Елімізде жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталды: Ғылым министрлігі шекті балдарды жариялады
Фото: freepik.com
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына еліміздің жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталғанын мәлімдеп, шекті балдарды жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылғы 13-20 шілде аралығында талапкерлерден білім беру гранттары конкурсына, сондай-ақ ақылы негізде оқуға өтініштер қабылданады. Министрлік өкілдері құжаттарды egov.kz порталы арқылы онлайн немесе университеттер жанындағы қабылдау орталықтары арқылы тапсыруға болатынын ескертті.
Білім беру гранттары конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша келесі мынандай балдар белгіленген:
- "Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
- "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" бағыты бойынша – кемінде 70 балл;
- Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
- Басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл;
- Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне түсу үшін – кемінде 50 балл.
"Жоғары оқу орындары білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға қабылдау үшін өз шекті балын өздері белгілеуге құқылы", – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, "Цифрлық университет" қағидатын іске асыру аясында үдерістердің басым бөлігі автоматтандырылған, бұл конкурстық іріктеудің ашықтығын арттырады.
"Цифрлық экономикаға кадрлар даярлау аясында сұранысқа ие техникалық және IT бағыттар бойынша қосымша гранттар бөлінді. Ауыл мектептерінің түлектері үшін квоталар қарастырылған. Әлеуметтік осал топтарға жататын талапкерлерді қолдау мемлекет пен мақсатты гранттар шеңберіндегі квоталар арқылы іске асырылады", – делінген хабарламада.
Министрлік талапкерлерді электронды сервистерді белсенді пайдалануға, сондай-ақ қабылдау ережелерімен, қажет құжаттар тізімімен және құжат тапсыру мерзімдерімен мұқият танысуға шақырады.
Толығырақ ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайттарынан білуге болады.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
