Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"55 жастан шықсын": Желіде қазақстандық мұғалімдердің зейнет жасын төмендетуді ұсынып, министрге үндеу жолдады

 

Фото: желі кадрынан скрин

Мұғалім Тұрар Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа видеоүндеу жолдады. Ол өз сөзінде қазіргі педагогтердің денсаулығы мен жұмыс ауыртпалығын алға тарта отырып, зейнет жасын төмендету туралы мәселені көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс жасағым келеді. Мектепте істейтін педагогтерді 55 жастан зейнетке шығару мәселесін қарастырсаңыздар. Негізі барлық педлагог мұғалімдерді 55 жаста зейнетке шығарған дұрыс деп ойлаймын”, – деді ол.

Оның бұл бастамасына қолдау білдірген желі қолданушылары пікір қалдырып жатыр. Көпшілігі мұғалімдердің еңбек жүктемесінің ауыр екенін айтып, ұсынысты орынды деп бағалаған.

“58жастан кейін сабақ өту қиын екен. Жас кездегідей жалындап сабақ өте алмайды. Сүйретіліп талай әріптестер зорға жүр”, “44 жыл стажбен,модератор 61 жаста шығып бара жатырмын. Әділетсіздік”, “Әсіресе тәрбиешілер де, Себебі: 63 жаста бала қарай ала ма? Бала мен бала болып секіріп энергиясы тола болу керек”, “55 -жас өте дұрыс 60-жасқа дейін алжып өлетін шығармыз”, “58 жасты қолдамай отырғанда 55-ті қалай қолдайды?, “63 жаста тісі түсіп, шашы ағарып, қолы қалтыраған адам балаға қалай сабақ береді?"  деп жазды жұртшылық. 



Сондай-ақ Тұрар Омаров жылды тек “жұмысшылар жылы” деп атап қана қоймай, еңбек адамдарына арнап түрлі қолдау шараларын жасау керек екенін айтты. 

“Бұл видео үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолданады. Биыл жұмысшылар жылы деп жарияланған. Сондықтан біздегі барлық жұмысшыларды 55 жастан зейнетке шығару мәселесін ұсынғым келіп отыр. Құрметті Олжас Бектенов мырза, бұл оларды нағыз қолдайтын жыл. Жай “жұмысшылар жылы” деп ат қоймай, шынымен оларға қолдау көрсету керек. Яғни 55 жаста барлық деңгейдегі жұмысшыларға зейнетке шығуға мүмкіндік берген жөн. Әйел, болсын ер адам болсын, барлығын 55 жастан зейнетке шығарайық! Соны қолдаңыздар! Себебі тіпті Кеңес Одағының кезінде адамдар 55 жаста зейнетке шыққан. Сондықтан бұл үндеуді мәжіліс депутаттарына да арнаймыз. 55 жас дұрыс, қазіргідей 63 жас өте ұзақ, өте көп. Адамдар нағыз еңбегінің жемісін 55 жаста көруі керек”, – деді ол. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 19 Мамыр, 2025 17:58
Талқылау