Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күшті жыладым ба?": Қазақстандықтар жаназада біреуді жалдап жоқтау айтқызатындарды сынады

Желіде қазақтардың жаназада жоқтау айтуын екіжүзділік деп сынаған актердің видеосы тарады. Айтуынша, өзі көрген жаназада жоқтау айтып жылап отырған әйелдердің бірі сыртқа шығып, “қалай жыладым” деп жымиған. Желі қолданушылары да жаназада өтірік жылайтындардың көп екенін айтып, қызу талқылаған. “Жоқтау айтатындарды жалға алады” дегенді естуіңіз бар ма? Жаназада жоқтау айтқан дұрыс па? Stan.kz тілшісі дін мен этнограф мамандардан ежелден келе жатқан дәстүрдің қаншалықты орынды қолданылып жүргенін сұрап білді. 

Фото: ntv.com.tr

TikTok желісіндегі видеоүзіндіде қазақстандық актер Ақжол Пірімбетов туысқан атасының жаназасына барған кездегі оқиғасын бөлісті. 

“Ол кісінің денесі бір бөлмеде жатты. Ал мына жақтан балалары кәдімгідей қайғырып, жылап жатты. Ер адам ретінде қазан-ошақтың жанында көмек көрсетіп жүрдім. Бір қарасам, сыртта екі ер адам ішіп отыр екен. Ішке кірсем, жылап отырған жеті-сегіз әйелдің бірі айқайлап жылайды да, кейін бері шығып: “күшті жыладым ба?” деп жымияды. Анау жерде менің психикам құртылды. Жоқтаудың дауысы онша емес қой. Онсыз да іштей жаман сезімде тұрған едім”, – деді ол. 

Желі қолданушылары да бұл факттің қоғамда жиі кездесетінін айтып, талқылай түсті. 

“Иә, енем қайтыс болғанда қайын әпкелерімнің өтірік жылағандарын көргенмін. Адамдар ақша берсе тоқтап, санап-санап алады да, қайта жылайды”, “Көрдік, сол кезден кейін адамдарды жек көріп кеттім”, “Біздің қазақтар туа сала әртіс қой. Тіпті өнер институттары керек емес”, – деп жазды көпшілік. 

“Біреуді жалдап, өтірік жылатып қою дұрыс емес”

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы жоқтау жаназада марқұм болған адамға деген жақынының қимастығы мен махаббатынан айтылатын ғұрып екенін алға тартты. 

“Жаназада жоқтау айтатындар болады. Сосын сол адамға көрісіп келетіндер болады. “Өлімнің сәні жоқтау” дейді. Әкесі анасы қайтқанда отырып, бала-шағасы жоқтамаса, “артында жоқтаушысы жоқ екен” деп айтады. 

Жоқтау айту – бұл ол адамның саған қаншалықты жақын, қымбат екенін білдіретін дүние. Одан бөлек мұнымен адамның шері тарқайды, қайғы-мұңы жеңілдеп, ішіндегісін шығарады. Сондықтан қатты жылама деу де дұрыс емес. Жоқтауда ол адамның сен үшін қаншалықты қымбат болғанын, қандай жақсылықтар жасағанын түгел айтасың. Келген адамдар соны тыңдайды”, – деді маман. 

Бұлбұл Кәпқызы жоқтау айтатындарды қазіргі кезде жалдаған оқиғаларды да өз көзімен көргенін алға тартты. 

“Өзбекстанның қазақтарында сондай бар екен. Бұл деген дұрыс емес. Осы Қарақалпақстан, Өзбекстаннан келген қазақтар жоқтауды бір-біріне жазып беріп, кейін оқып айтады екен. Бұл да дұрыс емес. Жоқтау адамның шын ниетінен шығуы керек. Жалдап алып, біреуді жылатып қою қазақта болмаған. Ал қазір жоқтайтын адамы жоқ болғандықтан осындай дәрежеге жетіп отырмыз”, – деп қосты ол.

