Израиль гуманитарлық көмек жіберуге рұқсат беріп, Газаны толықтай басып алатынын мәлімдеді
Фото: Ахмад Салем/Bloomberg
Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Израильдің Газа секторын толығымен басып алатынын мәлімдеді. Қазір Израиль халықтың аштыққа ұшырап жатқанына қарамастан басып алу шараларын күшейтіп, гуманитарлық көмекті қабылдамай жатыр. Алайда мұны БҰҰ мен өзге де мемлекеттер сынауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Израильге халықаралық қысым күшейіп отыр. БҰҰ Газа тұрғындарының ашаршылық шегінде екенін ескертіп жатыр. Ал Франция президенті Макрон гуманитарлық көмекті қабылдамау "ұятты әрекет" екенін айтты. БҰҰ деректеріне сәйкес, Керем Шалом шекаралық өткелі арқылы 9 ғана жүк көлігі өткен. Гуманитарлық координатор Том Флетчердің айтуынша, бұл "теңізге тамған тамшыдай”.
Израиль қаржы министрі Бецалель Смотрич гуманитарлық көмекті қайта бастау халықаралық қысымды азайту үшін қажет шара екенін мойындады. Оның айтуынша, енді армия жаңа тәсілмен әрекет етеді.
“Бұл – жай рейд емес, аумақты басып алып, ХАМАС толығымен жойылғанша ұстап тұру стратегиясы. Одан бөлек, жолай Газаның басқа аумақтарын да жоямыз. Себебі бұл жерлердің бәрі террор аймағына айналған”, – деді ол.
Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, Газа тұрғындарының шамамен 1,6 миллионы (2 миллион) азық-түлік тапшылығынан жапа шегіп отыр. Израиль мұны жоққа шығарғанымен, премьер-министр Нетаньяху аштықты болдырмау үшін көмекті қайта жандандыруға мәжбүр екенін айтты. АҚШ сенаторлары да бұл бағытты қолдап жатыр. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу бойынша уақытша тетік 25 мамырға дейін іске асады. Израиль бұл көмекті тек халықаралық ұйымдардың бақылауымен тарататынын жеткізді.
Алайда көмекті қайта бастау шешімі Израиль ішінде, әсіресе үкіметтегі оңшыл күштер арасында қарсылық тудырды. Олар көмек ХАМАС қолына өтіп, соғысты жалғастыруға пайдаланады деп қауіптенеді. Соған қарамастан, үкімет ешкімнің аш қалмауына кепіл беретінін, мобильді асханалар ұйымдастырылатынын айтты.
Араб және еуропалық елдер әскери әрекеттің күшеюіне наразылық білдіріп, бұл Газадағы құрбандар санын арттырып, соғысты ұзартуы мүмкін екенін ескертті.
Палестинадағы, ХАМАС басқаратын денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Израиль шабуылынан 53 000-нан астам адам қаза тапқан. Израиль мен ХАМАС арасында АҚШ, Катар және Мысыр делдалдығымен келіссөздер жалғасып жатыр. Қазір 10 тұтқынды босату арқылы 6 аптадан 2 айға дейін уақытша бітімге келу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Еске салсақ, Израиль Газаға жойқын шабуыл жасауға кіріскенін хабарлаған едік.

Шымкенттік кәсіпкер белгілі заңгер Айгүл Орынбекті 10 миллион теңгеге алдады деп айыптады
