Тегін 10 соттық жер: Алматы облысындағы саяжайлар кезекте тұрғандарға таратылмақ
Фото: shutterstock.com
Алматы облысында алдағы уақытта тегін 10 соттық жер теліміне кезек айтарлықтай қысқарады. Кезекте тұрған азаматтарға жер бұрынғы саяжай учаскелерінің орнынан беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл облыстың елді мекендеріне 23 саяжай алаңын қосу жоспарланып отыр. Енді олар ресми түрде қалалар, ауылдар мен елді мекендер аумағына кіреді.
Одан кейін бақша учаскелерінің нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысына ауыстырылады. Сосын кезекте тұрғандарға жер телімдері беріледі.
“Қазір саяжай учаскелерінің тізімдері нақтыланып жатыр екен. Тізім кейінірек жарияланады. Саяжай алқаптарының жалпы ауданы 123 гектар болады, яғни, 10 гектардан астам 1000 учаске. Жер учаскелері инженерлік желілер мен жолдары бар игерілген аумақтарға бөлінеді. Қазір жұмыс басталып кетті. Саяжайларды тұрғын үй санатына ауыстыруға дайындалып жатыр. Учаскелердің нысаналы мақсаты өзгертіліп, заңды түрде бөлу рәсіміне енгізіледі”, – делінген хабарламада.
Қазір Алматы облысында 1 284 488 адам жеке тұрғын үй құрылысына тегін 10 соттық жер алу кезегінде тұр. 2024 жылы облыста 10 гектар болатын 294 жеке тұрғын үй құрылысы телімі берілген.