"Ұйқы безі қабынып, бауырды май басады": Дәрігерлер сүрленген ет денсаулыққа зиян екенін айтты
Фото: assembly.kz
Дәрігер мамандар сүрленген ет өт ауруларын асқындырып, ұйқы безін қабындыратынын айтады. Ал тұрғындардың көбі бұл пікірмен келіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлердің пікірінше, қимыл-қозғалыс азайған қазіргі заманда сүрленген ет асқазанға ауыр болуы мүмкін. Экологияның тигізер әсері тағы бар. Салдарынан жеген асы сіңбей, ас қорыту жүйесі бұзылғандардың қатары артқан.
"Дамыған мемлекеттерде не үшін (етті – ред.) тұздамайды? Яғни оның зиянын біледі. Сол себептен олар етті тұздамайды, сүрлемейді. Дәрігер ретінде айтарым, етті тұздап, сүрлеп, тоңазытқышқа салу мүлде дұрыс емес. Неге десеңіздер қатты сүрленген етті жегенде, өттің тамуы қиындайды. Екіншіден, ұйқы безі қабынады және бауырды май басады", – дейді дәрігер Әбілсейіт Құлбаев.
Ал нутрициологтар ет адам ағзасына қажет ақуыздың негізгі көзі екенін алға тартады. Еттің құрамында басқа да пайдалы дәрумендер мен минералдар бар. Алайда мамандардың айтуынша, пайдалы дәрумендер көбіне жас етте кездеседі екен.
"Еттің құрамында ақуыз бар. Ол иммундық жүйенің және әрбір жасушаның түзілуінде ең басты материал саналады. Пайдасынан бөлек, етті шамадан тыс қолдансақ, ол денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, етті шамадан тыс тұтыну жүрек-қан тамыр аурларына әкеп соқтыруы және қатерлі ісіктердің себебі болуы мүмкін", – дейді нутрицолог Гүлнәр Тұрдынова.
Кәсіпкер Саяхат Әсімханұлы "сүр ет – денсаулыққа зиян" деген пікір тұрмыс-салттың өзгеруіне байланысты туындағанын айтты.
"Ежелден қазақтың асы бойға қуат, дертке шипа болған. Егер ол анау айтқандай зиян болса, ол тарих қойнауына кетіп қалар еді. Зиян нәрсенің барлығы тұрмыстан алынып қалады. Ата-бабамыздың тұрмысына, тарихына балта шабуға болмайды. Мұны (сүр етті – ред.) зиян қылып алуы қазіргі тұрмысының өзгеруіне байланысты", – дейді кәсіпкер.
Бұл тұрғыда тұрғындардың көбі дәрігерлер пікірімен келіспейтінін жеткізді:
"Қазақ атамыз осы күнге дейін жеп келген ғой. Сол үшін сүр ет жеген денсаулыққа пайдалы деп есептеймін. Өйткені тұзы ағзамызға қажет. Егер рационнан тұзды алып тастасақ, адам әлсірей бастайды".
"Кезінде солай сақтауға мәжбүр болды. Өйткені тоңазытқыш болмады. Қазір оны дәрігерлер тексеріп, зиянын анықтаған шығар".
"Қазірді өзінде ауылда бәріміз етті сүрлеп жейміз. Жаңа сойған малдың етін көп жегің келмейді. Балалар да соған үйренген. Бірақ оның денсаулыққа қалай әсер етіп жатқанын білмеймін.
"Жоқ, зиян емес. Бұрын қазақтар сүр ет жеп өмір сүрді. Олардың денсаулығы мықты болған. Дәрігер болмаған заманда сүр етті жеп емделген", – деп пікірін білдірді қала тұрғындары.