"Иран атысты тоқтату режимін бұзды": Израиль әуе шабуылы жасалғанын мәлімдеді
Фото: Report.ua
Израиль Иранның атысты тоқтату режимін бұзып, тағы зымыран ұшырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Израильдің әуе қорғаныс жүйелері Ираннан ұшқан зымырандардың жолын кесу үшін жұмыс істеп жатыр. Елдің солтүстігіндегі тұрғындарға әуе шабуылының сиренасы естілгендіктен, бомбадан қорғану орындарына бару сұралды.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иранның бітім режимін бұзғанын мәлімдеп, әскерилерге Тегеранға жаңа соққылар беруді тапсырды.
"Мен Израиль қорғаныс армиясына Иранның бітім режимін бұзғанына жауап ретінде Тегеран орталығындағы режим нысандарына қуатты соққы беруді тапсырдым", — деді Кац.
Иран өз кезегінде бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
"Атысты тоқтатқаннан кейін Ираннан оккупацияланған территорияларға зымыран ұшырылған жоқ. Бұл туралы ақпарат шындыққа сай келмейді", – делінген Иран хабарламасында.
Айта кетсек, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран толық атысты тоқтату туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Бұл келісім бірнеше сағат ішінде күшіне еніп, 12 күнге созылған соғысты тоқтатуға тиіс.
Осыдан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израильдің Иранмен атысты тоқтату режиміне келісім бергенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ бұған дейін Иран атысты тоқтату режимі күшіне енгенін хабарлаған.
Айта кетсек, сенбі күні АҚШ Израиль мен Иран арасындағы қақтығысқа араласып, Иранның ядролық нысандарына соққы жасаған. Шабуыл жасалған нысандар қатарында Фордо, Натанзу мен Исфахан бар. Толыққанды соққы басты нысан – Фордоға жасалған. Ал кейіннен Иран парламенті стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазын жабу туралы шешімді мақұлдаған. Дегенмен бұл шешімнің күшіне енуі үшін Ислам Республикасының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы кеңесінің бекітуі қажет. Ормуз бұғазы арқылы әлемде тұтынылатын мұнай мен газдың шамамен бестен бірі тасымалданады.

"8 жасар балам "гей" боламын деді": Қазақстандық блогерді ұлының тосыннан айтқан әңгімесі таңғалдырған (видео)
