Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лос-Анджелесте мигранттар наразылыққа шықты: Трамп оларды басу үшін Ұлттық гвардия әскерлерін жіберді

Фото: Ringo Chiu/AFP 

Лос-Анджелесте көші-қон саясатына қарсы наразылықтар болды. Президент Дональд Трамп наразылықты басу үшін 2000 Ұлттық гвардия сарбазын жіберді. Трамптың баспасөз хатшысы бұл әрекетті "заңсыздықты тоқтату" деп түсіндірді. Ал Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом федералды билік жағдайды әдейі ушықтырып отыр деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі dw.com порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Лос-Анджелесте федералды агенттердің мигранттарға қарсы рейдтерінен кейін 7 маусымда Парамаунт ауданында жаппай қақтығыстар болды. Латынамерикалықтар тұратын бұл жерде наразы жұрт агенттерге түрлі заттар лақтырып, петардамен шабуылдаған. Жауап ретінде федералды полиция көз жасаурататын газ бен жарық-шу гранаталарын қолданып, бірнеше адамды ұстады. Наразылық кезінде АҚШ туын өртеп жіберген. Бетон блоктар мен дүкен арбаларынан баррикадалар жасап, кейбір жолдар жабылды.

6 маусымда да демонстранттар құқық қорғаушылар көліктерінің колоннасын қуып, агенттерге жұмыртқа лақтырған. Полиция оларды граната арқылы таратып жіберді. Кейін қала орталығында жүздеген адам ұсталғандарды босатуды талап етті.

Трамптың баспасөз хатшысы Каролин Левитт Трамп әкімшілігі құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарсы жасалған қылмыстық әрекеттер мен зорлық-зомбылыққа мүлде төзбейтін саясатты ұстанатынын айтты. Ол Лос-Анджелес пен Калифорнияны басқарып отырған демократтарды "біліксіз" деп атап, жағдайдың ушығуына оларды кінәлады.

Трамп өзінің Truth Social платформасында Лос-Анджелес мэрі Карен Басс пен губернатор Ньюсомды қатты сынады. Ол Ньюсомға "Newscum" (ағылшын тіліндегі қорлайтын "scum" — "арамтамақтар", "лас адамдар" сөз ойынын қолдана отырып) балағат атау тақты.

"Егер губернатор Гэвин 'Newscum' мен мэр Карен Басс өз жұмыстарына лайық болмаса бұл мәселені федералды үкімет шешеді. Ал барлығы олардың қолынан түк келмейтінін біледі", – деді Трамп.

Ол "тәртіпсіздік пен бұзақылыққа" қарсы қатаң шаралар қолданылатынын да қосты.



АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет егер зорлық-зомбылық жалғасса, Калифорнияға Кэмп-Пендлтоннан теңіз жаяу әскерлері жіберілетінін ескертті.

Соңғы рет Ұлттық гвардия Калифорнияға 2020 жылы Джордж Флойдтың өліміне байланысты тәртіпсіздіктер кезінде жіберілген. Ақ үйдің Лос-Анджелеске гвардия жіберуді жоспарлап жатқаны белгілі болғанда, губернатор Ньюсом бұған қарсы шықты. Ол мұны "қасақана арандату" деп атап, қазіргі кезде қосымша күштерге қажеттілік жоқ екенін айтты.

Лос-Анджелес мэрі Карен Басс та жұма күні федералды биліктің мигранттарға қарсы әрекеттерін сынға алды. Ал Трамптың депортацияға жауапты өкілі Том Хоуман:

"Біз қаланы қауіпсіз етіп жатырмыз, мэр бізге алғыс айтуы керек", — деді.

Ал ФБР басшысының орынбасары Дэн Бонгино жұма күнгі наразылық кезінде көптеген адам тұтқындалғанын хабарлады.

"Сіздер бүлік шығарсаңыздар, біз кісен әкелеміз. Заң мен тәртіп жеңеді", — деп мәлімдеді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 09:54
Талқылау