Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда адам ағзасын сатумен айналысқан ер адам сотталды

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты адам ағзаларын сатып алу-сату ісімен айналысқан ер адамға үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: istockphoto.com

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері 2023 жылдың күзінде елдің бірнеше өңірінде жедел тергеу жүргізіп, қара нарықта адам ағзасын сатумен айналысқандарды ұстады. Олардың арасында ағза іздеушілер ғана емес, дәрігерлер мен нотариустар да болған. Алайда ұсталған ондаған күдіктінің арасында тек екі адам ғана сотқа тартылып, олардың өзі шартты жазамен жазаланды.

Бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан Ислам Ұзақбай есімді азамат 2021 жылы Түркияда бүйрек трансплантациясын жасап, Алматыдағы медициналық орталықта емделген. Осы кезде оған науқастарға донор тауып беріп ақша табу туралы ой келген. Өздігінен бұл істі жүргізе алмайтынын түсінген ер адам тергеуде анықталмаған Айман есімді адаммен байланысқан.

Ер адам гемодиализ кезінде бүйрек трансплантациясына мұқтаж бір жігітпен танысып, оған донор табуға көмектесетінін айтып, 10 миллион теңге сұраған. Жігіт алдымен отбасысы туралы кеңесіп алатынын айтқан, бірақ Ұзақбай оған жиі хабарласып, жағдайын сұрап, сеніміне кірген.


“Қарызым болды”: Бүйрегін саудалап, полицияға ұсталған қазақстандық сотта куәлік берді


Жігіттің жағдайы нашарлап, гемодиализ көмектеспей қалған кезде ол туыстарымен келіп, трансплантация мен донор іздеуге келісім берген. Ұзақбай оған бәрі ресми түрде және квота бойынша жасалатынын айтып, кезек күтпей алу үшін 10 миллион теңге төлеуді ұсынған.

Осы уақытта Айман интернетте Астанадан 8 миллион теңгеге бүйрегін сатуға келісетін донор тапқан. Әйел донорға Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ота жасатуға уәде берген.

Донор мен науқас жігіт аталмыш орталықта тексеруден өтіп, кейін ота жасалыпты. Отадан кейін Ұзақбай науқастан донор үшін тағы 10 миллион теңге сұраған. Осылайша, алғашқы клиент бүйрек үшін 20 миллион теңге төлейді.

Бұл істің табысты екенін түсінген Ұзақбай тағы бір науқас пен донор тауып, Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ота жасатқалы жатқанда қолға түскен.

Сот күдікті Ұзақбайды кінәлі деп тауып, 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Бүйрегін сатпақ болған донор да кінәлі деп танылып, 2 жылға шартты түрде сотталды.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде қарыздарынан құтылу үшін бүйрегін сатпақ болған ер адам сотталған еді.

Талқылау