Ғарыштан кішкентай жұлдызды айналып жүрген алып планета табылды: Бұл ғалымдардың барлық теорияларын жоққа шығарды
Фото: European Space Agency/Hubble
Астрономдар алғаш рет өте жеңіл массадағы жұлдыздың айналасында айналып жүрген алып планета TOI-6894b-ны анықтады. Бұл жаңалық планеталардың қалыптасуы туралы қазіргі теорияларға күмән тудырып, экзопланеталарды іздеудің жаңа деңгейін ашады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nature Astronomy журналына сілтеме жасап хабарлайды.
TOI-6894 – массасы күннің небәрі 20%-ын құрайтын қызыл ергежейлі жұлдыз. Бұған дейін мұндай кіші жұлдыздар алып планеталарды қалыптастыра да, ұстап тұра да алмайды деп есептелген. Алайда зерттеушілер тобы бұл пікірдің қате екенін дәлелдеді. Осы кішкентай жұлдыздың айналасында Сатурнмен шамалас көлемдегі планета бар. Оның орбиталық айналу мерзімі небәрі үш күннен сәл асады.
Планетадан келген сигнал алғаш рет NASA-ның TESS телескобымен байқалды. Кейін бұл дерек SPECULOOS және TRAPPIST жобалары сияқты жердегі обсерваториялар арқылы расталды. Ғалымдар барлық балама түсіндірулерді жоққа шығарды. Олар расында да алып планетаны анықтады. Оның массасы Сатурн массасының шамамен жартысына тең.
TOI-6894 – алып планета табылған жұлдыздардың ішіндегі ең кішкентайы. Бұл жаңалық қазіргі планеталардың қалай пайда болатынын түсіндіретін теорияларға күмән келтіреді. Өйткені бұрынғы зерттеулер бойынша, мұндай кіші жұлдыздардың айналасында ірі планеталар түзуге жеткілікті заттар болмайды делінген.
"Біздің модельдер мұндай нысандардың қалай пайда болғанын түсіндіре алмай отыр. Мүмкін, біз планеталардың түзілу механизмдерінің әртүрлілігін әлі толық бағаламай келеміз", – деп мәлімдеді ғалымдар.