайым банк қызметкерлері болыпты. 8 жыл некеде жұп бірге дамып, үш компания, екі ЖШС-ны дамытып үлгерген. Соның ішінде қазір көпке белгілі Jet powerbank бар.
“Бұл бизнестердің жұмысын екеуміз теңдей атқардық. Алайда 2022 жылы мен декреттік демалысқа шыққандықтан, құжат мәселелерімен ол көбірек айналысты. Десе де ортақ кәсіп болғандықтан, мен де атсалысып жүрдім”, -деді әйел.
Ұлы 1,5 жасқа толғанда, оған аутизм диагнозы қойылыпты. Енді ана баласының еміне, оңалтуына көбірек көңіл бөліп, түзету орталықтарына апарып жүрген екен.
“Кейін ол көлікті, мүліктерді, кәсіпті басқалардың атына жаздыра бастады. 2024 жылы ақпанда маған “кәсібімізді кеңейтейік” деген ұсыныс айтады. Әрине, мен қолдадым. Осылайша “пәтерді кепілге қойып, несие алайық” дейді. Келісімімді бердім. Ажырасамыз, екіге кетеміз деген ой да болған жоқ, себебі баламыздың жағдайы осындай. Бірақ үй кепілдікке қойылғаннан екі күннен соң, ол ажырасуға өтініш берді”, – деді Айгерім.
Сөзінше, ажырасқаннан кейін ер адам басқа әйелмен некелесіп, бөпелі болған. Ал үш айдан кейін Айгерім мен ұлы өзінің ештеңесіз қалғанын түсінген. Аида қазір банк кепілге алған пәтерде тұрып жатыр. Олжас Оташов қарызды жаппаса, үйді банк тәркілей алады.
“Тіпті астымдағы көлікті досының інісінің атына аударып қойған. Тек Jet powerbank-ты ортақ мүлік деп көрсетті, сот соны 50/50 етіп бөліп берді. 2024 жылы оның салық шегерімі 62 миллион теңге болды, ақша айналымы өте үлкен екенін көруге болады. Соған қарамастан ұлым екеуміздің ондағы үлесіміз 3 миллион теңге ғана болып шықты. Сотқа компанияның құнын өте аз етіп көрсетті. Басынан бастап барлық қиындықты енді өткердік, блогерлерге жарнама жасасын деп миллиондаған ақша төледік, дамыттық. Соның рахатын көретін кезде осылай сатып кетті. Ресми түрде дымсыз қалдық. Барлығын жақындарына, жақында қосылған қызға аударып берді”, – деді келіншек.
Оташова ұлының ерекше қажеттілігі бар екенін, оның түзетуіне, еміне кететін шығындар өте үлкен екенін атап өтті. Ол Олжас Оташовтың қазір бала тәрбиесіне мүлдем араласпайтынын, тіпті алимент төлегісі келмейтінін айтты. Оның үстіне экс-күйеуінен қысым көріп жатқан көрінеді.
“Үйден қуып шығып, көлігімді тартып аламын деп қорқытады. Бір-екі рет келіп шу шығарғандықтан, полиция шақыруға мәжбүр болдым”, – деді ол.
7 айдан бері бұрынғы ерлі-зайыпты арасында сот жалғасып жатыр. Енді ол әділдікті сұрайды.
Stan.kz тілшісі жағдайға қатысты Олжас Оташовтың адвокатынан да пікір сұрады. Алайда ол тарап жауап бермеді.
Компанияның қалта қуаттағышы бірнеше сауда орындары мен фитнес-залдар, клубтар мен мейрамханаларда орналасқан. Forbes мәліметінше, Jet powerbank 2024 жылы ашылғаннан бастап үш айда жаңа сегменттің көшбасшысына айналып, қуаттағыштарды жалға алуға болатын станциялардың саны 3000-ға жетті. JET мәліметінше, шамамен 1000 зарядтау станциясы бар.
Бірінші айда Алматыда 1000, Астанада 300 станция орнатылды, Ақтау, Қарағанды және Павлодарда франшиза бойынша станциялар іске қосылды. Қазір барлық дерлік қалада франшизасы бар.
Бір айда пайдаланушылар шамамен 100 000 қуаттағышты жалға алады екен.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
