"Төрт дипломым бар, бірақ аспазбын": Не себепті азаматтарымыз мамандығы бойынша жұмыс істемейді?
Желіде қазақстандық жастар университетте оқып, білім алғанымен мамандық бойынша жұмыс істемейтіндерін айтып, қызу талқылады. Бірі инженер, бірі, физик, бірі дәрігер бағытында оқыса да, кейін олар аспаздық, құрылыс пен жеке кәсіпке көшкен. Айтуларынша, өз мамандықтарынан жаппай бас тартудың негізгі себебі – жұмыстың жоқтығы мен аз жалақы. Диплом бойынша емес, табысы көптеу саланы таңдағандар Stan.kz тілшісіне оқиғаларын бөлісті.
Фото: Stan.kz
“Медицинада 7 жыл оқып, бітіретін кезде шығып кеттім”...
26 жастағы алматылық Нұрғиса Жарасбаев медицина саласында 7 жыл оқыған. Ол жалақымен өмір сүрудің қиын екенін түсініп, оқуын бітірер кезде университеттен шығып кеткен.
“2015 жылы мектепті бітіргеннен кейін “Жалпы медицина” мамандығына тапсырдым. Басында осы салаға деген қызығушылық, қалау мен мақсат болды. Төрт жылдай теория оқып жүргенде бәрі жақсы сияқты көрінді. Кейін практикалық жұмыстар басталғанда ауруханаларға бардық. Сол кезде дәрігерлердің айлықтары, жұмыс жағдайлары қалай екенін көре бастадым. Жүйе менің көңілімді қалдырды.
Университетте оқуым біткенше жүрдім. Ал оқуым бітіп, енді тек мемлекеттік емтихан қалған кезде тапсырмай шығып кетемін деген ой келді. 7 жыл оқып бітіру күні жақындағанда шығып кеттім”, – деді Нұрғиса.
Алматылық азамат мұндай шешімге келерде қорқыныш пен сенімсіздікті сезінгенін жасырмады.
“Оқып жүргенде хобби ретінде бір іспен айналысқан едім. Оқуды тастаған кезде сол жолға толығымен кетіп, кәсіп бастадым. Осы жақтан көбірек мүмкіндік көрдім. Естуім бойынша, медицинадағы курстастарым максимум 300 мың теңге айлық алады. Ал тәжірибелері барлардың жалақысы әрі кетсе 500 мың теңге екен. Дегенмен мұның өзі сирек кездеседі. Ал кәсіпте бұдан бірнеше есе көп табамын. Өмір сүруіме толықтай жетеді”, – деп қосты ол.
Нұрғисаның айтуынша, елімізде мамандық таңдау кезінде түсіндірме жұмыстары дұрыс жасалып жатқан жоқ. Оның үстіне жұмысқа орналастыру сияқты түрлі жүйені өзгерту керек.
“Көбі өз мамандығын жақсы көрсе де, жүйе, жалақы деген нәрселерге қарап, ойланып жатады. Сол үшін адам жауапкершілікті өзіне алып, басқа мүмкіндіктер іздейді деп ойлаймын. Бәрі ақшаға келіп тіреледі ғой. Дәрігерлер, мұғалімдер сияқты мемлекеттің қол астында жұмыс істейтіндердің барлығында жалақы аз. Мұндай табыс қазір елімізде өмір сүруге мүлдем жетпейді. Мәселен, мен қазір үйленгенмін, бала-шағам бар. Ал медицина саласында берілетін айлық оларды асырауға жетпейді”, – деп қорытты ол.
“Астрономия, физика, IT мамандығын игердім. Аспаз болып жұмыс істеймін...”
Алматылық 27 жастағы Диана Сейітхан – төрт дипломның иесі. Ол тіпті шетелдік университеттен де білім алып келген.
Фото: Диана Сейітханның жеке архиві
“Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да астрономия мамандығында бакалавр, жылу физикасы мамандығында магистратура оқыдым. Санкт-Петербургта ақпараттық технология мамандығында магистратураны бітірдім. Сол арада Финляндияда да білім алдым. Барлығын 2022 жылы аяқтадым.
Ал қазір Алматыдағы мейрамханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істеймін. Бұл салаға өзім қызықтым. 2020 жылы карантин уақытында үйде болғанымда жақындарыма түрлі тағамдар дайындай бастадым. Сол кезде осы салаға өзімнің қызығушылығым бар екенін түсіндім. Ата-анам да қолдады. Мейрамханалар желісінде алдымен түрлі тәжірибелерден өттім. Кейін жұмысымды бастап кеттім”, – деді ару.
Диана өз мамандығына аса қызығушылығы болмаса да, жұмыс іздеп көргенін алға тартты.
“Лабораторияда болсын жұмыс істегім келді. Бірақ айлық өте аз болды. 120 мың теңге ғана ұсынды. Кейде денем қазіргі жұмыстан физикалық тұрғыда шаршағанда таныстарымнан жұмыстарыңда бос орын бар ма деп сұрап тұрамын. Жақында ғана университеттен жарты күнге жұмыс ұсынды. Бірақ айлығы 70 мың теңге екен.
Ал мен қазір аспаз болып жүріп 450 мың теңгедей тауып жүрмін. “Мәселе ақшада емес” дегеннің өзінде егер мамандығыммен жұмыс істесем, аз айлыққа өмір сүру керек болады. Ал бірге оқыған достарым қазір сол оқу орындарында 150-200 мың теңгеге жұмыс істеп жүр. Пәтер жалдап тұратындықтан жалақының жетпейтінін айтады”, – деп қосты ол.
