"Пәтерін жалға беретіндер не үшін үкіметке ақша төлеуі керек": Желіде қазақстандық тағы бір салық түріне шағымданды
Желіде қазақстандық пәтерін жалға беретіндердің не үшін үкіметке салық төлеуі керек екеніне шағымданды. Айтуынша, онсызда пәтерді ипотекалық бағдарламамен әрең алған азаматтар, “ең болмағанда өзін өтесін”, деп жалға берген кезде үкімет ол үшін де салық төлеуді міндеттейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видео кадрларынан
TikTok қолданушысы өзінің шағымын желіде жариялап осы тақырыпты қозғады.
“Қазақстанда пәтерді жалға беру мәселесі туралы айтайын. Бізде пәтерді жалға берушілерге салық енгізілді. Яғни, пәтер иесі жұмыс істеп, талмай еңбектеніп жүріп баспана алу үшін ипотеканың бастапқы 20 пайыз салымын жинайды. Кейін пәтерін ең болмағанда ипотеканың ай сайынғы қарызын жауып тұрсын деген мақсатта жалға береді. Дәл осы кезде мемлекет: “Тыңда қыбаттым, жалға бергеннің ақшасының үлесін де бізге бересің” дейді.
Менің түсінбейтінім, сонда мемлекет енді жеке адамның, пәтер иелерінің қалтасын санауға көшті ме? Сіздер үкімет кезінде баспана ала алмай қиналғанда еш көмек бермедіңіздер ғой! Бастапқы алғашқы 20 пайыздық немес 50 пайыздық жарна ақшаны үкімет бөлген жоқ қой! Ал неге жалға берушілерге тиісесіздер?
Бізде миллиард айыппұлдар мен салықтар онсызда жеткілікті. Бірақ жалға беру бұл тіптен шегі… Ең болмағанда 5-10 мың доллар жалақы төлейтін Еуропада, Америкада өмір сүріп жатқан жоқпыз. Әрине ол жақта да пәтерлер қымбат шығар. Бірақ бұл енді мүлде басқа тақырып”, – деді ол.
Желі қолданушылары да бұл тақырыпты қызу талқылады.
“Үкімет жерімізді АҚШ-қа жалға беріп отыр ғой, онда халыққа дивидент төлесін”, “Әр кез қарапайым халық қиналады. Байларға емес, тек қарапайым адамдарға ғана әлдері келеді”, “Олар тек біздің қалтамызды қанайды”, – деп жазды пікір қалдырушылар.
Stan.kz тілшісі осы сауалға байланысты Қаржы министрілігінен сұрап көрді. Министрліктің айтуынша, жалға беру бәрібір де кіріс болып табылады.
“Салық кодексіне сәйкес азаматтардың мүлікті жалға беруден түскен табыстарына салық салынады. Бұл норма да Конститутция мен Салық кодексіне енгізілген. Жалпы, барлық азаматтарды салық міндеттемелерін уақтылы орындауға шақырамыз. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда және салық төлеушілерге салық міндеттемелерін орындаудың әртүрлі ыңғайлы тәсілдері бар”, – делінген хабарламада.
Министрліктен бұл салықтан босатылатын азаматтар санаты бар ма деген сауал жолдаған едік. Алайда баспананы жалға бергендер арасынан ешкім бұл салықтан босатылмайтыны айтылды. Бірақ салық салынатын табысты айқындау кезінде төлеушілер 342-бапқа сәйкес шегерімдерді қолдануға құқылы.
Осы тұста министрлік салық міндеттемелерін орындаудың бірнеше нұсқасын ұсынды:
- Пәтер иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп таңдалған салық режиміне байланысты төлей алады;
- Тұрғын үй иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуі мүмкін. Бұл ретте кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларацияны (270.00-СЕН бұрын 240.00-СЕН) тапсыру және алынған табыс сомасының 10% -ын төлеу жолымен салық міндеттемелері орындалады;
- Пәтер заңды тұлғаға тапсырылған жағдайда, салықты ұстап қалу және төлеу заңды тұлғаға 10% ставка бойынша жүктеледі.