Спортпен айналысып көзге түскен 70 жасқа таяған қазақстандық жас көрінудің құпиясын бөлісті
Желіде 70 жасқа таяған Зәуре Темірханова есімді алматылық көпшілікті тәнті етіп жүр. 5 немеренің стильді әжесінің күнде спортпен айналысып, жас болып көрінуінің сыры көпшілікті қызықтырады. Зәуре өмірде өте белсенді. Айтуынша, ол денсаулығына өте жақсы қарайды. Тіпті арнайы қан тапсыру тәсілімен тамақтану ережелерін қалыптастырған. Одан бөлек, ағылшын тілін үйреніп, қоғамда белсенділік танытады. Өмірімді өзіме ғана арнаймын деген әже Stan.kz тілшісіне жас болып қалудың құпиясын бөлісті.
Фото: Зәуре Темірханованың жеке архиві
Зәуре Темірханова қазір 68 жаста. 4 баласы, 5 немересі бар химик әже былтыр зейнетке шыққан. Дегенмен Зәуре өзін ешқашан қартайдым деп санап, денсаулығы мен белсенді өмірін назардан тыс қалдырмағанын айтады.
“Екі жылдан соң 70 жасқа толамын. Уақыт зымырап жатыр. Қазір ең керемет жасымдағы өмірімді сүріп жатырмын. Балаларыма тәуелді емеспін. Оларға тәуелді болғым да келмейді.
Адамның жаны туғаннан жас. Ол ешқашан қартайғысы келмейді. Әрқашан шабытқа толы, жас, бақытты болғысы келеді. Ал егер жаныңыз өзіңізден шаршаса, тәніңізді тастап кетеді. Мен өзімнің ішкі әлеміме қажетін беріп, үйлесімді өмір сүріп жүрмін. Себебі өмірде ең үлкен ұстанатын қағидам бірінші орында жаратушы, екінші орында мен”, – деді ол.
Алматылық заманауи әженің күнтізбесі өте тығыз көрінеді. Ол жүзуге барып, спортпен айналысады, өзіне күтім жасап, ағылшын тілін үйреніп, көп кітап оқиды екен. Зәуре тіпті әр киімі зиян келтірмейтіндей сапалы әрі стильді болуына назар аударатынын айтты.
“Дұрыс тамақтану үшін қан тапсырамын”
Зәуре сыртқы келбетке ғана емес, сонымен қатар ағзаға да үлкен мән беріп, күту қажет екенін алға тартты.
“Ең біріншіден, егер өздеріңізді жақсы көрсеңіздер дұрыс тамақтанудан бастаңыздар. Тамақты шамадан тыс тойып жеу – үлкен күнә. Маған дұрыс тамақтану бағытын зерттеген ұнайды. Тіпті қазақтардың тамақтануы туралы арнайы бағдарлама жазғым келді. Түнде бешбармақты, бауырсақты өкіртіп жеуге болмайтынын баршаға түсіндіргім келеді. Өзім аз тамақтанамын, бірақ сапалы”, – деді ол.
Фото: TikTok желісінен скрин
Зәуре тіпті дұрыс тамақтану үшін Алматыдағы арнайы клиникада қан тапсырып тұрады екен.
“Қан арқылы ағзаны танып, зерттеу жасайтын құрылғылар Қазақстанда әлі жоқ. Мен Алматыдан Мәскеу лабораториясымен жұмыс істейтін арнайы емхана таптым. Сонда қан сараптамасын тапсырып, Мәскеуге жіберіп, жауабын күттім. Олар маған не жеуге болады, нені мәзірімнен шығарып тастауым керек екенін тізбелеп берді. Анықталғандай, осы уақытқа дейін сүйіп жеген тағамдарымды маған мүлде тұтынуға болмайды екен. Ал ұнатпайтын тағам түрлерін керісінше, көбірек жеуім керек болып шықты. Міне, осы сараптамадан соң, дәрігерлердің нұсқаулығы бойынша тамақтана бастадым. Нәтижесінде шлактар кетіп, ағзам жасара бастады. Энергиям екі есе пайда болып, сапалы өнімдерді тұтына бастадым”, – деп бөлісті ол.
Дегенмен алматылық әже әр адамның ағзасы әртүрлі болатынын түсіндірді. Сондықтан біреуге қарап емес, алдымен медициналық тексерістен өтіп барып, тамақтану ережелерін орнату керек екен.
“Әр адамның саусақ іздері әртүрлі болатынындай, ағзасы мен қаны да әртүрлі болады. Сондықтан тамақтану бағытында әркімге жекелей сараптама жасаған жөн. Барлық адам вегетариан бола алмайды. Біреулерге ақуызды көбірек тұтыну қажет болса, біреулерге оны мүлде жеуге болмайды. Біреулерге көмірсуларды жеуге болса, біреулерге мүлде болмайды. Міне, қазір мен өз ағзама не қажет екенін қан тапсырып біліп алдым. Сол бойынша тамақтанамын”, – деп қосты алматылық.
