Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түскен ақшамен жабамыз деп оңбай қателестік": Қазақстандықтар несие алып той жасап, миллиондап қарызға батқан (видео)

Кейінгі жылдары несиеге той жасау — елімізде кең таралған құбылысқа айналды. Банктен несие алып, бір күндік қуаныш үшін жылдар бойы төлем жасауға мәжбүр болғандардың саны артып келеді. Қазақстандықтар TikTok әлеуметтік желісінде осындай оқиғаларын баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: onthe.io

Айнұр Маратқызы есімді TikTok қолданушысы той өткізу үшін 4 миллион теңге несие алғанын хабарлады. Олар қонақтар әкелетін ақшалай сыйақы арқылы несиені жабамыз деп ойлапты. 

“Қолымызда өзіміз жинаған 1 миллион теңге болды. Сонда да той жасауды ұйғардық. Несие алсақ, қонақтар тойға ақша әкеледі, онымен несиені жабамыз, бәрі керемет болады деп ойладық. Той біткен соң түскен ақшаны санасақ, бар болғаны 1 миллион 200 мың теңге шықты. Сосын көңіл-күйіміз су сепкендей басылды. Өзіміздің жиған-терген ақшамыз да қалмаған. Содан кейін оңбай қате жасағанымызды түсіндік", – дейді желі қолданушысы. 
@ainur_maratovnaa История из форума. Свадьба в кредит #трешистория #истори #историяизжизни #жизненнаяситуация #форум #мужжена #отношениямужчинаиженщина ♬ оригинальный звук - Ainur

Сондай-ақ ол той біткен соң нағыз үлкен өмір басталды дейді. 

"Күйеуім екеуміздің өміріміз қуанышпен емес, қарыздан басталды. Бірнеше ай бойы бал айы туралы ойламай, үнемдеуімізге тура келді. Кімге сенгенімізді түсінбеймін. Керісінше өзімізді былыққа батырдық. Несие алып, той жаса деп ешкім мәжбүрлеген жоқ. Жай ғана үйленіп, бал айына барып, несиесіз өмір сүруімізге де болар еді. Сіздерге айтар кеңесім, несие алып, той жасаудың қажеті жоқ. Оның құны да жоқ", – дейді желі қолданушысы. 

Фото: Видеодан скрин

Тағы бір желі қолданушысы 5 миллион теңге несие алып, той жасағанын жеткізді. 

“Қонақтар ақша әкелсе, артығымен табамыз деп ойлап, 5 миллион несие алдық. Тойды жоғары деңгейде өткізіп, қарызымызды еш қиындықсыз өтейміз деп ойладық. Той керемет өтті. Қонақтар көңіл көтерді, қуанды. Той біткен соң күйеуім екеуміз берілген ақшаны санасақ 1 миллион теңге ғана түсіпті. Қазір банкте қарызымыз бар, өтеп жүрміз”, – дейді желі қолданушысы. 
@zhan9_akh свадьба в долг😱😱😱 история с просторов соц.сетей #историиизжизни #свадьба #семья #реальность #трешистория ♬ оригинальный звук - Громче, чем сериал⚡

Желі қолданушысы соңында үлкен қате жасағанын түсінгенін айтты. 

“Сол кезде үлкен қате жібергенімізді түсіндік. Той аяқталып, бізді шынайы өмір күтіп тұрды. Той бақытты өмірдің бастауы болады деп ойладық. Бірақ оның орнына қаржылық тығырыққа тірелдік. Ең ауыры бұл іске өзіңнен басқа ешкім кінәлі емес. Бізді ешкім несие алуға мәжбүрлеген жоқ. Жай ғана әдемі тойды армандадық”, – дейді ол. 

Аталған жағдайға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі той жасамай, есесіне үй алғанын айтса, енді бірі тойдың өмірде бір-ақ рет болатынын, міндетті түрде жасау керегін жеткізді. 

"Той жасамадық. Кішігірім кеш өткіздік. Есесіне 4 бөлмелі пәтер алдық”, “Әйелім қазақ. Той жасаудан, қалыңмал төлеуден бас тарттым. Қарапайым жұмысшы болдым. Той жасамағанымыз үшін бәрі сынады. Дегенмен отау құрғанымызға 10 жылдан асты. Үш баламыз, жақсы көлігіміз бен бірнеше тұрғын үйіміз бар”, “Несиеге той жасаудан бас тарттық. Енді келін жақ бізді әлемдегі ең жаман адамдар деп санап жүр”, “Той жасағаныңа қалай өкінуге болады. Той өміріңде бір рет болады. Ал ақша тек қағаз, оны табуға болады. Той жақсы естеліктермен есте қалады”, “Не үшін өкінесің!? Той өмірде бір-ақ рет болады. Жан аман болса қарызыңнан құтыласың”, “Арада 20-25 жыл өтеді. Тойдың естелігі, балаларың, немерелеріңмен бірге түскен фото естелік болып қалады. Ал мәселелер тез ұмытылады. Бізде де ақша болмай той жасамадық. Бірақ қазір жасамағаныма өкінемін” – деп жазды олар. 

Ал жақында ҚБТУ түлегі Дарина Мамырова қазақстандық отбасылар түрлі мерекелер мен тойларға қанша ақша жұмсайтыны туралы зерттеу дайындады. Оның айтуынша, әр отбасы жыл сайын орташа есеппен 1 ​​012 429 теңге жұмсайды. 

"Салтанатты іс-шаралар, оның ішінде үйлену тойлары, мерейтойлар, жерлеу, қоныс тойларға, т.б. ай сайынғы шығынның 30-40%-ы кетеді. Жан басына шаққанда мерекелерге жұмсалатын жылдық сома – шамамен 78 184 теңге. Ең көп шығындалатын той – үйлену тойы. Қыз ұзату орта есеппен 1,75 миллион теңге болса, үйлену 1,68 миллион теңге шығады. Қоныс той немесе көлік алғанын тойлауға шамамен 1 миллион теңге жұмсайды. Мерейтойлар шамамен 834 мың теңгеге бағаланады. Жерлеу рәсімін өткізу 820 мың теңге тұрады. Баланың туған күнін тойлауға кететін шығын – орта есеппен 523 мың теңге", – дейді Мамырова. 

Сондай-ақ ол қазақстандықтар қонақ болғаны үшін де шығындалатынын жеткізді. 

"Мысалы үйлену тойға қонақтардың сыйлығы – шамамен 927 мың теңге. Ал бесік той сынды қуанышқа 362 мың теңге жұмсайды. Елдегі отбасылардың 30%-ының негізінен банктерден (66%) және микрокредит ұйымдарынан (17%) алған несиелері бар. Дегенмен жалпы Қазақстан бойынша ресми статистика халық арасындағы берешек деңгейінің әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді", – дейді Мамырова. 

Сараптамаға сәйкес, жас отбасылар мерекелерге ақшаны көбірек жұмсайды. Ал жасы үлкен және отбасы мүшелерінің арасында қарт туыстары бар жанұялар салтанатты шараларға аз жұмсайды.

Талқылау