Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев билікке келген 6 жылда не өзгерді – Саясаттанушылар пікірі

2019 жылдың 19 наурызында елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Қазіргі мемлекет басшысының билікті тізгіндегеніне биыл –  6 жыл. Еліміздегі саясатшылар мен сарапшылар осы уақыт ішінде жасалған реформалар мен экономикалық жетістіктерді Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Фото: Stan.kz

2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы қызметінен кететінін хабарлап, өкілеттіктерін тәжірибелі дипломат, халықаралық істер жөніндегі сарапшы әрі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Сол кезде бірқатар шенеуніктер 30 жыл ел басқарған Назарбаевты қимай, көзіне жас та алды. Дегенмен араға біраз уақыт салып, олар экс-президенттің режимін қатаң сынға ала бастады. 

Тоқаевты экс-президенттен ерекшелендіретін нәрсе – сайлау. 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс сайлау өтіп Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Ал оның басты қарсыласы Әміржан Қосанов 16,23% дауыс жинады.

2022 жылы Қаңтар оқиғасында Тоқаев билікке толық бақылау орнатуға қадам жасады. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Кәрім Мәсімовті қызметінен босатып, қамауға алды. Ал Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесі басшысы қызметінен шеттетті. Ал 2022 жылдың маусымында Конституциялық реформа нәтижесінде Назарбаевтың ерекше мәртебесі жойылды.

2022 жылдың қарашасында Тоқаев кезектен тыс президент сайлауында 7 жылдық мерзімге қайта сайланып, толыққанды билікке ие болды.  

“Президенттің басшылығымен алты жылда айтарлықтай жетістікке жеттік”

Премьер-министр Олжас Бектенов Тоқаевтың президенттігінің алты жылдығына арналған мақаласында Қазақстанның осы кезеңдегі жетістіктерін атап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылдың соңында елдің ЖІӨ 288 миллиард долларға (143,5 триллион теңге) жетті. Бұл Қазақстанды жоғары табысты елдер қатарына жақындатты дейді ол. 

Премьер-министр экономика саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенін айтты.

“Ал Энергетика саласында электр энергиясын тұтыну 14% өсіп, шамамен 120 миллиард кВт/сағ болды. Осыған байланысты ядролық энергетиканы дамыту қолға алынды. АЭС құрылысының орны анықталды", – дейді Бектенов. 

Премьер-министрдің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан кейінгі алты жылда айтарлықтай жетістіктерге жетіп, тұрақты даму жолында ілгеріледі.

“Президенттің 2022 жылғы реформасы тұрақты саяси жүйе құруға бағытталды”

Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев президенттің 2022 жылы 16 наурыздағы Жолдауы Қазақстанның саяси дамуының жаңа кезеңіне өтуінің шешуші сәті болды деп есептейді. Оның пікірінше, реформа процесі саяси бәсекелестікті дамытуға және аппаратты партиялық ықпал етуден тазартуға мүмкіндік берді. 

“Президенттің маңызды қадамдарының бірі Конституциялық соттың құрылуы. Мемлекет басшысы өзінің осы бастамасымен партия мен мемлекеттік аппараттың бірігуіне тосқауыл қойды", – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының пікірінше, 2022 жылғы реформалар отбасылық-кландық топтардың билікті басып алу қаупін азайтуға және тұрақты саяси жүйе құруға бағытталды. 

“Тоқаев құрылтай сайын жақсы сөздер айтады, бірақ жүзеге асып жатқан жоқ”

Саясаттанушы Дос Көшім елдегі басты үш мәселеге тоқталып өтті. Оның айтуынша, бірінші басты мәселе – саяси бағыт. 

“Сайлау мен саяси партия туралы заңдарға бірді-екілі баптар енді. Бірақ жүйеге еш әсер етпейтін баптар кірді. Тоқаев келгелі үш рет сайлау болды. Сайлау жүйесі, оны өткізетін адам да өзгерген жоқ. Халық та әділетсіз сайлау өтіп жатыр деген оймен келісетін шығар. Демек саяси реформа жүзеге асқан жоқ. Бірақ Тоқаев билікке келген уақытта “түбегейлі саяси реформа жасаймыз” деген еді”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының сөзінше, Қазақстандағы тағы бір басым бағыт – ұлттық мәселе. Онда тұтас қазақтың мәселесі қамтылған.

