Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұратын жер, тамақ тегін таңғажайып аралдамын": Қазақстандық ару Мальдивте жұмыс істеп, 2 миллион теңгедей жалақы алады

Желіде Мальдив аралдарында жұмыс істеп 2 миллион теңгеге жуық айлық алатын қазақстандық ару көптің назарын аударып жүр. 24 жастағы Талдықорған қаласының тумасы Анель Гарифуллинаның аралда еңбек етіп жүргеніне бір жылға таяп қалған. Ол Қазақстандағы жалақымен несиелерін өмір бойы өтейтінін ойлағанда шетелге кету мүмкіндігін дереу іздей бастаған. Ару табиғаты таңғажайып, көбі ислам дінін ұстанатын аралға тегін барып, тегін тұрып, сонымен қатар ақша табу мүмкіндігіне қалай ие болғанын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Фото: Анель Гарифуллинаның жеке архиві

“Өз елімде тапқан ең үлкен жалақым 250 мың теңге”

Анель Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды логистика мамандығы бойынша аяқтаған. Алайда елде мамандығы бойынша жұмыс істемеген. 

“Анам 11 жасымда қатерлі ісік ауруынан көз жұмған. Ал әкеммен араласпаймын. Ол менің тәрбиеме мүлде қатысқан емес. Бала кезімде бір-екі рет қана көргенмін. Сол себепті жанұям туралы аса айта бермеймін.

Қазақстанда көп жерде жұмыс істедім. Солардың арасында ең көбі Талдықорғандағы киім сататын дүкен болды. Мұнда міндетіме келушілерді қарсы алып, оларға кеңес беру, киімдерді сату кірді. Сонымен қатар модель ретінде суретке түсіп, әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізетінмін. Міне, осынша міндетке 150 мың теңге айлық алатынмын.

Бұдан кейін екі ай уақыт лаундж-барда әкімшілік қызметте жұмыс істедім. Бұл өте күйзеліске толы сәттер еді. Ол жақта мен шамамен 200-250 мың теңгедей жалақы алдым. Бұл – менің Қазақстанда тапқан ең үлкен жалақым”, – деді ол.

“Үсті-үстіне жиналған несиемді жауып, тарықпай өмір сүргім келді”

Арудың дүниетанымы мен ойы шетелге алғашқы сапары кезінде өзгерген. Ол 2022 жылдың соңында құрбысымен Дубайға демалысқа баруды шешкен. 

“Бұл менің шетелге шыққан алғашқы сапарым болса да, ойларым мен көзқарастарымды түбегейлі өзгертті. Әлемді, айналамды көргендей болдым. Дубайдың қатты ұнағаны соншалық, сол жақта жұмыс істегім келді.
Әрине, бұл сапарға несие алып бардым. Себебі Қазақстандағы жалақымның жайы белгілі. Дегенмен сонда да шетелге шыққаным өз пайдасын тигізді. Есімде, осы кезден бастап несиеге, қарызға кіре бастадым. Біреуін өтеу үшін басқасын алатынмын. Себебі айлық табыс мүлде жетпеді. Осылайша, менің төлеуім қажет несиелерім көбейіп кетті”, – деп қосты бойжеткен.

Анель бұл сапарынан кейін Дубайда жұмыс істеудің амал-тәсілін қарастыра бастаған. Алайда қымбат әрі бәсекесі жоғары қала болғандықтан ақша жинау қиын екенін ұққан. Айтуынша, онда табыс тек күнкөріске жұмсалып кетуі мүмкін.

“Сол сәтте маған желіде Мальдив аралдарына барып, біраз табыс тауып келген жігіттің видеосы шыға қалды. Ол өзгелерді де шетелге жұмысқа тұрғызумен айналысады екен. Сөйтіп, құрбым екеуіміз көп ойланбастан Алматыға сол жігіттің кеңсесіне жол тарттық. Ол жерден түрлі кеңес алдық. Сонымен 1 000 долларға курс сатып алдық. Әрине, бұл үшін мен тағы да несие алдым”, – деп бөлісті ару. 

Фото: Анель Гарифуллинаның жеке архиві

Қазақстандық бойжеткен ағылшын тілін бұрыннан жақсы меңгерген. Соған қарамастан ол тіл мен сервис курстарын оқып, кейін түйіндеме жіберіп, жұмысқа қабылданған. 

