Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ақтөбеде ағаштарды кесіп, жаңа нысан салмақ болған кәсіпкердің әрекеті тұрғындарды ашуландырды

Видеодан скриншот

Ақтөбеде көше бойындағы тал-теректі жаппай шауып тастаған кәсіпкердің әрекетіне тұрғындар қарсы шықты. Сөздерінше, кәсіпкер табиғатқа қастандық жасап жатыр. Олар ағаштарды кесуге жол бермейміз деп отыр. Себебі жаңа нысан салынса, серуендейтін жер қалмайды дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбеде Кеңес Нокин даңғылының бойындағы ағаштарды жұмысшылар кесіп жатқаны көпті ашуландырды. Айтуларынша, жайқалған жасыл желек сол маңдағы үйлерді шаң-тозаңнан қорғап тұр. Тұрғындар шулағаннан кейін жұмыс тоқтап, аумақ қоршалған. Халықтың сөзінше, 12 соттық жерде 200-ге жуық ағаш егілген. Кей талдардың биіктігі бес қабатты үйге жетіп қалады дейді. Халық оның орнына жаңа нысан салуға түбегейлі қарсы.

“Біз үлкейдік, бізге ауа керек. Жүреміз, балалар жүреді. Оның бәрін шауып тастаса, айналаның бәрі үй. Соны жазып, айтып жатырмыз. Онымен нәтиже болған жоқ. Бізге жүретін жер керек. Айналада саябақ жоқ. Ештеңе жоқ. Мына жақтан шаңнан басқа дым көрмейміз”, – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Сәнім Жамигова. 

Ал әкімдіктегілер бұл жердің жартысын кәсіпкер 2021 жылы сатып алып, қалғанын жалға алғанын айтты. Ол бес талды тамырымен алып, басқа жерге егуге рұқсат алған дейді.

“Жалға алынған жерден бес талды басқа жерге орналастыруға ЖКХ-дан рұқсат алған. Қазір тұрғындардың наразылығы бойынша жиналыс өткізіп, алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Кәсіпкер ол жерге рұқсат қағазы бойынша СТО, көлік жуатын орын салуға рұқсат алынған. Қазір сол тоқтатылып, айыппұл салынып, хаттама толтырылды”, – деді Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі урбанистика орталығы бастығының орынбасары Шынболат Орынтай.

Бірақ кесілген ағаштар саны бесеуден көп болып шыққан. Сондықтан кәсіпкерге айыппұл салыныпты. Жиналған жұрт прокуратураға арыз жазамыз деп тарқасты.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 08:39
Талқылау