Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қорыққанымнан өтірік айттым": Атышулы емші қазақстандық әйелді "жоқ жынды" шығарамын деп қылқындырған

Фото: Видеодан скрин

Желіде 9 жастағы қыздан “жын шығармақ” болған имам Кейқуат Оспановтың басы тағы да дауға қалды. Құрбысының өтінішімен имамға дем салуға барған Әлия Оралымбетова емшінің қолынан өтірік айтып әрең құтылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астарлы ақиқатқа” сілтеме жасап хабарлайды.

Әлия Оралымбетова құрбысының өтінішін жерге қалдырмайын деп Кейқуат Оспановтың қолынан өліп қала жаздап, әрең құтылғанын айтты. 

“Кезегіміз келіп, ішке кірдік. Құрбым “арқам тырысып жатыр” деді. Мен өзімді жақсы сезіндім. Ана кісі кіріп келгенде де оған солай айтты. Ол “сенде аузу-билляхи” бар ғой, жат” деді. Негізі біз дем саламыз деп келгенбіз. Өзі видеоға түсіруге рұқсат берді. Құрбымды қатты қылқындырғаны сонша оның көзінен жас шығып, аузынан сілекейі ақты. Маған “көзіне қарама, әйтпесе саған де кіріп кетеді” деді. Құрбымнан сұрап еді “Аидамын, кіргеніме екі жыл болды. Мыңжылдықпын, мақсатым – адам өлітіру деді”. Мен таңғалдым. Сөйтіп мені көрсетіп “құрбымда жын бар” деді. Сөйтіп маған: “Сіз жатыңыз, сізде бар екен ғо” деді. Мен оған сенген жоқпын, бірақ маған қызық болды. Алайда ол қатты қылқындырады деп ойлаған жоқпын”, – дейді Әлия.

Оның айтуынша, қолын қара жіппен байлап, имамның көмекшісі ұстап тұрған.

“Өзіммін, ешкім шығып жатқан жоқ, жіберіңізші дегеніме құлақ аспады. Босатпайтынын түсінген соң жалған айтып, тезірек бітіргім келді. Қорыққанымнан қулыққа көшіп, өтірік айттым. Сосын "атың кім?" дегенде "Марат" деп жауап бердім", – дейді келіншек.

Әлияның сөзінше, экс-күзетші қылқындырып, бірнеше сұрақ қойып, емдік шөп пен 10 литр су бергені үшін құрбысы екеуінен 60 мың теңге талап еткен.

“Бұл – плацебо әдісі. Мойынды қылқындырған кезде миға оттегі бармайды. Ал оттегі бармаса, мида көмірқышқыл газы көбейеді. Әрине, көмірқышқыл газы миды уландырған кезде адам есеңгіреп, ойына келгенін айтуы мүмкін. Мұндай жағдайдың соңы, тіпті, өліммен де аяқталуы ғажап емес. Бұны методика емес, адам өлтіруге бағытталған іс-әрекет деп қарастыруға болады”, – деді психотерапевт Санжар Тұрсынмет.

Журналист Аяна Ғабдуллина имамның адамды көндіріп, сендіре алатынын алға тартты.

"Мықты сөйлей алады, жақсы оратор. Кез келген адамды өзіне тартып алады", –  дейді журналист.

Ал жын шығаратын адам Әлия Оралымбекованың ішінде әлі 2 жын барын айтқан.

"Расында жын шығарумен айналысатын адам бұлай өзін жарнамаламайды. Себебі жын оны шығарған адамға тыныштық бермейді. Жын шығару – ойыншық емес, оны кез келген жерде отырып жасай салмайды. Күзет болып жүргенде мешітте көрген нәрсесі ғой. Мамандардан көріп, қызыққан болуы мүмкін", – дейді дінтанушы Ернар Нұртайұлы. 

Оған қоса, Кейқуат Оспанов осы жылдың сәуір айында ғана "Сақтар" рухани халықтық медициналық орталығында курс тәмамдағаны туралы құжат алыпты. Алайда бұл орталықтың өзінде медициналық қызмет көрсету лицензиясы жоқ екені анықталды. Яғни, емшіде лицензия немесе мемлекеттік органдардан алынған ешқандай рұқсат та жоқ.

Айта кетейік, өзін жын шығарушы санайтын азамат ісін әлі де тоқтатпаған. Баяғыдай сеанстарын Tik Tok парақшасына жариялап, әлеуметтік желіні белсенді жүргізіп жүр.

STAN.KZ
Жұма, 30 Мамыр, 2025 18:44
Талқылау