Маман жоқтауды айтатын адамдар арасында жас шамасы қойылмайтынын түсіндірді. Айтуынша, ес білетін кішкентай баладан жасы жеткен ақсақал, аналарға дейін айтса болады екен. 

“Негізі жоқтауды қызы мен келіні айтады. Ал денені апарып жерлеп келгеннен ер адамдар кейін артында қалғандармен келіп көріседі. Сосын сол ер адамдар мен әйелдер отырып тағы жоқтау айтады. Бізде жаназада көптеген ырымдар жасалмай жатыр. Жоқтаусыз жаназа өтпейді”, – деп қорытты этнограф.

“Дүниеден озған кісіге кімнің қатты, кіммнің жай жылап жатқаны әсер етпейді”

Ал исламтанушы имам Бауыржан Есмахан жоқтау дәстүрінің шариғатта бар екенін айтады. Алайда оны қалай айтудың да өзіндік ережелерін ұстану қажет екен.

“Жоқтау туралы құран кәрімде ашық айтылмаса да, Мұхаммед пайғамбардың сүннетінде бар. Онда пайғамбар Ухуд шайқасынан оралып, Медина қаласына келгенде қала тұрғындарының соғыста шейіт болғандарға жоқтау айтып тұрғанын көреді. Пайғамбар мұның не екенін сұрағанда: “халық марқұм болған жақындарының жақсылығын айтып, жоқтап тұр” деген жауап алған. 

Исламда әдет-ғұрыпқа да қарайды. Қазақтың әдет-ғұрпында жоқтау айту бар. Қорыта келгенде ғалымдар жоқтау дәстүрі шариғатта бар екенін айтады. Алайда қалай айтылуы керек екенін де білген жөн”, – деді имам.

Бауыржан Есмаханның сөзінше, дүниеден озған кісіге кімнің қатты, кімнің жай жылап жатқаны әсер етпейді. 

“Алайда шариғатта тыйым салған да жағдайлары бар. Онда мәселен: шаштарын жұлып, көйлектерінің жағаларын жыртып, іштерін тырмалап, құдайға сөз тигізіп, жаман нәрселер айтуға тыйым салынған.

Дауысын қатты шығарып, әдепке сай келмейтін әрекеттер жасаса, періштелер қашып кетеді дейтін де ақпарат бар. Ал періштелер жоқ жерге жамандық үймелейді. Сондықтан шариғатта айқайлап, әдепсіздік танытуға сол үшін тыйым салынған. Ал былайша жақсы сөздерімен сабырлы түрде жоқтау айтып жылап алуға болады”, – деп қосты ол.

Исламтанушы жоқтаудың марқұмға деген шынай махаббаттан, сағыныштан шығатынын алға тартты. Айтуынша, шынайы қайғырған адамдар көбіне іштей көндігіп, күбірлеп, көзіне жас алады. 

“Негізі ислам дінінде екіжүзділік жасауға болмайды. Біреуге барып, “дауысың жақсы жылап берші” деу дұрыс емес. Жоқтау деген адамның ішінен, шын жүрегінен шығуы керек. Көбіне мұнда үлкен кісілер отырады. Ал біреуді жалдау деген дұрыс емес. 

Дінде адам шынайы болуы керек екені айтылған. Сондықтан бір жақта жылап, шығып алып күлген адамды жаратушы жақтырмайды. Дінде мұнафықтар (екіжүзділер) деген бар. Екі жақта да жүре беретін, өз ұстанымы жоқтар. Бұл – сондай әрекетке жақын нәрсе. Сондықтан бұл құпталмайды”, – деп қорытты ол. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандықтардың жаназаны қалай шығарып жүргені туралы жазған едік. Мұнда туысқандардың тамақ ұрлап, басқалардың үйді сынайтыны айтылған.

@aibekry

 

♬ оригинальный звук - Пайдалы кеңестер
Талқылау