Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мақсатыма жету үшін екі жұмыс істеп жүргем": 1 миллион теңге шайпұл алған қазақстандық даяшы көз жасына ерік берді

Фото: Желі кадрларынан скрин

Желіде 1 миллион теңге шайпұл алған даяшының видеосы көпшілікті таңғалдыры. Алматыда оқитын 18 жастағы студент мұндай ғажайыпқа мүлде сенбеген. Айтуынша, шетелде жұмыс істеу бағдарламасына ақша жинау үшін екі жерде жұмыс істеп ақша жинауды жоспарлаған. Ару қуанышты оқиғаның қалай болғанын Stan.kz тілшісіне баяндап берді. 

Шымкент қаласының тумасы Адэма Асқарова ҚазБСҚА университетінде 2-курсты бітірген. Бұл шайханаға жұмысқа тұрғанына көп болмаған. 

“Шайханада жұмыс істегеніме бір айға да жетпеді. Негізі Алматы қаласы бойынша тур компанияларда гид болып жұмыс істеймін. 

Бұл оқиға кеше сағат 3-4 терге қарай болды. Шайханаға мен танымайтын бір кісілер келді. Кәдімгідей басқа қонақтарға қалай қызмет көрсетсем, оларға да дәл солай қызмет еттім. Алты адамдай келіп, төртеуі бөлек столға, екеуі бөлек столға отырды. Не үшін бөлек отырғандарын сұрағанымда. “Бөлек әңгімеміз бар еді” деді. “Жарайды” деп ештеңе демедім, жай ғана шайханамыздың ережелерімен қызмет көрсеттім. Олар ондай көп тамақ алмады. Жай ғана жеңіл тағамдарға тапсырыс берді. Сөйтіп кейін шот сұрап, QR-мен төледі. Өз тірлігіммен айналысып жүргенде есімімді атап шақырып алды. Сосын мейрамхана туралы пікір қалдырып видео түсіріп жатқандарын, менің де кадрға түсуімді сұрады. Қарсы болмадым”, – деп баяндады ол.

Бойжеткеннің айтуынша, басында ол кісілер видеода шайхана туралы, тағамдардың дәмді екені туралы айтқан.

“Бір кезде менен “өміріңізде алған ең көп шайпұлыңыз қанша болды?” деп сұрады. Мен 15 мың теңге дедім. “Онда мынау біздің сізге сыйлығымыз деп 1 миллион теңге шайпұл берді. Басында сенбедім, өтірік ақша немесе бұлар маған әзілдеп тұрған шығар деп ойладым. Сосын бүкіл қонақтар мен өзге де даяшылар қарамас үшін астыңғы қабатқа барып санадым. 20 мың теңгеден 50 дана екен. Сосын 10 минутқа банкоматқа сұранып, жоғалып қалмас үшін бірден шотыма салып алдым. Әрине, әкімшілік бәрі бұл жайт туралы білді. Жанымда жұмыс істеген даяшылар сәл ренжулі болды. Бәріміз бірге жұмыс істегесін сәл іштей қызыға да қызғана да қарады. Ал әкімшілік қызметкерлер қатты таңғалды”, – деп қосты ол.  

Адэма Асқарова 1 миллион теңге шәпұл алған даяшыФото: Адэма Асқарованың жеке архивінен

Ару кейін ата-анама хабарласып айтқанын алға тартты. Айтуынша, ол осы жазда көбірек ақша жинауды жоспарлапты. Тілегені алдынан шыққандай болыпты. 

“Негізі жаздың басында “Work and travel” бағдарламасына ақша жинаймын деп өзіме мақсат қойғанмын. 2-курс бітіргендіктер осы бағдарламамен шетелге баруға 1-ақ жыл уақытым қалды. Сол себепті осы жазда екі жұмыс болса да, 2 миллион теңге ақша жинап, “Work and travel” бағдарламасына тапсырғым келген. Мына жағдай тілегімді қабыл еткендей болды. Алға деген ерік жігерім пайда болды. Өзіме инвестиция жасаймын.

Негізінде мұндай жағдайларға ешқашан сенбейтінмін. Қойылым деп ойлайтынмын. Бірақ міне, менің өмірімде осындай жағдай алғаш рет болып тұр. Одан бөлек, наурыз айында ораза кезінде 300 мың теңге тұратын телефонымды ұрлап кеткен. Сол кезде садақа деп қоя салғанмын. Сосын екі ай бойы басқа телефонға ақша жинап жаңасын алдым. Сол 300 мың теңгелік садақа 3 есе болып оралды”, – деп қорытты ол.  

@adeamq

Алла разы болсын ❤️

♬ original sound - 𝕬𝕵
Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 30 Маусым, 2025 17:24
Талқылау