Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қабырғалар жарылып кеткен": Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жаңа үйлердің сапасына шағымданды

Құлсарыдағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жаңа үйлердің сапасына шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NewTimes.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: newtimes.kz

Құлсары қаласындағы су тасқынынан кейін "Болашақ" шағын ауданындағы жаңа үйлерге қоныс аударған тұрғындардың айтуынша, үйлерінің қабырғалары жарыла бастаған.

Су тасқынынан зардап шеккендердің бірі Замира Алакаеваның үйі тасқыннан кейін жарамсыз болып қалған. Әкімдік тұрғынға "Болашақ" шағын ауданынан жаңа пәтер беріпті. 2023 жылдың 23 қыркүйегінде ол жаңа үйдің кілтін алған. Қараша айында отбасы жаңа үйге қоныс аударған, алайда бірнеше ай өткен соң қабырғаларда жарықтар пайда болып, жаңа үй апатты жағдайға түскен.

"8 наурыз күні таңертең қабырғаларда жарықтар байқап қалдым. Сол күні түсте мердігер компанияға қоңырау шалдым. Олар мамандарды жібереді деді, бірақ ешкім келмеді. Тек 9 наурыз күні сағат 18:00-де мен өзім әкімдікке шағыммен бардым, содан кейін ғана мамандар келді", — дейді Замира. 


"Былтыр жүздеген үй суға кеткен": СҚО тұрғындары су тасқынына қарсы салынған бөгетке көңілдері толмай, наразылығын білдірді


Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова құрылыс басқармасы жағдайдан хабардар екенін және тексеру жүргізіліп жатқанын айтты. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсаинов мәселені зерттеу үшін мамандар жіберілгенін мәлімдеді.

"Бүгін менің орынбасарым оқиға орнында болып, жағдаймен танысты. Қазір ол жерде мердігер ұйымдардың өкілдері де бар. Алты үйде жарықтар анықталды. Алдын ала қортындылар бойынша негізгі себеп — қардың көп түсуі мен септиктердің толып кетуі. Қазір техникалық тексеру жүргізілуде. Егер іргетастары зақымданбаған болса, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бір апта ішінде соңғы шешім қабылданып, содан кейін жұмыстар басталады", — деді Құсаинов.

Құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырысты облыстық құрылыс басқармасы берген. Аталмыш үйлерді салу үшін сегіз мердігер ұйым тартылыпты.

Үйлердің кепілдік мерзімі — бір жыл. Жарықтар пайда болған бір үйді "Армандастар-Атырау" компаниясы, тағы бір үйді "Казкомсервис", төрт үйді "ABC-Limited" компаниясы салған.

"Қазіргі уақытта біз осы компанияларға ресми хат жіберіп, өз есебінен қалпына келтіру және техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап етеміз. Егер жөндеу қажет болса, ол кепілдік мерзімі ішінде жасалады", — деді Нұрберген Құсаинов.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда су тасқынынан кейін үйлер салған компания ақшасын әлі күнге дейін алмай жүргенін мәлімдеген еді. 

Талқылау