Шерзат Полат ісі: Айтбек Амангелді мен командасы неге күдіктілердің барлығының үстінен кісі өлтіру бабымен іс қозғалмағанын түсіндірді
Фото: Видеодан кадр
Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша алғашында жәбірленушілердің мүддесін Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді мен оның командасы қорғаған еді. Кейін қорғаушылар тобы отбасының шешімімен істен шеттетілді. Сот үкімі шыққан соң Айтбек Амангелдінің командасы журналист Назымгүл Күмісбаеваға сұхбат беріп, мән-жайды түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айтбек Амангелді Шерзат Полаттың отбасымен арада ешқандай дау-дамай болмағанын айтады.
"Арамызда ұрыс-керіс, келіспеушілік деп түсінетіндей дау-дамай болған жоқ. Қаржаубай демалысқа кеткеннен кейін онымен байланыс біржақты болып кетті. Ол жай ғана адвокаттардың сенімхаттарын қайтарып алып, біздің ұжымнан бас тартты", – дейді Айтбек Амангелді.
Айтбек Амангелді кісі өлтіру бойынша істе процессуалдық мәртебесі болмағанын айтты. Оның міндеті қоғамдық қолдау көрсету, отбасымен өзара әрекет құру, тәуекелдерді түсіндіру және қоғамдық ортада қорғау болған.
"Мен заңгерлерге жетекшілік еткен жоқпын, керісінше, барлық құқықтық мәселеде әрдайым олардың кеңестеріне құлақ түретінмін", – дейді ол.
"Неге күдіктілердің барлығына бірдей Қылмыстық кодекстің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша айып тағылмаған?" деген сұраққа адвокат Ерлан Адаев жауап берді.
"Айыпталушының барлық әрекеті кісі өлтіру деп саналмайды. Біреуі пышақпен соққы жасаған – оның сондай тікелей ниеті болған. Қалғандары әртүрлі тәсілмен қатысқан: біреуі таяқпен ұрған, біреуі әкелген, біреуі қашуға көмектескен. Тергеу тек біреуінің ғана тікелей өлтіру ниеті болғанын анықтады. Мұның барлығы долбар емес, дәлелдемелік негізді қажет етеді", – деп түсіндірді адвокат Адаев.
Сондай-ақ Айтбек Амангелді командасы о бастан іске куәгер ретінде қатысқан екі әйел неге жазаға тартылмағыны жөніндегі сұраққа жауап берді.
"Біз о бастан екі қыздың әрекетін хабарламау немесе іске қатысы бар деп саралау туралы өтінішпен прокуратураға жүгіндік. Қазан айында тергеу жүріп жатқанын, ешқандай дәлел жиналмағанын айтты. Қараша айында да осындай жауап қайтарылды. Желтоқсан айында біз бас прокуратураға басқалары Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша сотқа тартылып жатқанда, қыздардың жауапкершіліктен тыс қалатынын айтып шағымдандық", – дейді Карина Көшербаева.
Оның айтуынша, қорғау уәжі мынандай болған: қыздар күдіктілермен бірге оқиға орнына барып, болған жайтты көзбен көріп, айғақтарды жасыруға көмектескен, қылмыс туралы хабарлауға мүмкіндігі болған. Алайда прокуратура ешқандай байланыс болмағанын, қыздарға қысым көрсетіліп, өмірлеріне қауіп төнгенін алға тартқан.
"Олар болған жерлерге біз жеке көлікпен бардық. Тексердік: байланыс бар – дүкенде де, тауда да. Яғни, хабарлауға техникалық жағынан мүмкіндіктері болған. Бірақ біздің уәжіміз қабылданбады. Прокуратура олардың әрекетінде қылмыстық құрам жоқ деп мәлімдеді. Бас прокуратура оларды қолдады", – деді Көшербаева.
Алайда, адвокаттың түсіндіруінше, соңғы сатыда сот ақыры жеке ұйғарым шығарған, онда куәгерлердің іс-әрекеттеріндегі мүмкін болатын қылмыс белгілеріне назар аударылған.
"Судья қылмыс құрамын тауып, қосымша тергеу тағайындады. Сотта берілген айғақтарды және іс материалдарын ескере отырып, соған қарамастан тергеу өз ұстанымын қайта қарайды деп үміттенеміз. Қылмысқа қатысушылардың әрқайсысы өз әрекеті үшін жазалануы керек", – дейді адвокат.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
