"Әзілдеп салып жіберген": Желіде Талдықорған мектептерінің бірінде палаудан тарақан шыққан видео тарады
Фото: Желі кадрларынан скрин
Желіде Талдықорған мектептерінің бірінде оқушылардың мектеп асханасындағы палаудан тарақан тапқан видеосы тарады. Дегенмен мектеп директоры тарақанды тамаққа оқушылардың өздері салғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Halyqstan Telegram арнасына шыққан видеоны сол мектепте балалары оқитын ата-аналар анонимді түрде жіберген. Айтуларынша, кесірі тиіп кете ме деп өздерінің де балаларының да атын айтуға қорқады. Алайда бұдан кейін мектепте тексеріс жүргізуді талап етуде.
“Палау ішіндегі тарақан жай ғана мәселе емес. Бұл – жүйедегі немқұрайлықтың дәлелі. Қала мектептерінде тамақтануды ұйымдастыру мәселесінде шұғыл тәртіп орнату қажет екенін көрсетіп отыр. Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету қажет.
Білім басқармасынан, СЭС және басқа да уәкілетті органдардан, сондай-ақ мектеп директорларынан түсініктеме сұраймыз. Ас үйді кім тексереді? Кім жауапты? Сапаны бақылау қайда?”, – делінген видео астындағы жазбада.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Талдықорған қаласындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры Бақтияр Қасымов осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
“Мектеп әкімшілігімен бірлесіп, өзім тексеріс жүргіздім. Нәтижесінде түскі ас кезінде мектебіміздің оқушысы қызық үшін, әзілдеп өзінің ішіп отырған асына жәндікті салып жіберген. Оны видеоға түсіріп, достарына жіберген. Ал әрі қарай бұл видеоның қалай желіге тарап кеткені белгісіз. Одан бөлек, демалыс уақыттарында мектепте әркез дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Сондықтан жәндіктердің тамаққа түсіп кетуі мүмкін емес. Сонымен қатар асханадағы тазалық жұмыстарын эпидемиолог дәрігер тексеріп тұрады. Ал оқушымен алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін профилактикалық әңгіме жүргізілді”, – деді директор.
Желіде жұртшылық палаудағы тарақанның пісіп кеткенін айтып, жағдайды қызу талқылады.

"Мені қазақ емес деп ойлайды": Желіде Қазақстан туралы айтып жүрген америкалық жігіт көпті тәнті етті
