"Отбасылық бюджетті әйелім жүргізеді": Ұлттық банк төрағасы Сүлейменов әйелдер қаражатты жақсырақ басқаратынын айтты
Фото: Ұлттық банк
Ұлттық банкте өткен брифингте орталық банк төрағасы Тимур Сүлейменов отбасында бюджет қалай жоспарланатынына және азық-түлік бағасына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банк басшысы отбасында азық-түлікті әйелі сатып алатынын айтты.
"Отбасылық бюджеттің басым бөлігін, әрине, жұбайым жүргізеді. Өйткені ол, біріншіден, декреттік демалыста, уақыты көбірек. Ол нені, қайдан сатып алу керек екенін, қалай сатып алу керек екенін, қай жерден арзан сатып алуға болатынын, онлайн тапсырыс беру жағын, бәрін жақсы біледі. Меніңше, шынымды айтсам, бұл шенеуніктерге тән емес. Бұл жағдай – барлық түсінікте әйелдің үй шаруасын жүргізуі жалпы біздің менталитетіміздің ерекшелігі болса керек. Мұны қалыпты жағдай деп есептеймін", – деп жауап берді Сүлейменов.
Бұл ретте оған "Егер әйелдер қаражатты жақсырақ басқарады десек, неге банк басшылығына әйел адамды тағайындамасқа?" деген сұрақ қойылды.
"Барлық жағынан әйелдер кем дегенде тең бола алады, ал көп нәрседе асып түседі – соның ішінде қаражатты басқару мәселесінде", – деп түсіндірді орталық банк басшысы.
Осы орайда журналистер одан "Жұбайыңыз туралы бұл жауабыңызды қоғам сексистік сипатта деп қабылдайды деп қорықпайсыз ба?" деп сұрады.
"Бұл қалай болуы керек екені немесе болашақта қалай болатыны туралы баға беріп отырған жоқпын ғой. Біздің қоғамда осылай қалыптасты. Түрліше қарауға болады, алайда ол қоғамдағы көп отбасында, соның ішінде нақты менің отбасымда да солай қалыптасты. Сондықтан бұл жағдайда мен отбасымды түрлі қоғамдық мәлімдемелерден қорғағым келеді. Бізде солай қалыптасты, басқаларда басқаша. Мәселен, Әлия Мейірбекқызы 150 миллиард доллар көлеміндегі мемлекеттік резервтерді басқарады. Ол Ұлттық қорға, Бірыңғай ұлттық жинақтаушы зейнетақы қорына, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына және т.б. жауап береді. Бұл бәріміздің тең екенімізді және әркім өз қабілетін қалаған саласында таныта алады", – дейді Сүлейменов.