Бөлмені 6 ай бойы жинатпады: Қазақстандық қыз Оңтүстік Кореядағы қонақүй қызметшісі жұмысы туралы айтып берді
Желіде Кореяда 6 ай бойы жиналмай, қоқысқа батқан бөлмені көрсеткен қазақстандық арудың видеосы тарады. Мотельде (шағын қонақүй) жұмыс істейтін 33 жастағы қызылордалық Мөлдір Қобыланқызы шетелге несиелерін жауып, болашағына жағдай жасау үшін кеткен. Айтуынша, тұратын жері тегін, айлығы 950 мың теңгелік мотельді тазалау жұмысында көптеген оқиғаларға кезігіп жүр. Тіпті Кореяда құрт жасап сатып, қосымша табыс табатын қазақстандық Stan.kz тілшісіне басқа елдегі өмірінен сыр шертті.
Фото: Мөлдірдің жеке архивінен
Мөлдір Кореяға 2022 жылы кеткен. Айтуынша, бұл шешімге елдегі аз жалақы мен басындағы қаржылық қиындықтары себеп болған.
“Мамандығым – экономист-бухгалтер. Колледж бітірген соң алты жылдай еліміздегі үлкен техника сататын супермаркетте аға кассир болып жұмыс істедім. Білесіз, Қазақстанның жалақысы несиеден артылмайды. Оған қоса туған-туысқан достардың ортасында туған күн, той, отырыстар бар. Сонымен алған айлығың қайда тартсаң да жетпейді.
Отбасымда әкем өмірден өтіп кеткен. Біз бұған дейін көпқабатты үйде тұратынбыз. 2021 жылы үлкен жер үй алдық. Әрине, оны ипотекаға алдым. Оған қоса, үйдің ішін жиһаз сияқты қажет заттармен толтыру керек болды. Оның бәріне ақша мүлдем жетпей кетті. Бір несиемді жабу үшін екінші несие алуыма тура келді. Қатты қиын болды. Сонымен Кореяға кету туралы ой келе бастады. Онда бару үшін көп ақша кететінін біліп, көлігімді сатып, дайындалдым”, – деді қазақстандық бойжеткен.
“Несиелерімнің бәрін жауып, елге көлік жіберіп қойдым”
Мөлдірдің Кореяға келгеніне қазір үш жыл болған. Айтуынша, алғаш келген кезде жаңа елге тез сіңіскенімен қиындықтар да болған екен.
“Бастапқыда ақшаны үнемдеп тек раменмен тамақтанған да сәттер болды. Алты жыл орындықта отырып жұмыс істеп қалған адамға 12 сағат бойы зауытта аяқтан тік тұрып еңбектену оңай болмады. Оның үстіне бұл жақта бәрін тез істеуің керек.
Қазір мотельде тазалық жұмыстарын істеймін. Айлығым 2 миллион 600 мың вон (ол теңгемен шамамен 900-950 мың теңгедей болады). Үй тегін, бастығымыз жататын жерді тегін береді. Мен коммуналдық шығынын ғана төлеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Таңғы 8:00-ден, түскі 16:00-ге дейін. Әрине мотель болғасын, оны жинап жүргесін таза жер деп айта алмаймын”, – деп қосты ол.
Фото: Мөлдірдің жеке архивінен
Дегенмен Мөлдір осы еңбегінің арқасында жағдайын реттеп алғанын жасырмады.
“Несиелерімнің бәрін жаптым. Алға қойған мақсатыма біртіндеп жетіп келе жатырмын. Елге барғанда бәрі дайын тұрсын деп көлік те жіберіп қойдым. Барлық жағдайымды жасауға максималды түрде кірісіп жатырмын”, – деп қосты ол.
“Жұмыста 6 ай бойы сыртқа шықпаған адамның қоқыс басқан бөлмесін жинадым”
Мөлдір өзі жұмыс істейтін мотельге көбіне іссапарға келген адамдар қоныстанатынын алға тартты. Айтуынша түрлі оқиғаларға да кезігіп жүр екен.
“Келушілер кеткен кезде біз төсектерін ауыстырып, қоқыстарын жинап, дәретхана мен жуынатын бөлме ішін тазалап, орнына жаңа заттар апарып қоямыз. Ал қазан айында бір кәріс жігіт біздің мотельден бір бөлмені жалдады. Келесі күні әкімшілік бізге бұл қонақтың күйзелісте екенін, мазаламауды сұрағанын айтты. Ол кезде біз: “тіптен жақсы болды, күніне бір бөлмені аз жинаймыз” деп қуанып жүре бердік. Әрі кетсе бір апта, он күндей болатын шығар деп ойладық. Алайда ол кісі бір ай жатты, одан екі ай тіпті алты айға созылды. Осы уақыт арасында кәрістердің бірнеше мерекесі болды. Ал жаңағы жігіт бірде-біреуінде бөлмеден шықпады. Тек күнде есігінің алдына тамақ пен керек-жарағын тапсырыспен алдырып жүрді. Күн сайын есігінің алдында тамақ, сусындар келіп тұрады. Әлгі жігіт есігін тек кішкентай етіп ашып, тамағын кіргізіп алатын. Тіпті біз оның түрін көргіміз келетін. Қанша қарасақ та есігін айқара ашпайтын”, – деп қосты ол.
