Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Онымен басқаша сөйлесу керек": Трамп Зеленский кездескен соң Путиннің соғысты тоқтатуға дайын екеніне күмәнданды

Дональд Трамп | фото AP

Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ президенті Дональд Трамп Римде қысқа кездесу өткізді. Олар Италияға Рим папасы Францискімен қоштасу рәсіміне барған еді. Келіссөз әулие Петр соборында болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Екі басшы 28 ақпанда Ақ үйде дауласқаннан кейін алғаш рет бетпе-бет кездесіп отыр. Сол кезде Киев пен Вашингтон сирек металл туралы келісімге қол қоюды жоспарлаған, алайда бұл болған жоқ.

“Жақсы кездесу болды. Бір-бірімізбен бетпе-бет отырып, көп тақырыпты талқыладық. Барлық айтылған мәселелерден нәтиже шығатынына үміттенеміз. Халқымыздың өмірін қорғау, атысты толық әрі сөзсіз тоқтату, соғыстың қайталануына жол бермейтін сенімді және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату — басты мақсат. Бұл өте символикалық кездесу болды, егер ортақ нәтижеге қол жеткізсек, тарихи оқиғаға айналуы мүмкін. Рақмет, президент Дональд Трамп! – деп жазды Украина президенті өзінің Telegram-арнасында.

Ақ үйдің өкілі Стивен Чунг келіссөздің өнімді өткенін айтқанмен жай-жапсарына тоқталған жоқ.

Бастапқыда екі басшы азалы жиын өткеннен кейін тағы бір рет кездесу өткізетіні хабарланған, кейін Зеленскийдің кеңсесі "басшылардың тығыз кестесіне байланысты" кездесу өтпейтінін айтты.

Бұған дейін Трамп Украина мен Ресей арасында бейбітшілік келісіміне жақын арада қол қойылатындығына сенімді екенін мәлімдеген. Жуырда оның арнайы уәкілі Стивен Уиткофф Мәскеуге барып, Ресей басшысы Владимир Путинмен кездескен.

Зеленскиймен келіссөзден кейін Трамп Ресей президентін тағы сынады. 

“Путиннің соңғы күндері бейбіт аудандар, қалалар мен ауылдарды зымыранмен атқылауына еш негіз жоқ еді. Бұл бәлкім, ол соғысты аяқтағысы келмей, әншейін мені алдаусыратқысы келе ме деген ойға жетелейді. Мүмкін, онымен басқаша сөйлесу керек шығар? "Банктік шаралар" немесе "жанама санкция" енгізу арқылы. Тым көп адам өліп жатыр", – деп жазды Трамп.

Айта кетсек, Трамп осымен Путинді сынап екінші жазба жариялап отыр. 24 сәуірде Ресей әскерінің Киевке жаппай соққысынан кейін АҚШ президенті Ресей басшысын атысты тоқтатуға шақырған.

STAN.KZ
Жексенбі, 27 Сәуір, 2025 13:24
Талқылау