Министр Балаева Сара Назарбаеваның қаза болғаны жөніндегі қауесетті "қатігездік" деп бағалады
Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Назарбаеваның қазасы туралы қауесетке пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін Ақорда кулуарында мәдениет министрі осы ақпаратқа қатысты ойын бөлісті.
"Біз емделіп жатқан адамға аса қатыгездік жасаған сияқтымыз. Шынымды айтсам, нақты білмеймін, себебі бұл – адамның жеке өміріне, оның отбасына қатысты мәселе. Бірінші президенттің отбасы айтылып тұрғаны түсінікті. Бірақ қазасы (Сара Назарбаеваның – ред.) туралы ақпарат тарату – тым қатыгездік. Ақпаратты баспасөз хатшысы (тұңғыш президенттің – ред.) жоққа шығарды, онысы дұрыс болды, өйткені әрқашан шынайы ақпаратқа сенуіміз керек", – деді Аида Балаева.
Еске салсақ, бұған Сара Назарбаева Алматыдағы президенті әкімшілігінің медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ауыр халде жатқанын жазған едік. Кейін бірқатар БАҚ пен Telegram-арналар Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпарат тарата бастады.
Мұндай ақпарат 2024 жылғы желтоқсанда да тараған еді. Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай 27 желтоқсанда Сара Назарбаеваның қазасы туралы ақпаратты жоққа шығарып, әлеуметтік желіде жазба жариялады.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
