Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаңа мерекелік демалыс күні пайда болады: Еңбек министрлігі ұсынысты қолдады

Фото: freepik.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі депутат Кенжегүл Сейтжанның 1 маусым – Балаларды қорғау күніне мемлекеттік мереке мәртебесін беру туралы ұсынысын қарады. Енді Қазақстанда жаңа мемлекеттік мереке мен демалыс күні пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат демалыс күндеріне қатысты жаңа ережелер енгізіп, демалыс күндерін ауыстыру кестесін екі жыл бұрын бекітіп отыру қажет екенін ұсынды. Мысалы, биылдың өзінде 2027 жылдың соңына дейінгі демалыс күндерін ауыстыру кестесін бекітуге болар еді. Депутаттың пікірінше, бұл бизнеске ұзақмерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді. Ал азаматтар демалыс пен отбасылық шараларын алдын ала жоспарлай алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі депутаттың демалыс күндерін ауыстыру кестесін екі жыл бұрын бекіту туралы ұсынысын қолдамады.

"Демалыс күндерін ауыстыру алдағы күнтізбелік жылға алдын ала жүзеге асырылады. Бұл ретте жұмыс және мереке күндерінің сәйкестігі, сондай-ақ елдегі экономикалық, саяси немесе санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар ескеріледі және әр кезеңде жеке айқындалады. Осыған байланысты, демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстырудың қолданыстағы тәртібі ең оңтайлы деп санаймыз", – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың қолы қойылған ресми жауапта.



Ал 1 маусымға мемлекеттік мереке мәртебесін беру ұсынысын министрлік қолдады.

"Аталған мереке ата-аналар мен балаларға бірге уақыт өткізуге, мәдени, тәрбиелік және қоғамдық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл балада отбасының жанында болу арқылы жағымды психоэмоциялық күй мен қауіпсіздік сезімін қалыптастырады. Жоғарыда айтылғандарды және елімізде отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайту мақсаттарын ескере отырып, 1 маусымды Балаларды қорғау күні ретінде мемлекеттік мереке етіп бекітуге болады деп санаймыз", – деп мәлімдеді министрлік.

Еске салсақ, Қазақстанда 1 маусым – Балалар қорғау күнін демалыс күні ету ұсынылғаны туралы хабарлаған едік. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 19 Маусым, 2025 15:24
Талқылау