Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2 жасар бүлдіршін 6,5 сағат наркозда жатты": Астанада бала өліміне себепкер болған стоматологияда тағы дау шықты

Астанада бала өліміне себепкер болған стоматологияда тағы дау шықты. Болған жайттан кейін 2020 жылы лицензиясынан айырылады деген Доктор Бро стоматологиялық емханасы атауын өзгертіп, әлі қызметін жалғастырып жатыр екен. Қаңтарда стоматологияда тіс дәрігерлері үшін шеберлік сағаты өткен. Алайда шеберлік сағатына қатысушылар ондағы санитарлық талаптардың сақталмағанына, кішкентай балаға қауіп төндіргеніне наразылық білдірді. Stan.kz тілшісі оқиғаны зерттеп, аталмыш емхананың жұмысы туралы ақпарат іздеді. 

Фото: dr.zarina_bakytzhan Instagram-парақшасынан скриншот

Бес жыл бұрын баланың денсаулығына ауыр зардап әкелген Астанадағы "Классик - Ара“ ЖШС енді “Доктор Бро” стоматологиясы емес, қазір Tiara Dentistry деген атпен жұмыс істейді. 

Қаңтарда атышулы стоматологияда шеберлік сағаты өткен. Мұны Астана - Что? Где? Когда? Facebook-арнасында Ерлан Сәкенов мәлімдеп, жағдайды бақылауға алуды сұрады.

“2 жасар бала 4-6 сағат наркозда болды”

Сөзінше, шеберлік сабағы санитарлық талапқа сай емес, өте көп адам кішкентай кабинетте отыруға мәжбүр болды. Сонымен қатар 2 жасар бала ұзақ уақыт, яғни 2 сағат орнына 4-5 сағат наркозда жатқан. Ол шеберлік сағатына қатысқан тіс дәрігерлерінің пікірлерін бөлісті.

“Қарапайым стоматологиялық бор жоқ, дәрігерлердің аппаратында су бітіп қалған, онсыз тіс ұлпасы яғни еті күйіп қалады. Лектор жұмыс орны қандай болу керегін фотоға түсіріп жібергенін айтады. Ал клиника түк дайын емес, ол фотоны ешкім көрмепті. Көмекшілері аспаннан түскендей жүр. Ұйымдастырушылар шеберлік сағатына келушілерге, лекторға жауапкершілікпен қараған жоқ. Соған қарап, өз пациенттеріне де немқұрайлы қарайтынын көре аламыз. 

Дайындықтың жоқтығынан наркоз ұзаққа созылады. Бала 2 сағат емес, 4, тіпті 5 сағаттай ес-түссіз жатады”, – деді тіс дәрігері Айдана Серікқызы.

Фото: dr.zarina_bakytzhan Instagram-парақшасынан скриншот

Тағы бір тіс дәрігері 200 мың теңгелік шеберлік сағатында ешқандай жағдай жасалмағанын айтты.

“Біз шу шығарып, наразы болдық. Себебі дәлізде отыру үшін емес, оқуға келдік. Сонда 200 мың теңге төлеп, 2 күнде тіркеуді жапқан курсты стоматологиялық аппаратты жөндегенін күту үшін алдық па?!”, – деді Зарина Бақытжан.

Сөзінше, кабинет өте ыстық әрі тар болды.

“Ешқандай стерильдік жоқ, түрлі жағымсыз иіс шығады. Адам өте көп болған соң наркоз салатын аппаратты қарау ыңғайсыз болды. Стоматологияларды мемлекет бақыламайтыны өте өкінішті”, – деді астаналық тіс дәрігері.

“1 кабинетке 34 адамды отырғызды”

Астаналық тіс дәрігері Ирада Бабашева да шеберлік сағаты стандарттарға сай емес екенін жазды.

“Қаладағы жарнамаланған клиника танымал балалар тіс дәрігерін шеберлік сағатына шақыртқан. Алғашында сабақ 6-7 адамға өтеді деп уәде берді, бірақ бір кабинетке 34 адамды отырғызып қойды. Ешқандай жағдай жасалмаған, қабырғаға тіреп қағазбен сурет салып көрсетіп тұр, мұндай сұмдықты еш жерден көрмедім. 

2 жасар бүлдіршіннің ата-анасы қайда қарап отыр? Бала 6,5 сағат наркозда жатты. Бұл осы жастағы бала үшін өте қауіпті. Оның үстіне 34 адаммен бір бөлмеде қалған соң ауа да жоқ!”, – деді ол.

