Қостанай облысында шенділер қызметтік автокөліктерді жеке шаруаларына пайдаланған
Фото: pixabay.com
Қостанай облысының ветеринария басқармасына қарасты ұйымдарда шенділер қызметтік автокөліктерді мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. Кешкі уақытта, демалыс, мерекелік күндері пайдаланғандары туралы 40 факт тіркелген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл құқық бұзушылықтар Қостанай облысындағы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті жүргізген мониторинг барысында анықталды. Тексеру нәтижелеріне сәйкес, көлік құралдары жүйелі түрде жеке мақсатта кешкі уақытта, сондай-ақ демалыс және мерекелік күндері пайдаланылған. Мұндай жағдайлар облыстың бірнеше ауданында байқалған.
“Анықталған фактілерге байланысты Қарабалық және Қостанай аудандарының ветеринарлық станцияларының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алтынсарин және Мендіқара аудандарының станция жүргізушілеріне де шаралар қолданылды.
Қалған ұйым басшыларын мемлекеттік мүлікті мақсатсыз пайдалануға болмайтыны туралы ресми ескертулер берілді. Агенттіктегілер атап өткендей, мұндай әрекеттер заң мен қызметтік этика принциптерінің ашық бұзылуы”, – делінген хабарламада.

"Әрбір төртінші адам оңалып шығады": Қазақстанда есірткіге тәуелді адамдарды емдеу қалай жүргізіледі
