"Ол менен кек алғысы келді": Тұрсен Алагөзов экс-жұбайына қатысты өз ойын бөлісті
Фото: Видеодан скриншот
Кәсіпкер Тұрсен Алагөзов бұрынғы әйелі Ляйсира Маратқа қатысты өз ойын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Меценат осыдан 7-8 жыл бұрынғы атышулы ажырасу процесінің қалай өткенін блогер Айсәуле Бақытбекке айтып берді.
“46 жасымда 27 жыл бірге өмір сүрген балаларымның анасынан ажырастым. Қазір біраз уақыт өтіп кетті. Мен оған бұрынғыдай қамқор болып, сүйіспеншілік танытпайтынымды сездім. Дүние-мүліктерді бөліске салып, ажырасу процесін бастадық. Қызым Аминка біздің арамызда делдал болды. Біз компанияның жартысын алып, қалғанын толық береміз деп келістік. Бұрынғы әйелімнің мамандығы – заңгер. Менікі – инженер. Алғаш рет ажырасу процесін бастан өткердік. Мұндай істе тәжірибем жоқ еді. Ол маған: "Үлестің 50 пайызын бересің" деді. Менің түсінігім бойынша, ажырасудың бір бөлігі ретінде компанияның жартысын бердім. Сосын ол: "Сен өзіңдікін бердің, енді маған қалған 50 пайызын заңды түрде бер" деді. Менен осылай кек алмақ болды. Сол кезде тек киім-кешегімді жинап, басқа пәтерге кетіп қалдым”, – деп еске алады Galanz Bottlers иесі.
Еске салайық, кәсіпкердің бұрынғы әйелі 100 пәтер сыйлағанына қатысты пікір білдірген еді.
“Нағыз қайырымдылық – ешқандай пайда көздемей, шын ниетпен жасалатын көмек. Онда қайырымдылық жасаушы әдетте аты-жөнін көрсетпейді, жарнамаламайды. Ал бұл жолғы 2 миллиард теңге – науқан алдындағы өнімнің танымалдылығын арттыруға арналған маркетинг бюджетінің жартысына тең. Шай сатылуы керек, қоймада қалып қоймауы тиіс. Екінші жағынан, бұл – адамның имиджін көтерудің бір жолы”, – дейді Ляйсира Марат.