Камилла Армановна есімді тіс дәрігері де санитарлық талаптардың сақталмағанынан өзін нашар сезініп, ауырып қалғанын жазды.

“35-40 адамды 14 шаршы метр тар бөлмеге кіргізіп қойды. Ауа жоқ, қозғалатын жер жоқ, бір-біріміздің бетімізге демалып тұрдық. Ал сондай жерде балаға ота асалып жатыр. Маған көп дегенде 6-10 адам болады деген еді. Мұнда арнайы басқа қаладан келген тіс дәрігерлері бар. Сыйластық қайда? Ауа жетпей, өзімді нашар сезіндім, жедел жәрдем шақыруларын өтіндім”, – деді маман.

Сөзінше, бор, апликатор, цемент сынды құрылғылар да дайын болмаған. 

Қатысушыларға шеберлік сағаты үшін ақшалары қайтарылмапты. Десе де олар желіде наразылықтарын жарыса жазды.

Бес жыл бұрынғы дау

2019 жылдың 26 желтоқсанында Анастасия Зеленая астаналық “Доктор Бро” стоматологиясында 2 жасар қызының тісін емдеткен. Тіс дәрігері кішкентай Алисаның кариесін анестезия салып емдемек болған. Наркоздан кейін қыз анафилактикалық шок алып, комаға түседі. Бала 11 күн комада жатып шыққан, ақыры жарты жылдан кейін көз жұмды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті сол кезде стоматология тарапынан бірнеше заңбұзушылық пен қателік болғанын айтқан еді. Яғни Алисаға берілген наркозды төрт жасқа дейінгі балаларға егуге болмайды. Сондай-ақ анестезиолог-реаниматологтың сертификатының мерзімі өтіп кеткен.

“Анестезиолог-реаниматолог баланы жалпы анестезия басталғанға дейін 15 минут бұрын ғана қараған, ал стандартқа сәйкес жоспарлы хирургиялық араласу алдында баланы отадан 24 сағат бұрын тексеру керек. Бала ота алдында толық тексерілмеген”, – деп мәлімдеді комитет мүшесі. 

2020 жылы департамент стоматологияны лицензиясынан айыруға ниетті екенін айтқан еді. Яғни емхананың қызметіне тыйым салу үшін оларды сотқа берген. 

Ал қыздың отбасына стоматология моральдық шығын ретінде 26,5 миллион теңге төлеу міндеттелді. Қыздың ата-анасы оларға кешірім беретінін айтып, мәселені ушықтырмауды сұрады. 

Осыдан кейін стоматологиялық емхананың тағдыры не болғаны айтылмаған еді. 

Комитет стоматологиядағы жағдай туралы айтудан бас тартты

Stan.kz тілшісі Астана денсаулық сақтау басқармасынан стоматология бес жыл болған оқиғадан кейін лицензиясынан айырылды ма, не себепті басқа атпен жұмыс істеп жүр, бала өлімі үшін кім жазаға тартылды, қандай шаралар қабылданды деген сұрақтар қойды. Алайда басқарма сұрақтарды Астананың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментiне жолдау керек деп қайырды.

“Стоматология Астана денсаулық сақтау басқармасының қарамағындағы ұйым емес, оларға жаза немесе шара қолдану басқарманың құзыретіне кірмейді. Жағдайдың растығын баяндау және осылай жабылып қалған медициналық мекеменің жаңа атпен ашылуын анықтау да құзыретімізде емес”, – деп мәлімдеді елорданың денсаулық сақтау басқармасы.

Тілші сауалын денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жолдады. Олар мұны “дәрігерлік құпия” деп атап, жауаптан жалтарды.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 273-бабының 2-тармағына сәйкес, медициналық көмекке жүгіну, азаматтың денсаулық жағдайы, диагнозы туралы ақпарат және оны тексеру және өзге де мәліметтер дәрігерлік құпия деп саналады. Дәрігерлік құпияны жария етуге жол берілмейді. Сол себептен бұрын жүргізілген/жүргізілмеген жоспардан тыс тексерулерге қатысты ақпарат бермейміз”, – делінген жауапта.

Одан бөлек медициналық курс, шеберлік сағаттарды өткізудің талаптарын да айтпай қойды. Жоспардан тыс тексеріс жүргізуді сұраған сауалымызға да оңтайлы жауап берілген жоқ.

Талқылау