Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Шерзат ісі: Айыпталушы үйқамақта бола тұра қылмыс болған жерге қалай барғанын айтып берді

Фото: Видеодан скрин

Шерзат Полаттың өліміне күдікті деп танылған Азамат Тоқтаубаев қанды қылмыс болған күндері үйқамақта болғанын және қылмыс болған жерге не үшін барғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“2023 жылы 14 желтоқсанда мен Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 1-тармағы бойынша (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) күдікті деп танылдым. Сөйтіп маған 2 айға санкция тағайындалды. Содан мені Толдықорған қаласының №71 мекемесіндегі уақытша ұстау изоляторына жапты. Кейін жәбірленуші болған іске менің қатысым жоқ екенін айтып, арыз жазды. Тергеу барысында құжаттарды дәлелдейтін нақты дәлел болған жоқ. Осы Талдықорған қаласынан ақпанның 6-сы ұйқамаққа шықтым. Содан бері үйқамақта болдым. Содан кейін тергеуші айыптауды 106-баптың 2-тармағына (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді ауырлататын мән-жайлар) ауыстырды. Жәбірленушінің менің болған жағдайға қатысым жоғын айтып, арыз жазғанына және куәгерлердің сөзіне қарамастан халық шулаған соң Талғар аудандық соты 2024 жылы 17 қазанда маған 7 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. 2024 жылы 4 қазанда санкция берілді. Өзімді құқықбұзушы деп есептеймін. Егер мен үйден шықпасам мұндай жағдай болмас еді. Үйден өзім ауырып тұрғандықтан және кішкентай балама жөргек алуға шыққан едім. Оған дейін де соттылығым болды. Қазір осы бойынша Жоғарғы сотқа арызданып жатырмын. Бұл бойынша ақталып шығамын”, – деді Тоқтаубаев Азамат.

Сондай-ақ жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев іс материалдарына сәйкес, Тоқтаубаев Азаматтың 2017 жылдан бері бірнеше қылмыстық іске тартылған айтты.

“Іс материалдарымен танысқан кезде, сіздің бұрын жауапкершілікке тартылғаныңызды көрдік: 2017 жылы – Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша, 2018 жылы – 106-бап 1-бөлігі (қасақана ауыр дене жарақатын салу) бойынша, ал 2022 жылдың 18 қарашасында – 190-бап 2-бөлігі бойынша”, – деді адвокат.

Осы сәтте айыпталушы адвокаттың сөзін бөліп, өзін таныстыруын сұрады. Мейірман Шекеев жәбірленуші тараптың қорғаушысы екенін және сотқа бірінші күннен бері қатысып келе жатқанын айтты.

Сотта жауап беру барысында айыпталушы Тоқтаубаев Азамат көлік маңынан марқұм Нұрғанаттың телефонын тауып алған.

“Мен Қамажай дүкенінің алдында тұрған едім. Шерзаттың келесі көшеге қашқанын байқамадым. Ол кезде мен Қаржаубаймен сөйлесіп тұрған едім. Видеодан көрсеңіздер, мылтық атылған соң мен Шота Руставели көшесіне қарай қашпаймын. Келген ізіммен “Mercedes” автокөлігіне қарай қашып кетемін. Ғайыппаев Нұрғанатқа да, Шерзатқа да соққы жасамадым. Өзіммен бірге келген қыздардың да қайда тұрғанын байқамадым. Көліктен шамамен 5 метр қашықтықта телефон тауып алдым. Әрі қарай барайын деп едім алдымнан Нұрқияс шықты. Сөйтіп көлікке отырып кетіп қалдық”, – деді Тоқтаубаев Азамат.

Мемлекеттік айыптаушы Әскентай Дарханның тергеу кезіндегі жауабын оқыды.

“Оқиға болғаннан кейін “Казстрой” деп аталатын ауылға бардық. Автокөліктен шығып, сөйлесе бастадық. Сол жерде тұрған жігіттердің бәрі маған “мойныңа аласың” деп айтты. Сонда Әскентайға нені мойныңа аласың деп айтты”, – деп сұрақ қойды прокурор.

Алайда Азамат Тоқтаубаев мұндай әңгімені естімегенін айтты.

“Ол кезде ағам Тоқтаубаев Нұрболмен сөйлесіп тұрған едім. “Бізді патруль іздеп жатыр” деген өз арамызда әңгіме болды. Сакиев Равиль өз еркімізбен барып, мән-жайды айтуды, мылтықты беруді ұсынды. Сөйтіп Талғар ауданы полиция бөлімшесіне бет алдық. Сол кезде бізді Т.Рысқұлов ауылының жоғары жағында “Новостройка” деген жерде учаскелік полиция ұстап алып, телефонды тартып алды. Ол телефонның Нұрғанаттікі екенін білмедім. Полицияға сол телефонды, өз телефонымды бердім. Сағат 03:00 шамасында аудандық полицияға келдік. “777” дүкенінің алдында ешқандай пышақ көрген жоқпын. Дүкеннің алдында шамамен 5-6 минут тұрып, “Golf” көлігіне мініп, Шынасылов Абзал, Әскентай Дархан, Тоқтаубаев Нұрбол және жүргізуші Искаков Думан бәріміз кетіп қалдық. Сөйтіп Т.Рысқұлов ауылына, үйге қарай бет алдық. Кәмелетке толмаған балаға ештеңе болмағанын айтып, үйіне қайтарып жібердік”, – деді сотталушы.

Тоқтаубаев куәгер ретінде жауап берген Нұрбекова Эльмираны қылмыс болған күні “Эйфория” кафесінде бірінші рет көргенін айтты. Алайда сот алдындағы тергеу кезінде тергеуші айыпталушыдан 4 қазан күні сағат 02:17 минутта “Эльмира инкубатор” деп сақталған абонентпен не туралы сөйлескенін сұрады. Айыпталушы оның Нұрбекова Эльмира болғанын, одан қайда кетіп қалғанын сұраған. Куәгер сол кезде өздерін полиция ұстап алғанын айтқан.

Куәгерді бірінші рет көргенін айтқан Тоқтаубаев Азамат Нұрбекова Эльмираның нөмірін қалай және қашан сақтап алғанын түсіндіріп бере алмады.

STAN.KZ
Жұма, 16 Мамыр, 2025 11:34
Талқылау