Алматылық ару бірнеше дипломы болса да, аспаз қызметінде жұмыс істеп жүргенін сынайтындар бар екенін жасырмады.
“Ойлана келе “неге жаным қалаған жұмысты істемеске?” деген ой келді. Айналамда адамдар дипломдарыма қарап, сыртымнан түрлі пікірлер айтады. Бірақ мән бермеуге тырысамын. Болашақта өзімнің жеке наубайханамды ашқым келеді. Қазір жұмыс істеп жүрген мейрамханада тәжірибе жинап жүрмін. Жұмыс физикалық тұрғыдан қиындау болса да, жаным қалаған жұмыс болғандықтан шаршамаймын.
Жастарға мектеп кезінен өз артықшылықтары мен қырларын зерттесе деп ақыл айтқым келеді. Сосын барлығы сияқты “грантқа түсіп оқып алсам болды” деп емес, асықпай тіпті мектеп бітіргеннен кейін де үзіліс алып, қандай салаға қызығатынын жақсылап зерттеген дұрыс”, – деп қорытты ару.
“100 мың теңгеден асатын жалақы алғанша, құрылыста кран айдаймын”
Ал 22 жастағы алматылық Нұрдәулет Сейілбек инженер-технолог мамандығын бітіргенімен жұмысқа орналаса алмай жүргенін алға тартты.
Фото: Нұрдәулет Сейілбектің жеке архивінен
“Қазақ бас сәулет құрылыс академиясын былтыр бітірдім. Негізінде университетке құжат тапсырар кезде осы мамандықты таңдауға кеңес берді. Басында қызық болмап еді, алайда 2-3-курстарда кәсіби бағдарламаларды оқыған кезде ұнай бастады. Оқуымды осы салада жұмыс істеймін деген құлшыныспен бітірдім.
Бітірген соң он шақты түйіндемемді шығарып алып, Алматыдағы барлық құрылыс саласындағы компанияларды араладым. Алайда оның біреуі де мені қабылдаған жоқ. Өйткені барлығы тәжірибемді сұрайды. Ал оқуды енді бітірген адамда тәжірибе қайдан болады?
Соңғы компанияға барғанымда сондағы адам шындықты бетіме тіке айтты. “Саған қазір минимум 1 жылдық тәжірибе немесе танысың болуы керек. Онсыз сені ешқандай жер қабылдамайды” деді. Содан кейін амал жоқ басқа жұмыс істеуге тура келді”, – деді ол.
Нұрдәулет ойлана келе жалақысы жақсырақ, құрылыс саласындағы басқа қызметке орналасқан.
“Қазір өз мамандығыммен емес, құрылыста кран айдаушы болып жұмыс істеймін. Өзімнің инженер-технолог мамандығымда 1 жыл тәжірибесі жоқтарға 100 мың теңгеден асатын жалақы төлейді екен. Бұл ақшаға Алматыда өмір сүру өте қиын. 500 мың теңгені біршама жыл тәжірибесі барларға ғана беруі мүмкін. Бірақ мұның өзі екіталай.
Ал қазір мен кран айдау арқылы 600 мың теңгедей тауып жүрмін. Басқалармен салыстырғанда бұл жақсы табыс деп есептеймін.
“Еліміздегі жүйеге көңілім толмайды. Жаңадан бітірген студент қайда барарын білмейді. Барған жерлері бірнеше жылдық тәжірибені сұрайды. Ойлаңыз, оқуды енді бітірген адам не істейді? Тәжірибені қайдан алады? Қарап тұрсаң, миға қонымсыз нәрсе. Сондықтан үкімет оқуын енді бітірген жастарға қолдау берсе деймін”, – деп қорытты ол.
“Жастардың кәсіпке кетуін сынай алмаймыз”
EPG адами капиталды дамыту қорының басшысы Досым Бесбайдың айтуынша, елімізде жастарға дамуға түрлі мүмкіндіктер бар.
“Біз Кеңес одағы кезіндегідей жағдайды қаламаймыз ғой. Ол кезде мемлекет барлығын өзі беріп отырды. Яғни азаматтар өздерінің қалаған бағытына кете алмады. Мемлекет ұсынған жұмысты істеді.
Ал қазір елімізде жастардың дамуына мүмкіндіктер бар. Әрине, келісемін оқу бітіре сала жұмысқа орналасып кету қиындау болады. Себебі көп жұмыс орындары тәжірибе мен оның мүмкіндіктеріне қарайды. Сол үшін студенттерге 3-4-курстан бастап түрлі орындарға барып, тәжірибеден өтіп, өздерін шыңдауды бастаңдар деп кеңес берер едім.
Кез келген компанияға жұмысқа тұрғаннан соң 6 ай күтіп шыдасаңыз, айлықтың өскенін байқауға болады. Жалақы мөлшері жұмысшының қаншалықты маман ретінде өскеніне де қарай беріліп отырады”, – деді ол.
Маманның айтуынша, жастардың жаппай өзге салаға бетбұрысы экономикаға еш кері әсерін тигізбейді.
“Жастардың өз мамандығында емес, басқа салада жұмыс істеуінде тұрған ештеңе жоқ. Қазір жастар өздеріне қолайлы жерді іздейді. Нарықтағы өзге де еңбек түрлерінің көбеюі экономикаға керісінше жақсы көрсеткіш береді. Себебі олар осылайша жұмыс орындарын көбейтіп, өзге де адамдарды тартуға үлес қосады. Кәсіптің өсуі экономиканың да өсіміне әсер етеді. Кәсіп көптеген жаңа бастамаларға жол ашады. Сондықтан жастардың кәсіпке кетуін сынай алмаймыз”, – деп қорытты ол.