Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үстелде, еденде толып жүр": Астаналық танымал дәмханада тамақтың қасында тарақан жүргенін айтып шағымданды (видео)

Астана тұрғыны танымал дәмханалар желісінде тарақандар жайылып жүргенін айтып шағымданды. Сөзінше, тапсырыс берген тамағы келген кезде үстел үсті мен еденде шабуылдаған жәндіктер қатты шошытқан. Тамақты жеуден бас тартқан тұрғын келушілер жақтағы жәндіктердің асханада да барына сенімді. Көпшілік келетін орыннан көңілі қалған тұрғын Stan.kz редакциясына оқиға туралы баяндап берді. 

Фото: Stan.kz Динара жіберген

28 жастағы Динара сенбі күні “Degirmen” дәмханасына барған. Кішкентай баласымен келген ол дәмхана жағдайынан қатты шошыған.

“Әпкеме қонаққа келген едім. Осы дәмханаға кірдік. Алайда кейін мына жағдайдан қатты шошыдым. Дәмханада үстелідің үстінде, қабырғада, еденде тарақандар жайылып жүр. Әкелген тамақты жемейтінімізді айттым. Ал даяршы болса төлемді сұрап, тамақты өзіммен бірге әкетуімді ұсынды. Тарақандарды көргенде дірілдеп кеттім. Ештеңе жемей аштан-аш кетіп қалдық. Ал аспаз болса: “мен не қылайын енді” деді. Оларға да бәрібір сияқты”, – деді ол.

Динара асүйде де жәндіктердің барына сенімді екенін айтты.

“Дәмхананың ішінде балалар ойнайтын да жер бар. Ал еденде тарақандар жүр. Демек асүйде жәндіктердің барына сенімдімін. Бұл жерге тамақтануға келетіндер көп қой. Адамдар мұнда не болып жатқанын білсе деймін!

Оқиға 15 ақпанда болды. Сенбі болғасын дәмханада не басшы, не әкімшілік қызметкер болмады. Ал жексенбі барғанымда ертең келіңіз деп қайтарып жіберді”, – деп шағымданды ол. 



Динара әзірге ешқандай комитетке шағым жасамаған. Алайда алдағы уақытта арызданатынын айтты. 

Редакциямыз жағдайға қатысты дәмхананың өкілдерінен пікір сұрады. 

“Бұл ақпаратты сол кезде басшылыққа айттық. Кейін басшылық бәрін қолына алды. Сол күні түнде дезинфекция жасалды. Бүгін таңертең барып тексеріп келдік. Бәрі жақсы. Дегенмен алдағы уақытта дезинфекция әлі де бірнеше рет жасалатын болады. Бұған дейін жәндіктер ғимарттан табылған жағдайлар болды. Дезинфекция жасатқанбыз. Бұл кісі шағымданған кезде де жылдам іске кірістік”, – деді мекеме. 

Талқылау