“Құбырлардың 77 пайызы тозған”: Президент Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су тапшылығын азайтуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су құбыры мен кәріз желісінің тозуын аса күрделі мәселе деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
"Сарапшылар таза судың тағы бір көзі бар дейді. Бұл – Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты сулары. Оны игеруге қатысты жобаны жан-жақты пысықтап, оның экономикалық тиімділігін зерттеу қажет. Сарапшылар Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ жерасты суларынан Маңғыстау және Атырау облыстарының елді мекендеріне дейін су құбырын тартуды ұсынып отыр. Су құбырының ұзындығы шамамен 1400 шақырым болады, су өткізу мүмкіндігі – күніне 170 мың текше метр. Сол арқылы 1,2 миллион адамды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге және оның көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Ақтау қаласындағы су құбыры желісі әбден тозған, тозу көрсеткіші – 77 пайыз. Соның кесірінен судың 16 пайызы ысырап болып жатыр”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы көптеген су құбырларының тозғанын алға тартты.
"Мәселен, су құбыры Ақтауда жаңа айттым, 77 пайыз, Жаңаөзенде – 59 пайыз тозған. Кәріз желісі Ақтауда шамамен – 76 пайыз, Жаңаөзенде – 72 пайыз тозған. Бір сөзбен, нақты шаралар қолға алынуы керек. Ал шалғайда тұратын малшылардың өз бетімен құдық қазу туралы бастамасына келсек, бұл – жалпы құптарлық іс. Бұл жұмысқа 100 миллион теңге қажет деп отыр. Кемінде 50 малшы суға қол жеткізеді екен. Қолдауға болады деп ойлаймын. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әкіммен бірлесіп бұл мәселені пысықтауы керек”, – дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкімет пен "Самұрық-Қазына" қорына аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды.
"Бірінші. Облыстағы басты міндеттің бірі – тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Табиғи өсімге және көші-қон үдерісіне байланысты аймақтағы халық саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл мәселе бойынша мен жаңа да айтып кеттім. Сондықтан ауыз су мәселесінің өзектілігі күн өткен сайын арта түседі.
МАЭК-тің су тұшыту қуаты жеткіліксіз болып тұрғанын білеміз. Соның кесірінен әсіресе, жаз айларында ауыз су тапшылығы қатты сезіледі. Үш қалаға және орталық құбыр желісі бар 59 елді мекенге ауыз су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр”, – дейді Тоқаев.
Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр. Кендірлідегі жоба іске қосылған соң, Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл жобаны кешіктірмей, дер кезінде, яғни, мамыр айында аяқтау керек.
2023 жылы "Астрахань – Маңғышлақ" магистральді су құбыры жаңғыртылды. Оның су өткізу мүмкіндігі күніне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін артты. Бірақ бұл құбыр батыс аймақтың суға сұранысын толық өтей алмайды. Оның үстіне, құбыр арқылы келетін суды әбден тазарту керек. Сондықтан судың өзіндік құны қымбатқа түседі. Үкімет "Самұрық-Қазына" қорымен бірге осы аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауға тиіс.