“Бұл бағытта өзгеріс көрген жоқпын. Қайта кері кетіп барамыз. Қазақ тілінің дамуын, оның барлық салада қолданылуын көрмедік. 6 жылда тілдегі мәселелерді өзгертуге бағытталған бірде-бір қадам жасалмады”, – дейді Дос Көшім. 

Дос Көшімнің сөзінше, үшінші бағыт – әлеуметтік-экономикалық мәселе. 

“Бектенов, алты жылда ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 85 мыңға дейін көтерілді деді. Екі есе көтерілді, ол дұрыс. Бірақ осы алты жылда қызанақ, қияр 150 теңгеден 1 000 теңгеге, яғни алты есе қымбаттады. Елімізде бағаның көтерілуі кейінгі 4-5 жылда күтпеген деңгейге жетті. Билік алты жыл бойы Ұлттық қорға қол салу арқылы соның бәрін жауып отырды. Ұлттық қорда 2014 жылы 77 миллиард долларымыз (38,5 триллион теңге) болды. Бұл болашаққа арналған, ешкім қол сұқпауға тиіс ақша еді. Қазір 58 миллиард доллар (28,897 триллион теңге) қалды. 20 миллиард долларға жуық ақша Тоқаев басқарған алты жылда жоқ болып кетті”, – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ саясаттанушы қазіргі атқарушы билік пен саяси бағыттағы жүйені өзгертетін билік те бұрынғы күйде қалды дейді.

“Жаңа Қазақстан”, “Әділетті Қазақстан” деген жақсы ұрандар бар. Президент әр құрылтай сайын жақсы сөздерді айтады. Бірақ оның жүзеге асып жатқанын көріп отырған жоқпыз. Оны жазып отырған сол бұрынғы адамдар, Назарбаевпен бірге жұмыс істеп келе жатқан шенеуніктер. 6 жыл ішінде екі премьер-министр ауысты. Бірақ саяси, экономикалық және ұлттық бағытта келелі өзгеріс көріп отырғаным жоқ. Бұрынғы жұмыс тәсілі өзгерген жоқ. Олар – коммунистік, әкімшілік-әміршілдік жүйенің жолымен жүретін адамдар. Олармен бәсекелесіп келе жатқан ешқандай топ, саяси күш жоқ”, – дейді Дос Көшім. 

Саясаттанушының сөзінше, бәсекелестік болмаса, билік пен саяси басшылық ауысып тұрмаса, осындай батпақта қала береміз. 

“Назарбаев құрған билік жүйесі сақталып қалды”

Политолог Димаш Әлжанов та алты жылда ешқандай елеулі өзгерістер болған жоқ дейді. 

"Егер соңғы оқиғаларға көз жүгіртсек, яғни 2022 жылдың қаңтарын ескерсек, саяси жүйеде айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Оның себебі неде? Бұл Назарбаевтың кезіндегідей президенттің қолындағы өкілеттіктердің жоғары болуымен байланысты. Қазір конституциялық реформадан кейін де сол күйінде қалды. Иә, президенттің билік ету мерзімі өзгерді. Бірақ бұл жағдайды түбегейлі өзгертпейді. Өйткені президент биліктің үш аймағын да, яғни парламентті, судьялар мен облыс әкімдерін тағайындауды өзі бақылайды. Олар президенттің тікелей өкілдері. Назарбаев құрған орталықтандырылған билік жүйесі сақталып қалды", – дейді политолог. 

Политологтың сөзінше, қазір Қазақстанда ашық түрде еркін саяси қызметпен айналысу мүмкін емес.

