Сотта куәгер Перизат Қайраттың қор қаражатын қалай қолма-қол ақшаға айналдырғанын айтып берді
Фото: Перизат Қайрат әлеуметтік желіден
Астанада өтіп жатқан сот отырысында куәгер Әділхан Мусин Перизат Қайратпен қалай жұмыс істегенін баяндады. Сонымен қатар ол су тасқынынан зардап шеккендерге қазақстандықтар жіберген қаражаттың қалай қолма-қолға қал ақшаға айыр басталғаны туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әділхан Мусин Перизат Қайратты 2014 жылдан бастап білетінін, онымен жұбайы арқылы танысқанын жеткізді. Айтуынша, әлеуметтік желіден қордың қызметін қадағаламаған. Бірақ Перизатпен әңгімелескен соң қордың пандемиядан кейін құрылғанын және қайырымдылықпен айналысқанын білген.
"Қайырымдылық бағытында кейде сөйлесіп тұратынбыз, пікір алмасатынбыз", – деді Мусин.
Газа секторы мен Қазақстандағы су тасқыны
Куәгердің айтуынша, 2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың басында Газа секторындағы жағдай талқыланған.
"2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың басында Газа секторындағы дағдарыс талқыланды. Сол кезде Рамазан айы жақындап қалған, сондықтан сол аймақ тұрғындарына арналған қайырымдылық акциясын ұйымдастыру туралы ой болды", – деді ол.
Алайда кейін бұл тақырып жабылып, іске аспаған.
2024 жылдың көктемінде Қазақстанда су тасқыны орын алған кезде, Перизат Қайрат жиі жол жүріп, байланысқа шықпай кеткен. Мусиннің айтуынша, оның әпкесі Перизаттың Қытай шекарасынан зардап шеккендерге арналған тауарларды алуы керек екенін айтқан.
"Перизат маған киіз үй, био-дәретхана сияқты тауарлар шұғыл керек екенін айтты. Жеткізу мәселесі ғана шешілмеген еді", – деп қосты ол.
Қаражатты қалай қолма-қол ақшаға айналдырды
Перизат Қайрат Мусинге қытайлық кәсіпкерлер тек қолма-қол есеп айырысуға келісетінін, аударым қабылдамайтынын айтқан. Осыған байланысты Мусин тауар жеткізуге көмектесетін адамдарды іздеуді ұсынған.
"Мен көмек бере алатын таныстарым бар екенін айттым. Кәсіпкерлер Азамат пен Асланды байланыстырдым", — деді куәгер.
Олар өз кезегінде басқа адамдарды тартқан. Барлық мәміле заңды түрде жасалуы керек болған. Бұл талапты Перизат Қайраттың өзі де қойған екен.
"Мен заңгер емеспін, бірақ барлық тауар мен қызмет заңды жолмен рәсімделуі керек деп есептеймін. Бірақ уақыт тығыз болғандықтан, Перизат ұсынған жоспарға сәйкес әрекет еттік. Қолма-қол ақша қажет болды. Біз сендік", — деді Мусин.
Мусиннің айтуынша, келісімдер бастапқыда ауызша жасалған. Құжаттар кейінірек рәсімделген. Қаражат жеке кәсіпкерлердің есепшотына түскеннен кейін, олар банктен ақша шешіп, Мусинге берген.
"Кәсіпкерлер банкке өтінім беріп, қаражатты шешіп алды. Содан кейін ақшаны маған өткізді", – деді ол.
Бұл куәгерлік сот процесінде қайырымдылық қаражатының айналым схемасына қатысты маңызды деректердің біріне айналды.

"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
