“Денесін өртеп жіберген”: Шымкентте анасын қатыгездікпен өлтірген ұлы жазадан құтылып кетті
Шымкентте анасын өлтірген ер адамға мәжбүрлі ем шарасы тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz (оқиға орнынан)
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өзінің анасын өлтірген, психикалық дертке шалдыққан азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
"Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қаңтар айында психикалық аурумен есепте тұрған сотталушы бала кезіндегі отбасылық кикілжіңдерді есіне алып, кек алу мақсатында анасын ұйықтап жатқан кезде бірнеше рет пышақтап, қасақана өлтірген. Қылмысын жасыру үшін ол мәйітті үй ауласында жағып жатқан отқа тастап, өртеп жіберген”, – делінген ақпаратта.
Сот барысында оның кінәсі куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдермен және сот-медициналық сараптамалармен толық дәлелденді.
"Прокурор сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 3 тармағы бойынша кінәлі деп танып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, интенсивті бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуге жіберуді сұрады. Қорғау тарабы бұл талаппен толық келісті”, – делінген хабарламада.
Сот үкімімен сотталушы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Сот оны мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы қаулы шығарды.
Айта кетейік, сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Шымкентте 54 жастағы әйел жантүршігерлік жағдайда ажал құшты. Мүмкіндігі шектеулі әйелді өлтіріп, өртеп жіберді деген күдікпен өз ұлы қамауға алынды.