"Егер саяси қызметпен ашық түрде айналыссаңыз, депрессияға ұшырайсыз немесе бірнеше жыл түрмеде жатасыз. Тағы бір параметр – экономика. 2000 жылдардан кейін экономиканы бұлай орталықтандыру Назарбаев тарапынан жүргізілді. Экономиканың негізгі салаларын бақылау үшін ірі корпорациялар мен мемлекеттік сектор командасы құрылды. Экономиканы мемлекеттік бақылаудың бұл моделі әлі де бар. 2022 жылы Тоқаев ірі мемлекеттік корпорациялардың квазимемлекеттік секторының қызметін қайта қарау қажет екенін айтқан еді. Бірақ ештеңе жасалмады. Олар әлі күнге дейін экономиканың негізгі ойыншысы болып қала береді", – деді Димаш Әлжанов. 

Политологтың сөзінше, бұл жағдай экономикалық дамуды айтарлықтай тежейді. Сол себепті ешқандай өзгерістер болмайды. 

"Назарбаев билігі кезінде сыбайлас жемқорлық схемалары пайда болды. Оның басында Назарбаев пен оның отбасы мүшелері тұрды. Бұл модель әлі күнге дейін сақталған. Бірақ Назарбаев пен оның отбасы мүшелері бұл схемаға енбеген. Бірақ схеманың өзі қалды. Сондықтан Назарбаевтың билігі мен Тоқаевтың билігінің арасында түбегейлі өзгерістер болды деп айта алмаймыз. Біз де қоғамның экономикалық және саяси қызметін қатаң бақылайтын жабық авторитарлық жүйе болып қала береміз", – деді политолог. 

Сондай-ақ политолог Тоқаев әкімшілігінде қабылданып жатқан шешімдер билікті нығайтуға және сақтап қалуға бағытталғанын жеткізді. 

"Алдағы уақытта не болатынын жоспарлай алмаймыз. 2029 жылғы сайлаудың қалай өтетіні, ол мерзімінен бұрын бола ма, өкілеттікті ұзартудың қандай да бір үлгісі қолданыла ма, белгісіз", – дейді ол. 

Айта кетсек, Тоқаев 2019 жылдан 2025 жылға дейін ел президенті ретінде бірқатар саяси реформаларды жүзеге асырды.

Суперпрезиденттік басқарудан бас тарту және парламент рөлін күшейту

2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің басқару жүйесі суперпрезиденттік республикадан күшті парламенті бар президенттік республикаға өтетінін мәлімдеді. Ол мұндай жүйе қоғам игілігі үшін пайдасын тигізетінін айтты. 

Сонымен қатар президент реформалардың тек қағаз жүзінде ғана қабылданбауы қажет екенін ерекше атап өтті. 

Президенттің жақын туыстарының биліктегі лауазымдарға тағайындалуына тыйым салды

Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында президенттің жақын туыстарына қандай тыйым салынатынын айтты. 

"Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуы тиіс. Сондықтан президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым енгізілетін болады", – деді президент. 

Тоқаев президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің актілерінің күшін жоюға немесе қолданылуын тоқтата тұруға құқығы барын айтты.

Елімізде Конституциялық сот құрды

Ата заң ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылдың 1 қаңтарында Конституциялық сот құрылды. Бұл институт азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге ықпал етті. 

Тоқаев көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар екенін айтып, оған кез келген адам өз сауалын жолдай алатынын жеткізді. 

Сайлау жүйесіндегі өзгерістер

Тоқаев жолдауында саяси жаңғырудың мақсаты азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру керегін айтты. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы жүзеге асыру қажет екенін жеткізді. Осылайша президент аралас сайлау жүйесін енгізіп, Мәжіліс депутаттарының 70%-ы пропорционалды, ал 30%-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болды.

Жаңа облыстардың құрылуы

Әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдіру мақсатында Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Бұл шешім аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталды.

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы

Президенттің бастамасымен "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама бойынша Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Қаржы бала 18 жасқа толған соң баспана немесе білім алуына жұмсалады. 

Бала құқықтарын қорғау саласындағы шаралар

Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын нығайтуға тапсырма берді. Бүгін президент адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар маңызды тапсырма берді.

Осы орайда үкіметке бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын одан әрі дамыту, оның инфрақұрылымын және жергілікті жерлердегі өкілдіктерінің мәртебесін нығайту мәселелерін пысықтау міндеті жүктелді.

Талқылау