Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияның Измир қаласы маңында орман өртеніп жатыр: Жүздеген адам эвакуацияланып, әуежай уақытша жабылды

Түркиядағы орман өртіФото: yeniasir.com.tr

Түркиядағы ауқымды орман өрті Измир қаласының шеткі аумақтарына таралып, билікті 455 отбасын эвакуациялауға, Аднан Мендерес атындағы халықаралық әуежайды уақытша жабуға мәжбүр етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өрт Газиемир ауданында басталып, орман алқабына тарап, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымға зор қауіп төндірді.

Өртпен күреске 600-ден астам адам жұмылдырылып, 8 ұшақ, 16 тікұшақ, 60-қа жуық арнайы техника мен қосымша құралдар тартылған. Олардың қатарында өрт сөндірушілер, азаматтық қорғаныс қызметкерлері және жергілікті еріктілер бар.

Қалың түтін мен өрттің көлік аймағына жақындауына байланысты Измир әуежайында әуерейстерін қабылдау және ұшыру уақытша тоқтатылды. Бірқатар рейс көршілес қалаларға бағытталды. Әуежай жұмысы жағдай тұрақталған соң қайта жанданады деп күтілуде.

Құқық қорғау органдары өртті қасақана тұтатты деген күдікпен үш адамды ұстап, бөлімшеге жеткізген. Қазір тергеу жүріп жатыр, әзірге олардың аты-жөндері жарияланған жоқ. Билік тұрғындарды сақ болуға шақырып отыр.

Түркияда, әсіресе, аптап ыстық пен құрғақ жазда орман өрттері жиілеп барады. Билік өртпен күресуді жалғастыруда және тілсіз жау басқа аумақтарға таралмау үшін қоғамдық ынтымақтастық маңызды екенін атап өтеді. Жақын маңдағы тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және ресми хабарламаларға ден қою ұсынылып отыр.

STAN.KZ
Сейсенбі, 01 Шілде, 2025 09:57
Талқылау