Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Далада шатыр тігіп, ұйықтаған": Германиялық саяхатшы қызға Түркістанда азғындық жасамақ болған

Түркістанға саяхаттап келген қызФото: instagram.com/journeyious

Желіде Германиядан Қазақстанға саяхаттап келген Валерия есімді қыздың оқиғасы қызу талқыланып жатыр. Ол былтыр Түркістан облысына саяхаттап келгенде алымсақтыққа тап болған. Қыздың оқиғасымен танысқан қазақстандықтар саяхатшыдан елімізде болған жағдай үшін кешірім сұрап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Саяхатшы қыз Youtube-тегі арнасына Түркістан облысында болған жағдайды баяндап видео жариялаған. Бұл жағдай екі жыл бұрын жазда болған. Валерия Арыстан баб кесенесін, Отырартөбені аралап көру үшін Түркістаннан кешкілік жолға шығады. Діттеген жеріне түнге қарай жеткен қыз Арыстан баб кесенесіне жақын маңда далаға шатыр тігіп, сонда түнемек болады.

Жайғасып болып ұйқыға кеткен қыз бір сағаттан кейін сырттағы дыбыстан оянып кетеді. Сыртқа шығып, жақын маңда жайылып жүрген жылқыларды тамашалап тұрғанда бір көлік келе жатқанын байқайды. Көліктегі адамдар сол маңда жайылып жүрген жылқылардың иесі болып шығады. Қыздың айтуынша, ерлі-зайыпты далада тігіліп тұрған шатырды көріп, жөнін білуге келген. Олар Google аудармашы арқылы сөйлесіп, қыздың аты-жөнін, қайдан келгенін, тұрмыс құрған-құрмағанын сұрайды.

"Олар акцентпен сөйлегендіктен кейбір нәрселерді түсінбедім. Сол үшін менің телефонымды кезек-кезек пайдаландық. Бір кезде ол (ер адам – ред.) фотоларға өтіп, менің барлық суретімді ақтарып көре бастады. Ол менің қайда барғаныма, мұнда не істеп жүргеніме, неге қонақүйге түнемегеніме қызығушылық танытып, ата-анамды, тұрмысқа шыққан-шықпағанымды сұрады. Олар менің WhatsApp нөмірімді алғысы келді", – дейді саяхатшы қыз. Ол қандай да бір жағдайға тап болып қалса, көмегі тиіп қалар деген оймен нөмірін берген.

Ерлі-зайыпты кетіп қалған соң 5 минуттан соң қайта оралып, қыздың Instagram мен Youtube-тегі аккаунтын сұрап алады.

Қыз түнгі үш шамасында бөгде дыбыстан қайта оянып кетеді. Шатыр сыртында біреу бірдеңе дегендей болады. Қыздың сөзінше, сол кезде ер адам қыздың шатырына әйелінсіз жалғыз келеді де қызға қол жүгіртпек болады.

"Сенер-сенбесімді білмей отырмын. Мен әлгі адамды жаңа ғана жүзі жылы адам екен деп едім. Қатты қателесіппін. Шатырдың есігін ашқанда, әлгі адам бетіме таяп келіп, сүймек болды. Шырт ұйқыдан оянғандықтан не жағдай болып жатқанын түсінбедім. Ол шатырдың ішіне кірмек болды. "Жоқ" деп анық айтып тұрсам да, ол түсінбеді де, түсінгісі де келмеді. Ол ішке кірмек болды. Мен оны итеріп жібердім. Ол телефонымды сұрап, аудармашымен сөйлеспек болды. Мен кет деп қудым. Ол әйтеуір кетті", – деп баяндаған қыз сол түнгі жайтты.

Қыз ешқашан мұндай жағдайға тап боламын деп ойламағанын, бұл жайттан өмірлік сабақ алғанын айтады.

"Менің саяхаттау тәсілім – жолда көлік тоқтату, жабайы табиғатта түнеу, жергілікті тұрғындардың үйінде қону қауіпті екенін жақсы білемін. Дегенмен шынайы саяхаттың дәмін сезіну үшін осы тәуекелге саналы түрде барамын. Бұл жолғы жағымсыз жайт та мені сүйікті ісімнен бас тартқыза алмайды. Бірақ осы жайттан кейін мынаны ұқтым: кейбір жағдайларда белгісіз адамға бәрін ашық айтып бермей, шекара сақтау әлдеқайда дұрыс екен", – деп жазды саяхатшы қыз.

"Айтарға сөзім жоқ. Біздің еліміз, еліміздегі адамдар туралы мұндай видео көру жағымсыз әрі мұңға батырады екен. Абай болыңыз", "Қазақ ретінде сізден кешірім сұраймын. Ол ауру... жиіркенішті ... және оның "шытырман оқиғалары" туралы әйелі білуі керек". "Осындай видеодан еліңді көру қандай масқара! Қызға жаным ашиды, аман-есен болсын". "Қымбаттым, Қазақстанда осындай жағдайға тап болғаныңыз өте өкінішті. Маған сеніңіз, біз мұны айыптаймыз және бұл адам өз әрекеті үшін заңды түрде жазалануы керек", – деп желіде қазақстандықтар қыздан кешірім сұрап, қолдау білдірген.

STAN.KZ
Бейсенбі, 03 Шілде, 2025 15:32
Талқылау