“Міне, елімнен кетуімнің негізгі себебі – осы. Үсті-үстінен жиылып қалған несиелерімді Қазақстандағы жалақымен жақын арада өтей алмайтынымды ұқтым. Тіпті ұзақ жылдар бойы төлесем де, жабу қиын болар еді. Сондықтан шетелге шығып, ақша тауып, несиелерімді жауып, тарықпай өмір сүргім келді. Билет ала беруіңе болады деген кезде бірден жақын арадағы рейске төлеп тастадым. Барынша тезірек жеткім келді”, – деп бөлісті ол.

Ұшу билеті, тұру мен тамақ тегін: Мальдив аралдарындағы қызмет

Анель аралдағы алғашқы жұмыс кезеңінде ағылшын тілін білсе де сәл қиналғанын жасырмады. Айтуынша, мұнда әлемнің түпкір-түпкірінен түрлі ұлт өкілдері келетіндіктен олардың акцентін түсіну оңай болмапты. 

Фото: Анель Гарифуллинаның жеке архиві

“Мұнда қызметкерлер Индонезия, Таиланд, Үндістан, Шри-Ланка, Филиппин сияқты елдерден жиналған. Сондықтан тілде түрлі акценттер бар. Дегенмен бірнеше айда мұны да үйреніп алдым. Қазір жақсы сөйлеймін. Одан бөлек, аптап ыстыққа үйренісу қиын болды. 

Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Міндетім – аралға демалысқа келгендермен араласып, олардың демалыстарын жайлы, қызық ету. Біздің аралда 4 түрлі мейрамхана бар. Түрлі шаралар бар. Осылардың барлығын қонақтарға ұсынып, ыңғайлы уақытқа кесте құрып, жеке ассистенттері секілді демалыстарына барынша жайлы жағдай жасауым керек. Кейбір қонақтар снорклинг, делфиндерді көру, судағы таңғы асты қалап жатады. Менеджердің бөліп беруіне қарай бір сәтте 10-15 виллаға қарауым мүмкін. Күн сайын келушілердің хәлін сұрап, көрісіп тұруым қажет. Олар өз ризашылықтарын айтып, жақсы шайпұлдарын қалдырса, қуанып қаламын”, – деп баяндады Анель. 

Қазақстандық бойжеткен мұнда жоғары жалақыдан бөлек, ең маңыздысы халықаралық тәжірибе алып жатқанын айтады.

“Қатты шаршайтын кездерім де болады. Бірақ бұл да маусымға байланысты. Мәселен, жазда ыстық болғасын қонақтар аздау болады. Бұл кезде жұмыста ішіміз пысқан сәттер де болды.

Ал қазір нағыз маусым болғандықтар келушілер жетерлік. Сондықтан кішкене шаршаймын. Сосын жаңбырлы маусымда жұмыс істеу қиындау. Себебі біз гольфкар көліктерін айдаймыз. Жаңбырлы күндері оларды жүргізу сәл ауыр”, – деп қосты ол. 

Ару желіге салған видеоларында Мальдивтегі табысы 3 500 – 5000 доллар екенін жазған. Бұл теңгемен 2 миллион теңгеге жуық. 

 

@anelyamaldives Жиза или жиза? Вот в чем вопрос🤣😭 Пиши в директ, если тоже хочешь начать работать здесь, я расскажу тебе подробнее✅ #работанамальдивах #мальдивы #работазаграницей #путешествие ♬ original sound - LOLA YOUNG LIVE

“Мальдивтықтар бірдеңенің артынан қуып, жағдай жасауға таласпайды”

Анель аралда тұру көбі ойлайтындай қызықсыз, іш пыстырарлық емес екенін алға тартты. Айтуынша, бұл елдің халқынан көп нәрсені үйренуге болады. 

“Көрші аралдарға, астанасы Малеге жиі барып тұрамын. Демалыс күндерімді қалағанымша өткізе аламын. Суға арналған түрлі бағдарламалар бар. Жүзуге баруыма болады. Қаласам бөлмемде тынығамын. Мұның барлығы маған жақсы энергия береді.

Ал мальдивтықтар өздерін өте бос ұстайды. Оларға көп нәрсе қажет емес. Бәлкім бұл олардың мәдениеті мен менталитетіне де байланысты шығар. Мұнда халыққа аса көп нәрсе қажет емес. Олар балық аулайды. Cол балықтан кешкі ас жасайды. Осындай өмірлеріне көңілдері тоқ. Бірдеңенің артынан қууға, үлкен материалдық жағдай жасауға таласып, асықпайды. Осы өмірлеріне риза, көңілдері жайлы”, – деп қорытты ару.

Талқылау