"Қорқытып, ұрып-соғады, жарақат алсақ та қарамайды": БҚО-да түрмеде жазасын өтеп жатқан бір топ азамат қысым көретіндерін айтып шағымданды
БҚО-да №28 мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтар қызметкерледің өздеріне қысым көрсетіп, ұрып-соғатынын айтып шағымданды. Айтуларынша, мұнда жарақат алғандарға еш көмек көрсетілмейді, қажетті берілуге тиіс заттар берілмейді. Ал түзету мекемесі болса, шағымданған азаматтардың аса ауыр қылмыспен сотталғанын айтып, олардың тәртіп бұзатындарын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: редакцияға келген видеодан скрин
Түрме Орал қаласындағы Ақтөбе көшесі 29, Құрылыс 28-мекемеде орналасқан. Редакциямызға осында жазасын өтеп жатқан азаматтардан хабарлама келді.
“28 мекемеде бізге қысым көрсетілуде. Қорқытып, ұрып-соғады”, “Мен Файзуллин Александр қоғамға үндеу жасағым келеді. БҚО облысындағы жазамды өтеп жатырған 28 мекемеде жағдай нашар. Мекеме әкімшілігі түрмедегілерге арандатушы әрекеттер жасайды. Біздің айтқан талап шағымдарымызды құлаққа ілмейді. Өзім онкологиялық аурумен ауырамын. Бірақ қолымызды кесіп, жарақат алып жатсақ та, бізге қарамайды. Осылай етуге тура келіп тұр”,
“Олар бізді балағаттап, боқтап, өз-өзімізге қол жұмсауға мәжбүрлейді. Бізді ұрамыз деп қорқытады. Киімдерімізді таптап, берілетін заттарымызды алып кетіп жатыр”, – делінген түрмеден жіберілген видео үндеуде.
Оса оқиғаға қатысты Stan.kz тілшісі БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен мән-жайды сұрады.
“Батыс Қазақстан облысының №28 мекемесінде сотталғандар ұстау режиміне наразылық ретінде өздеріне шамалы дене жарақатын салды. Медициналық көмек көрсетілді. Ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ.
Бұл сотталғандар белгіленген режимді қасақана бұзушылар. Ауыр және аса ауыр қылмыстар ( педофилия, зорлау, тонау және ұрлық) жасағаны үшін жазаларын өтейді. Барлық фактілер бойынша қызметтік тексеру тағайындалды”, – деді ведомство.