Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық келіншектің онлайн тапсырыспен берген бриллиант бұйымы поштада жоғалып кеткен

Шығысқазақстандық 35 жастағы Ақмарал Болатқан Қазпошта арқылы тапсырыс берген 280 мың теңгелік брилиант бұйымын сол күйі ала алмаған. Айтуынша, Ақтаудан келуі керек болған қымбат тапсырыс жолда ұрланып кеткен. Ал оның несиесін келіншек әлі төлеп жүр. Тапсырыс жеткізу орындарының қауіпсіздігін сынаған Ақмарал Stan.kz тілшісіне оқиға туралы баяндады.  

Фото: Ақмарал Болатқанның жеке архиві

Зайсан қаласының тұрғыны брилиантқа тапсырысты 2023 жылдың жаз айында берген. Айтуынша, өзіне жасаған сыйлығын асыға күткен.

“Күйеуіммен ақылдаса келе интернет дүкеннен бриллиант жиынтығын бөліп төлеуге алғым келді. Тапсырысты берген соң 1 аптадан кейін бұйымдарды жіберді. 

Зайсан кішкентай қала болғандықтан мұнда үлкен жеткізу пунктері жоқ. Сондықтан әркез поштадан келетін тапсырыстар алдымен Өскеменге жіберіледі. Кейін жан-жақтағы аудандарға жіберіледі. Бақылау картасынан тапсырысымды қарап отырдым. Сол кезде Өскеменнен Зайсанға жіберілгені шығып тұрған еді”, – деді Ақмарал. 

Ақмарал сәрсенбі күні тапсырысын қолына алатынына сенімді болған.

“Сөйтіп уақыты келгесін Зайсанда тапсырысымды алуға барсам, әлі келмегенін айтты. Араға бірнеше күн салып Зайсанның Казпоштасына үш рет бардым. Сонда да жоқ екенін айтты. 

Кейін пошта бастығына кіріп, тапсырысымның қымбат екенін, жиынтықтың бриллиант болғанын жеткіздім. 24 айға бөліп төлеуге алғанымды айтып, жағдайымды түсіндірдім. Осылайша басшылық Өскеменге хабарласты. Алайда Өскемен тапсырысты жібергендерін айтты. Солайша, Зайсан Өскеменнен сұрап, Өскемен Зайсаннан көріп жүргенде екі аптадай уақыт өтті. Тамыз айының аяғында алтын бұйымдарымның ұрланып кеткенін білдім. Онда да өзім Өскемендегі Казпоштаның қауіпсіздік қызметінің номерін интернеттен іздеп шағымдандым. Қауіпсіздік қызметкері камераны қарағаннан кейін затымның ұрланғанын баяндады”, – деп қосты ол. 

Ақмарал оқиғадан кейін Өскеменге барып арыз жазған. Алайда полициядан еш көмек болмай жатқанын алға тартты.

“Барып телефонымдағы барлық дәлелдерді тапсырдым. Алайда еш нәтиже жоқ, еш хабарсыз. Несиесін әлі төлеп жүрмін. 

Ал пошта болса маған ешқандай залал ақы төлей алмайтынын айтты. Себебі тауарды жіберген кезде дүкен егер бағалы зат болса, оны ескертіп, пайыздық ақысын төлеп жіберуі керек болған. Дегенмен дүкен бұларды орындамағандықтан пошта ешқандай ақы төлемеді. 

Бұл жерде дүкеннен еш күманданбаймын. Олардың тауарды жібергені анық. Тапсырыстың қашан қайда жіберілгенін бақылап отырдым”, – деп түсіндірді келіншек.

Осы мәселеге орай Stan.kz тілшісі Қазпоштадан пікір сұрады. Дегенмен пошта қымбат тауарды тапсырыс берер кезде бірнеше ережені ұстану керек екенін ескертті.

“Бағасы қымбат тұратын телефон, бұйым немесе өзге де заттарды тапсырыс берген кезде сатушы дүкен олардың құндылығы туралы ақпаратты беруі керек. Яғни қымбат заттарды жеткізетін бөлек сервис бар. Бұл сервисте заттың дұрыс қапталуы, қауіпсіз жеткізілуіне аса назар аударылады. Сәйкесінше, бұл тапсырыс түрінде тауардың бағасына қарай белгілі бір пайыз ақы төлейсіз. Сол пайыз ақыны төлегендердің тапсырысы орта жолда жоғалып жатса, пошта көлемде тапсырыс ақысын да, тауар ақысын да толық өтейді. 

Ал Болатхан есімді тұрғынның жоғалған заты бойынша оқиғаны тергеуді жалғастырып жатқан Өскемен қаласының полиция басқармасына жедел ақпарат бердік. Қазір оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарлаймыз. Айта кету керек, жіберушінің ақпаратына сәйкес, сәлемдеме Instagram дүкені арқылы жасалған. Бұл жағдайда жіберуші жеке тұлға емес, коммерциялық ұйым болғандықтан, жіберуші оқиға үшін жауап береді. Біз кінәлілерді анықтауға және залалдың орнын толтыруға бар күшімізді саламыз”, – деді Қазпоштаның баспасөз қызметі.
Талқылау