"40 жыл мұғалім болған": Желіде тақтаға шығып, есеп түсіндірген 93 жастағы ұстаз туралы не белгілі
Желіде БҚО-лық 93 жастағы мұғалімнің видеосы тарап, қазақстандықтарды тәнті еткен еді. Stan.kz тілшісі ұстаздың еңбек жолы мен қызметі туралы Оқу-ағарту министрлігінен сұрап білді. Бар ғұмырын ұстаздық жолға арнаған Набия Тлепбергенова – 9 баланың анасы. Ол өзінің немере-жиендерін ҰБТ-ға дайындап, грантқа түсуге көмектескен. Бүгінде немере-жиені Англияда “Болашақ” бағдарламасымен үздік оқып, Швецарияда жұмыс істейді.
Фото: видео кадрларынан скрин
Набия Тлепбергенова Жалпақтал ауданында туған. Ол 1931 жылдың 5 желтоқсанында қарапайым отбасында дүниеге келген.
“Әкесі соғысқа аттанып оралмаған, анасы ауылда жұмысшы болған. Ол Фурманов орта мектебінің жанындағы "пансион" интернатында тәрбиеленіп, мектепті үздік бітірген. Кейін ұстазының ақыл-кеңесімен Ақтөбедегі мұғалімдер даярлайтын қыздар педагогикалық институтының математика факультетіне түсіп, "Гоголь" атындағы степендиямен үздік ақтаған. Ақтөбе каласында ұсынылған жақсы лауазымдық жұмыстарға қарамай, өзі туған Жаңақала ауданы, Маштексай ауылына барып, өзі бітірген мектебінен алғашқы еңбек жолын бастаған”, – делінген ведомство хабарламасында.
Еңбек жолдары:
- 1954 -1959 жылға дейін Маштексай орта мектебінде;
- 1959-1960 жылдары Айдархан орта мектебінде;
- 1960-1962 жылдары Жаңақазан, Киров мектебінде;
- 1962-1990 жылдары Маштексай ауылы С.Меңдешев орта мектебінде математика пәні мұғалімі қызметін атқарды.
Ол өмірлік жары Тілепбергенов Төлеуғалимен 30 жыл отасқан (жары 2002 жылы өмірден өтті). 9 бала өсірген "Алтын алқа" иегері, одан өрбіген немере-жиендерінің ортасында бақытты ана. Дүниеге келген 9 перзентінің үшеуі дүниеден өтіп, қалған перзенттері жоғары білім алып, өз салаларында қызмет атқарып келеді.
“Бұл күнде Набия Тлепбергенова әр шәкіртінің өздерінің қалаған орындарында кірпіш болып қаланып ата-әже болып отырғанын мақтанышпен еске алады. Оның оқушалары лицей директоры, профессор, өз мамандықтарының үздіктері атанған.
Күні бүгінге дейін немере-жиендерінің математика пәнінен есептеріне көмектесіп, мемлекеттік емтихан, ҰБТ-ға дайындықтарына атсалысады. Бос уақытында немересімен ылғи логикалық, геометрия, алгебра есептерін шығарады. Осының нәтижесінде әжелерінің қанымен дарыған білімге, математикаға деген қызығушылықтарының арқасында барлық баласы мен немере-жиендері жоғары оқу орындарының "грант иегерлері" мен магистранттары атанған”, – делінген хабарламада.
Немере-жиендерінің бірі "Болашақпен" Англияда білім алып, қазір Швецария елінде докторантурасын және ғылыми жобасын "қызыл дипломмен" аяқтап, шетелде еңбек етіп жатыр.
Набия Тлепбергенова – "Еңбек ері" ордені мен алтын құрсақты ана ретінде "Алтын алқа" төсбелгілерінің иегері. 2024 жылы осы түлектері 40 жылдық кездесу шарасына ұстаздарын құрметпен шақырған.
2024 жылы Орал қалалық ардагер кәсіподақ төрағасының "Халық құрметі" төсбелгісімен және "Жаңақала ауданының құрметті Азаматы" төсбелгісімен марапалған.
Еске салсақ, Желіде математикадан сабақ берген 93 жастағы кейуана қазақстандықтарды тәнті еткен еді. Ол – БҚО-лық Набия Тлепбергенова.