"Тоқырау жылдары халықты құтқарып қалған": Шөл даланы мәуелі баққа айналдырған ата мен әженің хикаясы желі қолданушыларын тәнті етті
Фото: Видеодан скриншот
Желіде шөл даланы мәуелі баққа айналдырған Сейітхан ата мен Бибізейнеп әжейдің үлкен-кішіге бірдей үлгі болатын хикаясы тарады. Немерелерінің айтуынша, бұл оқиға өткен ғасырдың ауыр кезеңдерінде басталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сейітхан Байдүйсенұлы – соғыс көрген майдангер. Ол 1942 жылы педагогикалық училищедегі оқуын тастап, отбасымен, жастық шағымен қоштасып, майданға аттанады. Польшада ауыр жараланып, 1945 жылы елге оралған.
Соғыстан кейін ол мұғалім болып жұмыс істеп, жас ұрпаққа білім беру ісімен айналысады.
Ол тек сабақ берумен шектелмеді – ол жүректерге үміт пен сенім еккен ұстаз еді. Кейін тағдыр оны болашақ жары Бибізейнеп Төлепбергеновамен жолықтырады.
Кейін ерлі-зайыпты Сейітхан мен Бибі туған ауылына оралуды ұйғарады.
"Бір күні атамыз түс көреді. Түсіне әкесі кіріп аян береді. Әкесі ашаршылық болатынын сезіп, малын Қаратаудың қойнауына қарай айдап, ашаршылық кезінде ауылдастарына қарайласқан. Атамыз әлгі түсінен кейін жайсыз жағдай болатынын сезіп, Қаратаудың етегінен жер алып, жеміс бақтарын отырғызуға бел буады. Ол бұрыннан осы ауылды жасыл жұмаққа айналдыруды армандаған", – деп баяндайды немерелері.
Фото: Жеке архивтен
Жары екеуі алдымен мектептің айналасын арамшөптен тазартып, жерді тыңайтып, алма, өрік, жүзім, шие ағаштарын егеді."Бабалар еккен бақты балалар саялайды" деген ұстаныммен Сейітхан ауылдастарын да өнегелі іске атсалысуға шақырады.
Көп ұзамай Сарыағаштан жеміс ағаштарының көшеттері әкелінеді. Ауыл тұрғындары бұл бастаманы шынайы ынтамен қабылдап, оның үндеуін қолдайды. Көшеттер отырғызылған сәттен бастап-ақ тез бой көтеріп, тамырын жая бастайды. Екі-үш жылдың ішінде алғаш отырғызылған жеміс ағаштары гүлдеп, жұпар иісімен ауылдың шырайын кіргізе бастайды.
Бастамаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары да көшет сұрап, ағаш отырғыза бастайды.
Алайда арасында "бұрын да ағашсыз өмір сүрдік, енді де өмір сүреміз" деп келелі істі кері тартқандар да табылған. Оларға Сейітхан: "Сіздерге табиғат керек емес пе? Қаламасаңыздар, ағаштарды өзім отырғызамын" деп, білек сыбана іске кірісіп кетеді.
Кейбіреулер "ағашты еккен екенсіңдер, енді өздерің суғарыңдар. Әйтпесе шие де, алма да қурап кетеді" деп сынағандар да болған.
"Сол кездерді есіне алған Сейітхан ата "Бәлкім, асығыстық жасаған шығармын, бірақ үміттің дәнін егу – міндетім еді" дейтін", – деп еске алады немерелері.
Сейітхан атаның бастамасымен өз ауылына мыңнан астам, көрші ауылға мың түп, бөктерге үш мыңдай ағаш егілген.
Ал өз бақшасыдағы алты мыңнан астам ағашты зейнетке шыққанда Бибізейнеп әжей екеуі еккен. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау басталғанда Сейітхан ата мен Бибізейнеп әже ұн тартып, күріш егіп, сабын қайнатып, жағдайы жоқ ауылдастарына таратып, көмек қолын созған.
Өмірі өнегеге толы Сейітхан ата 2018 жылы өмірден озған. Жары Бибімен бірге 60 жыл бақытты ғұмыр кешіпті. Соғыс көрген, тоқсаныншы жылдардың тоқырауын көрген Сейітхан ата бақшасына жары сүйіп жейтін жеміс ағаштарын көптеп отырғызған екен.
Фото: Жеке архивтен
"Бұл бір махаббаттың ғана емес, өзара құрметтің, сенім мен күрестің оқиғасы еді. Сейтхан – ауыл ақсақалы атанған, өз кітапханасы бар, даналықты қадірлеген адам болса, Бибі – әділеттілік үшін күрескен рухы мықты әйел еді. Ол "Әйел өзін қорғай білуі керек" деп отырады. Сейітхан ата оның тік мінезін түсінетін. "Сен ешқашан өзгермейсің" деп әзілдейтін. Ал Бибі оның сабырлы болмысын құрметтейтін. Екеуінің мінезі екі түрлі болғанымен, бір-бірін қолдай білген", – дейді немерелері.
Бибізейнеп Төлепбергенова – сексеннен асқан ақжаулықты әже. Ол әлі күнге дейін жары екеуі отырғызған бау-бақшасын аялап, немере-шөберелеріне жемісін теріп беріп жүр.