Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Air Astana ашқан Алматы-Гуанчжоу тікелей рейсінің маңызы неде

эйр астана брифинг

 

Фото: Air Astana

Air Astana әуекомпаниясы Қазақстаннан Қытайға бесінші бағытының ашылуына орай Гуанчжоу қаласында баспасөз конференциясын өткізді. Әуекомпанияның өкілдері қытайлық журналистерге тікелей рейстердің көбеюі екі ел арасындағы туризм мен сауда қатынастарының жақсаруына, бизнестің дамуына қаншалықты әсер ететінін айтып, жаңа рейстің маңызына тоқталды.

Air Astana әуекомпаниясы Алматы-Гуанчжоу бағыты бойынша рейсті ашты. Рейс аптаның сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері жүреді. Енді қазақстандықтар шамамен 6 сағатта Қытайдың оңтүстігіне бара алады. 

Компания өкілдері жаңа рейс екі елдің саяхатқа деген сұранысының ұлғаюына байланысты ашылды дейді. Себебі 2025 жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасында туризм 15% өскен, бұл екі жақ үшін де тікелей рейстердің қажет екенін көрсетіп тұр.

Air Astana әуекомпаниясының бас атқарушы директоры Питер Фостер екі елдің қарым-қатынасы сонау Жібек жолы кезінен қалыптасты дейді. Ал компанияның өзі Қытайға алғашқы рейсін 20 жыл бұрын ашқан.

“Қытай біз үшін қашанда маңызды стратегиялық нарық болып саналады. Себебі Ұлы Жібек Жолы Қазақстаннан өтіп, сол кездің өзінде маңызды хаб болған. Осы қарым-қатынасты ескеріп, компания бірінші Бейжіңге, одан соң Үрімші және Хайнаньға рейстерін ашты. Гуанчжоу Қытайдың үшінші ірі қаласы болғандықтан, бұл бағытқа жол ашуымыз Қытайдағы маршруттық желіні кеңейтудегі маңызды қадам болып отыр”, – деді Питер Фостер.

питер фостер

Фото: Air Astana

Әрі Air Astana-ның тікелей рейсін қолданып, Қытай тұрғындары ыңғайлы ұшып, Қазақстанда 30 күн визасыз саяхаттап, әрі қарай Орталық Азия елдеріне, Грузияға да аттана алады.

Stan.kz тілшісі Питер Фостерден компанияның алдағы жоспарларын сұрап, енді Қытайдың қай қалаларына рейс ашылуы мүмкін екенін білді.

“Рейстердің ұшу уақытын жиілетуді жоспарлап жатырмыз. Сонымен қатар Қытайдың басқа қалаларына тікелей рейс ашу да ойда бар. Бірақ әзірге қай қалалары екені және қашан ашылатынын айта алмаймыз”, – деді Air Astana әуекомпаниясының бас атқарушы директоры.

Қытай мен Моңғолия бойынша аға өңірлік менеджер Ислам Секербеков әзірге Алматы-Гуанчжоу бағыты бойынша ұшатын жолаушылардан қазақстандықтардың үлесі көбірек екенін айтады. Енді олардың мақсаты – керісінше, Қазақстанға келетін қытайлықтардың санын көбейту.

“Гуанчжоу – өнеркәсібі дамыған ел болғандықтан, бұл елге қазақстандықтар көптеп келеді. Көбіне жеткізушілермен келісіп, серіктестік орнату мақсатында және бизнес келісімдер жасау үшін келеді. Біз де шетелден Қазақстанға келетіндердің санын арттыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Сол себепті мысалға қыс мезгілінде Алматыға келетін шетелдік жолаушыларымызға шаңғыны тегін тасымалдауға рұқсат беретін науқандарымыз да бар”, – деді Секербеков.

ислам секербеков

Фото: Air Astana

Қытайлықтар тағы бір тікелей рейстің ашылғанын оң бағалады. Қытай журналисі Билли Янгтың сөзінше, енді қазақ елін көруге және оның мәдениетін тануға мүмкіндік туды.

“Екі елдің қарым-қатынасы берік, визасыз режим бар. Әлеуметтік желілерден Қазақстан туралы жазбаларды жиі көремін және ұлттық құндылықтарына деген беріктігіне таңданамын. Алматы-Гуанчжоу рейсі Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени, бизнес, және басқа да қарым-қатынастардың ұлғаюына көмектеседі”, – деді ол.

Баспасөз конференциясына келген қытайлық кәсіпкер, этникалық қазақ Жайнар Мұратқызы бұл рейстің ашылғанына дән риза. Соның арқасында жұмысы жеңілдеп, тағы бір бизнесінің пайда болуына ықпал еткен көрінеді.

“10 жылдан бері Қытайдан Қазақстанға тауарларды экспорттаймыз. Ал осы рейстің ашылғаны бізге өте ыңғайлы болды. Гуанчжоу Қытайдың оңтүстігінде, Қазақстанға ең алыс қала болып саналады. Клиент, серіктестер бізге келген кезде немесе біз Қазақстанға барғанда, Бейжің, Сиянь немесе Үрімші арқылы ұшатын едік, жол ұзап, уақытты алады”, – деді кәсіпкер.

Фото: Air Astana

Ол осы рейсті жақын арада сынап көруге ниетті. Содан кейін туризм саласына бет бұрып, гуанчжоулықтарды Қазақстанға апарып көргісі келеді.

“Тікелей рейс пайда болғаннан кейін туристік компания ашуды ойлап отырмын. Гуанчжоу халқы саяхаттағанды жақсы көреді, бірақ Еуропаға қарағанда, Қазақстан бағытына саяхат аса танымал болмаған. Енді олар Қазақстанды араласа деймін. Қазақстандықтарға Гуанжоуды таныстырып, ал Гуанчжоу тұрғындары Қазақстанда саяхаттайды”, – деді ол.

Алматы-Гуанчжоу бағыты бойынша бару-қайту билеттері 280 мың теңгеден басталады.

Баспасөз конференциясынан кейін шара Air Astana Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланысты орнату үшін концерттік бағдарламаға ұласты. Келген қонақтар үшін қазақтың ұлттық әндері шырқалып, күй тартылды.

эйр аст конф

Фото: Air Astana

Сондай-ақ ұлттық киімімізді таныстырып, сән көрсетілімі болды. Салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында жент пен балқаймақтан ауыз тигізіп, шашу шашты. Ал қытайлықтар Қазақстаннан келген қонақтарына дәстүрлі биін көрсетті. Одан бөлек қытай халқының дәстүрлі аспаптарының үні шырқалды.

эйр аст конф

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 12:27
Талқылау
`