Талғар тұрғындары әкімдік "Жастар" стадионын жекеменшікке өткізгелі жатқанын айтып, наразылыққа шықты (видео)
Фото: Видеодан скрин/2Gis
Әлеуметтік желіде Талғар қаласының халқы "Жастар" стадионының жекеменшікке өтуіне қарсы шығып жатыр. Жергілікті тұрғындар Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке үндеу жасап, спорт алаңын адамдардың емін-еркін қолдануына жағдай жасауын сұрады. Stan.kz тілшісі Алматы облысының әкімдігінен жағдайдың мән-жайын сұрап, білді.
“Стадионды жекеменшікке беруге қарсымыз. Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазинге үндеу жасаймыз, Талғар халқы стадионымызды қалпына келтіруін сұраймыз. Өйткені біз мұнда спортпен айналысамыз. Біз стадионның бұзылуына қарсымыз. Нысанды қалыпқа келтіру керек, сондай-ақ мұнда басшы мен бапкерлер қажет. Жөндеу жұмыстары керек. Бірақ нысан апаттық жағдайда емес”, – деді жиналған халық бір ауыздан.
Тұрғындар тіпті, мемлекет пен әкімдікте қаражат болмаса, 70 мың адам 1000 теңгеден жинап, 70 миллион теңгеге стадионның жөндеу жұмыстарын өз мойнына алуды ұсынды.
Осы тұста Stan.kz тілшісі ақпараттың растығына көз жеткізу үшін Алматы облысының әкімдігіне хабарласты. Облыстық әкімдік жағдайдың мән-жайын түсіндірді.
“Талғар қаласындағы "Жастар" стадионын қайта жаңғырту жұмыстары инвестиция тарту арқылы жүзеге асырылмақ. Алайда нысанды сату немесе жекеменшікке беру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Стадионның қазіргі апатты жағдайын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар оны 39 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсыныс жасады. Бұл – сатып алу құқығынсыз уақытша шара және ол қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес келеді. Мұндай шешім бюджетке түсетін жүктемені азайтып, спорттық және мәдени инфрақұрылымды дамыту үшін жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Әкімдіктің баспасөз қызметі стадионның сатылатыны немесе жекеменшікке берілетіні туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
“Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және ешқандай заңды негізі жоқ. Аталған мәселе бойынша 2025 жылғы 15 наурыз, 5 сәуір және 5 мамыр күндері Қарасай батыр көшесіндегі №6 орта мектепте қоғамдық тыңдаулар өтті. Оған қала тұрғындары, мемлекеттік органдар, инвесторлар мен қоғам белсенділері қатысты. Қабылданатын шешімдер жарияланады”, – делінген жауапта.
Әкімдіктегілер спорт алаңына қатысты нақты шешім қабылданбағанын және әлі де талқыланып жатқанын айтты. Сондай-ақ тұрғындардың барлық ұсыныс-пікірлері ескерілетінін жеткізді.

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