@moldirkoblankyzy1 ♬ оригинальный звук - 🦋Молдир Кобланкызы🦋
Мөлдір күйзелістегі жігіттің сол бөлмеден тек алты айдан кейін бір-ақ шыққанын алға тартты.
“Негізі Кореяның менталитетінде адам қатты күйзеліске түссе, бір үйден немесе бір бөлмеден шықпай қалатын әдеттері бар екен. Олар уақытында тамақтануды ұмытпайды. Алайда ешкіммен көріспейді. Ешкіммен сөйлеспей, араласпай бір өзі ғана бөлмеден шықпай қояды. Бұл кәрістерге жапониялықтардан жұққан әдет.
Ал сол жігіттің бөлмесі қалай алты айлық қоқысқа толғанын видеодан көрдіңіздер. Видеоға қарап, көбі кәрістерді лас, салақ деуі мүмкін. Алайда олай емес. Себебі “жаман ұлт болмайды, жаман адам болады” демекші, салақ адам әр ұлтта да бар шығар. Бірақ кәрістердің ішінде өте таза адамдар көп. Мұнда адамдар моншаға көп барады. Тіпті 60-70 жастағы зейнеткерлердің күнде моншаға барып жүретіндерін көріп таңғалғанмын. Таза емес болса, олай жүрмес еді”, – деп қосты қазақстандық.
“Кореяда құрт сатамын”
Мөлдір мотельдегі жұмысынан бөлек Кореяда қызық іс бастап, қосымша табыс табатынын да айта кетті.
“Кореяда жүріп жеңгелерімнің құртын сағындым. Сөйтіп поштамен алдырайын десем, келісіне 18 мың теңге төлеуім керек екен. Сонда 3 келі құрт алдырайын десем, 60-70 мың теңге болып кетейін деп тұр.
Сосын анама, жеңгеме хабарласып, құртты сағынғанымды, оны өзім дайындағым келетінін айттым. Сөйтіп осында дүкенде сатылатын, литр сүттерді алып келдім. Бұл жақта бір жақсысы қаймағын алмайтындықтан сүттері қою, майлы болады. Сондықтан құртым да сап-сары майлы болады. Кореяның сүтінен құртты өзім дайындай бастадым. Қазір сатып та жүрмін. Екі ай болды, адамдар жақсы алып жатыр”, – деді ол.
@moldirkoblankyzy1 ♬ sonido original - hanni_fresia
“Елге оралғанда біздің адамдардың суық ортасына қайта үйренісу қиын болады-ау”
Қазақстандық бұл елдің бізбен салыстырғанда барлық жағынан дамып кеткенін алға тартты. Айтуынша, тіпті ақша жағынан да мүмкіндіктер көп. Қаржылай қиналып қалған жағдайда бір күндік жұмысқа шығып 30-50 мың теңге аралығында табуға болады екен.
“Ең бастысы ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Үстіңде үй киімімен, тәпішкемен көшеде кетіп бара жатсаң да саған ешкім күліп, таңғалып, қолын шошайтпайды. Бәрі қарапайым. Мұнда сен еден жуушы, қоқыс тазалаушы, тіпті үйсіз-күйсіз көше кезген адам болсаң да бәрі саған бірдей қарайды. Басын иіп амандасады. Тіпті бастықтар қызметкерлерімен бірге отырып, тамақтанады. Адамдар өте қарапайым. Бұл жақта дәрежеңе қарап бөлмейді. Жұмыс істеген адамды бағалайды.
Ал Қазақстанда ол жағынан түсінік төмендеу. Сәл қызметі жоғарырақ адам болса мұрынын шүйіріп сөйлей бастайды. Жауап бергісі келмейді.
Мәселен, жақында Кореяда қасымда болған құрбым елге қайтты. Барғанда маған бірден хабарласып, енді керісінше, өз елімізге үйренісу қиын болып жатқанын айтты. Ол вокзалда пойызының қашан, қай жолға келетінін сұрағаны үшін қызметкерден ұрыс естіпті. Мен де ертең барғасын солай қиналатын шығармын”, – деп қорытты ол.
@moldirkoblankyzy1 ##работа ♬ Once again - 매드클라운 & 김나영