Жемқорлық үшін 17 жылға сотталған Атыраудың экс-әкімінің сакура тамашалап жүрген видеосы тарады
Фото: Видеодан скрин
Сырттай 17 жылға сотталған, халықаралық іздеуде жүрген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев әлеуметтік желідегі парақшасында Лондонда гүлдеген сакураны тамашалап жүрген видеосын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бергей Рысқалиев бірнеше жылдан бері Ұлыбританияда тұрып жатқаны белгілі. Экс-шенеунік шие гүлдерінің астында серуендеп қана қоймай, Лондонның орталығында ара-тұра көзге түседі. Бұған дейін әлеуметтік желіде оның Burberry дүкенінің алдында президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Мусинмен түскен суреті тараған еді. Мусин де Черногория азаматтығын алып, Еуропаға қоныс аударған.
Жақында әлеуметтік желіде Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің де Жапониядағы сакураға тамсанған видеосы тараған. Бауыржан Байбек Алматыны 2015-2019 жылдар аралығында басқарған. Сонымен қатар екі рет "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2022 жылғы қаңтардағы оқиғадан кейін ол шығармашылық үзіліс жасап, ел алдында төбе көрсетпеді.
Еске салайық, Бергей Рысқалиев 2006 жылдан 2012 жылға дейін Атырау қаласының және Атырау облысының әкімі болып қызмет атқарды. Түрлі дау-жанжалдан кейін ол қызметінен кетті. Атап айтқанда, ол жемқорлық, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды. Тергеу ісі шамамен бес жылға созылды. 2019 жылы Қазақстан соты Рысқалиевті сырттай 17 жылға соттады, ал оның ағасы Аманжан Рысқалиевті 16 жылға соттады.
Алайда 2020 жылы бұған дейін тәркіленген мүліктің бір бөлігі Рысқалиевтер отбасына қайтарылғаны белгілі болды. Бас прокуратура бұл шешіммен келіспей, кассациялық шағым түсірді. Жоғарғы сот бұл мәселеде тез әрі шешімді түрде прокуратураның талаптарын қолдады.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
