Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Неге Алматыда мықты бетоннан жасалған бордюрлер тағы да ауыстырылып жатыр

Фото: желі кадрларынан скрин

Желіде қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы Райымбек даңғылындағы сапалы бүтін тұрған жол жиек тастарын қопарып алып, қайта жаңасын салып жатқанына наразылығын жеткізді. Айтуынша, мұндай тастар ұзақ пайдаға асады. Алайда әкімдік оларды ысырап етіп, ақшаны босқа шашып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қоғам белсендісінің айтуынша, еш сызатсыз, бүтін болған жол жиек тастарының бәрін қопарып алып тастаған. 

“Міне, Райымбек батыр даңғылы келе жатып, тоқтадым. Қараңыздар жолдың жиек тасы (бордюр) қандай мінсіз? Гарантитті, нағыз тас. Бұл әлі минимум 15-20 жыл пайдаға асады. Ал бұл тастарды алып тастап жатыр. Не үшін? Себебі біреулерге "игеру" керек. Түсінсеңіздер, мынау – нағыз табиғи тас. Бәрін алып тастап, лақтырып, орнына тура сондай жаңасын қойып жатыр. Шынымен таңғалып тұрмын. Қараңыздаршы, тастың мықтылығын, бұдан артық не керек? Тек алып жатқанда түскен сызат іздері ғана тұр. 

Ресейде дәл осындай гранит бордюрлер — ГП-1, ГП-5 маркалары бойынша арнайы стандартпен бекітіліп, қызмет ету мерзімі 100 жылға дейін деп көрсетілген. Осы уақыт аралығында олар пішінін жоғалтпайды, тозбайды, берік болып қала береді. Италияның дәл осындай бордюрлері 1954 жылы төселген. Әлі күнге дейін сол қалпында тұр. Ал тас төсемдер (брусчатканы) 1906 жылы төселген. 100 жылдан астам уақыт өтті, әлі ештеңе болмаған”, – деді ол. 

Боқаев Қазақстанды салыстырып, жол жиегі мен төсемдердің 2-3 жыл сайын ауысатынын сынады. 

“Ал бізде ше? Гранит бордюрлерін әр 2-3 жыл сайын ауыстырады. Міне, үйіліп жатқан тас. Не үшін? Не керегі бар мұның?! Сонда ақшаны осынша желге ұшыратындай өз отаныңды қаншалықты жек көруің керек? Тағы да қаражат игеру ме? Бұл дегенің ақша жымқыру ғой! Бұл алаяқтық. Неге мұны мәслихат қадағаламайды? Бақылаушы органдар қайда? Неге келіп “бұл жол жиектер мықты әрі мінсіз. Алып тастап, ауыстырудың қажеті жоқ”,  деп айтпайсыздар? Досаев мырза, бұл тастарды ауыстыртатындай еш сынған тозған жерін таба алмайсыз. Теп-тегіс, керемет болып жатыр.

Сіздер кәсіпкерлерге салық төлеуді талап етесіздер, салық құнын көтересіздер. Не үшін, сол қаражатты осылайша жөн-жосықсыз жұмсау үшін бе? 400 метр жүріп тек бір ғана жерден сынған жол жиек тасын көріп тұрмын. Болды, басқа жерлердегінің бәрі мінсіз қалпын сақтап тұр. Сол үшін бүкіл даңғылдың тасын ауыстырудың қажеті не? Тек біреуін алмастырса жеткілікті. Ал мынаны қараңыздар, жаңа жол жиек тастары. Қандай айырмашылық бар? Ескісі дәл осындай болған. Соның өзінде жаңасында сызат жарықтар бар. Біздің салық етіп төлеп отырған қаражатымызды бұлай оңды-солды шашудың қажеті жоқ”, – деп қорытты ол. 



Көпшілік бұл мәселені қызу талқылады.

“Ақшаны оңды-солды жұмсайды да, кейін бюджетте қаражат жоқ деп отырады”, “Өзара ақшаны бөліп жатқан шығар”, “Одан да мектеп, аурухана салмай ма?”, “Бұл қысқы жиек тастар, жазғысына ауыстыруы керек қой”, “Үкіметтің сүйікті ісі ғой”, – деп жазды жұрт.

Stan.kz тілшісі Алматы әкімдігінен неліктен бүтін жиек тастарды ауыстырып жатқанын сұрады. 

“Қазір Райымбек батыр даңғылын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Пушкин көшесінен Ахрименко көшесіне дейін. Даңғылды қайта құру жобасы кейбір участкелерде жүріс бөлігін кеңейту немесе тарылту жұмыстарын сондай-ақ аялдамаларға арналған аймақтар орнату үшін жасалған. Бұл жұмыстар жиектас элементін олардың жағдайы мен сапасына қарамастан алып тастаумен тікелей байланысты. Жұмыс барысында жиек тастар алынып, кейін сапасына қарай сұрыпталады. Бүтін жиектастар қайтадан бір деңгейге қойылып түзетіледі. Тек ақауы бар, зақым келген жиектастар ғана ауыстырылады. 

Өкінішке қарай, мұндай технологиялық ерекшеліктер қарапайым азаматтарға беймәлім болғандықтан желіде бұл жұмысқа қатысты қате пікірлер кездесіп жатыр. Ақпараттың тек сенімді көздеріне сеніп, асығыс қорытынды жасамауларыңызды сұраймыз”, – деді "Қазақдорстрой" ЖШС учаске бастығы Наурызбай Сапарбеков. 

@sanzhar_bokayev Новый бордюр из гранита меняют на такой же новый. #досаевкет #санжарбокаев #досаевавотставку #Алматы #гранитныйбордюр ♬ оригинальный звук - SANZHAR BOKAYEV
STAN.KZ
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 18:51