Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүгіру — мықты ұлтқа апарар жол": Елордада Astana Half Marathon жоғары деңгейде өтті

Спорттық іс-шараға 38 елден 6 мыңнан астам адам жиналды. Олардың арасында кәсіпқойлар да, әуесқойлар да, зейнеткерлер де бар. Тіпті бұл күні ауа-райы да жүгіретіндер үшін өте ыңғайлы болды. Сондай-ақ қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Астана әкімшілігі марафонды ұйымдастырушылармен бірлесіп қаланың барлық негізгі көрікті жерлері бойынша тамаша маршрут әзірледі. Ал Astana Half Marathon-ның бас серіктесі Halyk Bank спортшыларды қолдауға келгендер үшін демалуға арналған функционалды орын мен белсенді уақыт өткізетін аймақ дайындады. 

Биыл марафон Тәуелсіздік алаңынан басталды. Бағдарламада 10 шақырымға жүгіру және скандинавиялық жүріс қашықтықтары болды. Сонымен қатар, 21,1 шақырым болатын жартылай марафон қашықтығына жеке де, Экиден атты эстафета түрінде де қатысуға мүмкіндік берілді. Айта кетсек, Astana Half Marathon — еліміздегі World Athletics ұйымы сертификаттаған және халықаралық жарыстар қауымдастығы (AIMS) құрамына кіретін жалғыз жартылай марафон.

Halyk үшінші жыл қатарынан жартылай марафонды бас демеуші ретінде қолдап келеді. Банк шараны қаржыландырып қана қоймай, жүгіру жарыстарына және жанкүйерлер қозғалысына белсене қатысады. Биыл банк атынан 100-ден астам қызметкер жарыс жолына шықты. Олардың қатарында Halyk Bank басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Сартаев та болды. Ол 21,1 шақырымдық жартылай марафон қашықтығын 1 сағат 43 минутта жүгіріп өтіп, жеке рекордын орнатты.

"Барлық қатысушылар мен жанкүйерлерді құттықтаймын. Біз қазақстандықтардың өміріне тек банк ретінде ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігі бар ұйым ретінде де өз үлесімізді қосып араласып келеміз. Жүгіру — бұл сананы жаттықтыру. Бұл — тәртіп. Бұл — мықты ұлтқа апарар жол", - деді Дәурен Сартаев.

2024 жылы Halyk марафонды ұйымдастырушылары “Бірінші болу – батылдық” қорымен ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды. Енді алдағы 5 жылда банк Астана жартылай марафонының бас серіктесі ретінде жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, Halyk банк жүгіру спортын бұрыннан, елде кеңінен танымал болғанға дейін қолдап келе жатыр. Шамамен 15 жыл бұрын банк ұйымдастырушылар тобына сеніп, олардың салауатты өмір салтын насихаттау, елімізді әлемдегі жүгіру және спорттық іс-шараның орталықтарының бірі ретінде насихаттау мақсатын жоғары бағалады. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 11:15
Талқылау