@zaure_temir #CapCut ♬ original sound - Aayat_Fajar
“52 жасымда шаңғы тебу спортымен айналыса бастадым”
Заманауи әже зейнетке дейін біраз қызметте жұмыс істеген. Еліміздің отандық кәсіпорындарында да, шетелдік компанияларда да, тіпті мемлекеттік қызметте де еңбек еткен. Алайда өміріндегі ең батыл шешім 52 жасында шаңғы тебуді үйрену болыпты.
“Шаңғы тебу – спорттың ең экстремалды түрі. 52 жасымда мен бұл спорт түрін игеріп алдым. Шаңғыны еркін басқару жай барып бірден үйрене салатын дүние емес. Бұған бұлшықетің дайын болуы керек. Міне қазір қанша уақыт өтсе де, содан бері Шымбұлақ, Ақбұлақта үнемі шаңғы тебемін”, – деп қосты ол.
Зәуре өзгелерге кеңестерін де бөлісе кетті. Айтуынша, уақытында ұйықтап, уақытында тұру өте маңызды.
“Адамдарға айналада ақыл айтатындар өте көп. Бірақ бұл ақылды адам қабылдамауы мүмкін. Сондықтан бәрінің айтқанына емес, өз-өзіңе ақыл айт. Алдымен қағазға өзіңе не істеу керегін жазып ал. Қазір барлық адамның қолында мобильді телефон бар. Кейін диктофонға жазып тыңдауға болады. Мен көз алдыма әлі күнге дейін кішкентай Зәурені елестетіп оған жылы сөздер айтамын. Өз-өзіме бақыт екенімді, айналамның барлығы мені жақсы көретінін, денімнің сау екенін айтамын. Ал ауырамын деп шағымданатындарды мүлде түсінбеймін”, – деп қосты алматылық.
Фото: Зәуре Темірханованың жеке архиві
“Балалар, отбасым” деп құл болып отыру дұрыс емес”
Зәуре Темірханова жас көрінуінің тағы бір құпиясы бақытыңды өзгелерге байламауда екенін түсіндірді. Айтуынша, отбасы, балалар деп өзіңді құрбан ретінде көрсету дұрыс емес.
“Әже болу – керемет сезім. Немерелеріңнің әрқайсынан өзіңнің бір қабілетің мен ұқсас тұстарыңды байқап отырасың. Қазір балаларымның барлығы бөлек тұрады. Оларға байланып отырмаймын. Себебі өз өмірім бар. Дүниеге әкеліп, қанаттарын қатайтқан соң әрі қарай адам болу олардың өз міндеттері. Бізде көбіне әйелдер өз бақытын баласына байлап қояды. Сосын “өмірімді отбасыма арнадым” деген сылтаумен өзіне қараудан бас тартады. Бірақ “балалар, отбасы” деп құл болып отыру дұрыс емес. Жолдасың да, балаң да уақытша. Олар сен үшін ешқашан жауап бермейді. Тек бақытсыз адамдар ғана баласына жармасып, “бақытым осы бала” деп оған үлкен ауырлық салады. Бақыт ол сенің өзің болуың керек. Бұл тіпті өзіңнен бұрын балаларыңның жолын жауып, кедергі келтіруің. Сондықтан “жасым келді, болды” деп отырмай сол балаларыңның сенімен мақтануы үшін өзіңмен жұмысты тоқтатпау қажет”, – деп жеткізді Зәуре.
Қолы босай бермейтін заманауи әже немерелерімен қарым-қатынасы туралы да айта кетті.
“Өз басым күнделікті спорт, жаттығу мен түрлі курстарға бару секілді шаруалардан қолым босамайды. Балаларым немерелерді әкелгісі келсе, міндетті түрде алдымен менің күнтізбемді сұрап алады. Ал әже ретінде мен өте жұмсақпын. Тіпті кейде балалар: “немерелеріңді тым еркелетесің” деп жатады. Ал мен оларға “әже ретінде еркелетіп, жылу беру менің міндетім, ал тәрбиелеуді өздерің атқарып алыңдар” деп айтамын. Себебі жас кезімде балаларымды ешкімнің көмегінсіз жұмыспен қатар жүріп өзім тәрбиеледім”, – деп қосты ол.
Фото: Зәуре Темірханованың жеке архиві
“Тырысқан спорттық киімің не, ұят емес пе” дейді”
Зәуре өзін заманауи жаңашыл әже ретінде көретінін алға тартты. Сол арқылы өзгелерге де үлгі болғысы келеді екен.
“Маған желіде “хиджаб кимейсің бе, осындай жаста тырыстырып спорттық киімің не, ұят емес пе” деп жатады. Ұят емес! Қарттық 90 жаста келеді. 60-74 егде жас, 75-89 кәрілік, 90-нан әрі қарай асқандарды ұзақ жасағандар деуге болады. Мен енді ғана егде жасқа жетіп жатырмын.
Адам негізі жанын қандай да бір шектеулермен қамап қояды. Әркез ертеңнен үміт күтіп: “қазір мына қиын сәттер өтіп кетеді, сосын ертең бақытты боламын” деп өмір сүреді. Алайда ондай адам өмір бойы сол бақытты сәтті күтіп, бақытты бола алмай кетеді. Ал мені дәл қазір осындай күйден сақтайтын ішкі әлемім”, – деп қорытты Зәуре.
@zaure_temir ♬ оригинальный звук - Zaure_temir